Газет бетінде дерттен айыққан балалар туралы жазатынымызды оқырмандар жақсы біледі. Бүгінгі кейіпкеріміз – Айбек Жебеген. Бір басында бірнеше өнер тоғысқан жас талант. Алты жасында Ермек Тұрсыновтың «Кенжесінің» балалық шағын сомдаған. Сол жылы киноға қалай келгенін «Ұланға» да айтып беріпті. Былтыр Айбектің белгісіз сырқаты ешкімді бей-жай қалдырмады. Отандық дəрігерлер нақты емін таба алмай, Кореяға жіберді. Бір жылға жуық ем-дом алып, сырқатынан құлан-таза айығып, елге оралды. Анасы Венера ханыммен əңгімелесіп, Айбекке тілекші екенімізді білдірдік.

– Айбектің сырқатын былтыр көктемде білдік. Бір күні қатты іші ауырып тұрғанын айтты. Қаладағы барлық аурухананың есігін тоздырдық. Жекеменшік емханаларға да қаралдық. Дəрігерлер гастрит деген диагноз қойды. Бірақ ішінің ауырғаны басылмады. Ұзақ емделсек те, ештеңе көмектеспеді. Бір күні іші ауырғанда, жедел жəрдеммен ауруханаға жеткіздік. Екі апта бойы ем қабылдадық. Нəтиже болмады. Дəрігерлер томографиялық тексерістен өткіземіз деді. Содан кейін баланың бір өкпесінде су жиналғанын, екінші өкпесіне де жиналып жатқанын айтты. Екі өкпеге де су жиналса өліп кетуі мүмкін еді. Қорытындыны ести сала жансақтау бөліміне жатқыздық. Ол жақта бір апта жатты. Өкпесіндегі суды шығарып, түрлі сараптамалар алынды. Қатерлі ісік жасушаларын жою керек болды. Ұлым күнде жылап, тамақ ішуден қалды. Бұл 2018 жылдың 15 наурызы еді. Отандық медицинаның күші жетпегендіктен, шетелден емханалар іздедік. Баланы Кореяға апару үшін біраз қиындықтар болды. Еуропаның біраз қаласына хат жолдадық. Американы ғана қарамадық.

Ол жаққа қаражат жетпеді əрі алыс еді. Бізге тиімдісі, жақыны əрі арзаны Оңтүстік
Корея болды. Кореялық дəрігерлер төртінші деңгейлі қатерлі ісікті анықтады. Медицинада «альвеолярлық рабдомиосаркома» деп аталады. Осы күннен бастап өмірімізде ең ауыр кезең басталды. Ұлым үш ай бойы ауруханада арнайы аппаратпен жатты. Өкпесіндегі суды шығару үшін күн сайын ем алдық. Баланың жағдайы ауыр еді. Бұл диагнозға ота жасамай-ақ химиялық терапиямен емдеуді ұсындық. Біз барлығына келісім бердік, – дейді Айбектің анасы.

Кореяда мерекелік кеш жүргізді

Венера ханымның айтуынша, бір күндік емнің құны 100 мың теңге болыпты. Айбектің сауығуына себепші болған отбасы мен ағайындарынан бөлек,
халықтан жинаған қаражат екенін жасырмайды.

– Үш ай бойы арнайы аппаратпен өкпеге ауа жіберді. Апта сайын химиялық терапия қабылдадық. Үлкендер сегіз терапия алса, Айбек отыз бес химиялық ем алды. Ауруханадан шығып, жақын маңнан пəтер жалдадық. Апта сайын ауруханаға 8000 доллар төледік. Ағзасы əлсіреп, химияның қорытындысы нашар болды. Дəрігерлердің шешімімен сəулелендіру терапиясына жазылдық. Бұл ем əлемнің төрт мемлекетінде ғана бар. Өте ауыр ем түрі болғанымен, шипалы екен. Баланың ағзасы жас болғандықтан мүгедек болып қалуы мүмкін деп ескертті. Жүрек пен ішек, асқазанына зақым келеді деді. «Самсунг» деген емханаға жазылып, көмектесетін адамдар таптық. Олар емнің бағасын түсіріп, күніне 2000 доллар төлеп тұрдық. Химиялық емді де қатар алдық. Екі емхананың арасына ақшаны үнемдеу үшін метромен қатынадық. Жаңа жылды Кореяда қарсы алдық. Айбек өзін нашар сезінсе де, барынша көңілді жүрді. Жаңажылдық кеште
жүргізуші болды. Барлығы ұлымның ерік-жігеріне, талантына тəнті болды.
Жанымызда аудармашылар жүрді. Өзі ойындар ұйымдастырды, – дейді өнерлі баланың анасы.

Ұзақ емнен кейін ұлы мен анасы 2019 жылдың сəуірінде елге оралды. Шілдедегі
қорытынды оларды қатты қуантты. Химиялық емнің арқасында құлан-таза айығып шығады. Дəрігерлер де өміріне қауіп жоқ екенін айтыпты.

– Біз үлкен сынақты бастан өткердік. Қазір ұлымыздың жазылғанын жариялап айтқымыз да келмейді. Айбектің соңғы терапиясы өте ауыр болды. Ортамызға оралмай қалуы да мүмкін деп дəрігерлер кесіп айтты. Өзі де əлсіреп, екі апта жатты. Қазір ол күндерді еске алмауға тырысамыз. «Көп түкірсе – көл» деген. Көмектескен халыққа алғыс айтамын. Əли есімді кəсіпкер жігіт екі миллион берді. Үйге келіп, Айбектің жағдайын көзімен көрді. Айбектің армандары мен халықтың қолдауының арқасында осы дертті жеңіп шықтық. Қазан айында Кореяға барып тексерілеміз. Нəтиженің де сəтті болатынына сенеміз, – дейді Венера ханым.

Айбекті сұрап, анасына «Ұланнан» екенімізді айтқанда бірден сұқбатқа келісті. «Төрт жыл бұрын шыққан еді. Біз газетті əлі күнге дейін сақтап жүрміз. Ол кезде Айбектің жасы сегізде болатын», – деді.

Оның жаны өнерге жақын. Пианино мен сырнайда ойнай алады. Домбыраны да үйреніп алған. «Келіншек», «Кеңес», «Тепеңкөк» сияқты күйлерді орындайды. Хор мен сольфеджио үйірмесінің белді мүшесі. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян тілдерінде əн шырқайды. Сүйікті музыкалық аспабы – фортепиано. Кішкентай
кезінде анасы да сол аспапта ойнапты. Бірнеше өнерді меңгерсе де, құрылысшы болуды армандайды. «Үш қабатты үй саламын. Есік алдына хауыз салып, əткеншек орнатамын. Əдемі үй соғатын құрылысшы боламын», – дейді өзі.
Анасы да баласының талабын қолдайды. Ақ жол, Айбек!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз