Иә, сонымен Алакөлге барып қайттық.Алакөлден көп нәрсе алып қайттық. Айтыскер болу үшін талант жеткіліксіз. Бұл өнердің шыңына шығу үшін мол тәжірибе мен дайындық керек. Елімізде айтыскерлердің аса көп болмауы осыған байланысты шығар. Бұрын жан-жақта жүріп, тек аламанда бас қосатын айтыскерлердің бүгінде өз одағы, басшысы бар. «Айтыс ақындары мен жыршы-
термешілердің Халықаралық одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған. Төрағасы – Жүрсін Ерман. «Ел айбыны, жыр айдыны – Алакөл» атты
республикалық ақындар айтысында ІІ орын алған, халықаралық қазақ-қырғыз айтысының бас жүлдегері Рүстем Қайыртайұлының есімі айтыссүйер қауымға
жақсы таныс шығар. Алакөлдегі айтыстан соң ақын Рүстем Қайыртайұлымен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Ақын болып қалыптасуыңызға қандай орта әсер етті? Балалық шағыңыз қалай
өтті?

– Тарбағатай тауының етегінде өстім. Балалық шағым жақсы өтті. Менің бақытты бала болғаным сондай, әлі күнге дейін сол балалық сезімнен арыла алмай келе жатқан
сияқтымын. Көп нәрсені балаша ойлаймын, балаша сенем, балаша қуана алам. Көп адам
уақыт өте келе балалығын ағалыққа, ағалығын даналыққа айырбастайды. Ол да керек шығар. Бірақ, менің ойымша, қара жерге барғанша балалық адамның қаруы бола алады. Бұл өмірдегі оқиғалар мен құбылыстарға балаша қуанбасаң, балаша сенбесең, бір бақытың кем боп тұратын сияқты. Ата-анам ұстаз болған, ақын болған адамдар. Әжеміздің өзі ауылдың бас ақыны болған екен. Кезінде Мұхамеджан, Бекарыстармен айтысқан екен.

– Өлең-жырға жақындығыңызды қашан байқадыңыз?

– Тілім шыға сала ақын болып кеттім деп айта алмаймын. Бастауыш сыныпты бітірер
тұста бірдемелерді ұйқастырып жүретінмін. Әкем өнерге жақындығымды байқаса керек, қай жерде айтыс бар, қай жерде өнерлілердің жиыны бар, іздеп жүріп ертіп апаратын. Қыста трактормен, жазда арбамен баратынбыз. Кейін өзім де өлең жазып, сахнаға шығып айтыскер болып кеттім.

– Қалай ойлайсыз, адамның балалығын сақтап қалуына болмысы әсер ете ме, әлде тәрбиесі мен ұстанымы ма? Қазіргі балалар тез есейетін сияқты…

– Ата-ананың саған еккен дәнегі, бала күніңде жасаған күтімі әсер ететін шығар. Баланың бала екенін, аға екенін, дана екенін ата-анасы мен қоршаған ортасы түсіндіру керек. Әрбір ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды. Сәби өмірге келгеннен бастап оны бақытты бала ету үшін барын салады. Бірақ қазір көп ата-ана балаларын бақытты ету үшін
дүниәуи нәрселерге көп көңіл бөледі. Қымбат киім, тәтті тамақ, жақсы телефон, қалағанын
әперу баланы бақытты етеді деп ойлайды. Шын мәнінде баланың бақыты – ата-ананың
махаббатына бөлену, қолдауын сезіну.

– Айтыскер болу кәсіп емес қой. Жоғары біліміңіз бар ма? Қай саланың маманысыз?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін
тәмамдағанмын. Магистрлік білімім де осы салада. Бірақ, журналист болып қызмет еттім, бұл салаға еңбегім сіңді деп айта алмаймын. Айтыскер болған соң аламанға дайындалу үшін шығармашылық демалыс алу керек, шақырған айтысқа бару керек дегендей. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген сөз бар. Алдымен айтыста биік шыңды бағындырып, шегіне жеткізсем деген ойым бар. Содан кейін журналистикаға шындап кірісетін шығармын.

– Айтыс сізге не берді?

– Айтыс деген – жан рақаты, менің хоббиім. Қоғамға өзіңді танытудың бір тәсілі. Ойыңды,
пікіріңді жеткізуге мүмкіндік беретін алаң. Айтыспен сапалы түрде айналысамын деп айта
алам. Аптаның екі күнінде кітапханада отырамын. Архив ақтарамын.

– Рүстем аға, сіз қазір алдыңғы буын мен жастардың ортасындағы өтпелі кезеңде тұрған сияқтысыз. Үлкендер жастарға, жастар алдыңғы толқынға өкпе-наз, сын-ескертпелерін айтып жатады. Сіз қай жағындасыз?

– Өзім де осы жауапкершілікті сезініп жүрмін. Абылай ханның заманында, Абайдың дәуірінде де үлкеннің кішіге, баланың кәріге көңілі толмаған ғой. Бұл – заңды құбылыс, қағида. Шығармашылықтың да, қоғамның да дәл ортасында тұрмын. Алдымда Дәулеткерей, Серікзат, Айбек Қалиев ағалар бастаған алыптардың буыны, артымнан Мейірбек, Аспанбектердің толқыны қуып келеді. Өзімді айтыстың «алтын көпірі» сезінем. «Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме?» дегендей, жастарға көңілім толмайды деп айта
алмаймын. Жас толқын айтысқа шапшаңдық, сөз ойнату, жаңашылдық әкеп жатыр. Бізге
қарағанда нақты, әдемі теңеу табуға келгенде де алдарына жан салмайды. Қоғам оларды
жақсы қабылдайды. Жастарды сынағанша, олардың бағытын, техникасын үйренуіміз керек. Тарихымызды, дәстүрлі айтысты да шет қалдыра алмаймыз. Олардан да үйренеріміз көп.

Айтыста сөз бостандығы бар

– Айтыскерлер одағына мүше екеніңізді білеміз. Құрылғанына қуандық. Алайда, жазушылар, журналистер одағының деңгейіне жете қоймады. Одақ немен айналысып жатыр?

– Әрине, әлі ондай деңгейге жете қоймадық. Бар шаруамыз – айтыс пен терме өткізу, айтыскер ақындарды қадағалау, айтыс ұйымдастыру, оны қаржылық жағынан басқару. Айтыс сайын миллион ұтып, көлік мініп жатқанмен, айтыскерлер деген жалпы бай халық емеспіз. Одаққа жарнамызды төлеп, жұмысын жандандыруға тырысып жатырмыз. Одақ құрылғалы экономикалық өрлеу болды деп те айта алмаймын. Айтыскерлер алған жүлдесінің 10 пайызын қорға аударады.

– Айтыскерлер құқықтық жағынан қалай қорғалады?

– Басқа салаға қарағанда айтыста сөз бостандығы бар деп айта аламын. Аллаға шүкір
дейміз. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Кейде айтпа деген дүниені арқаланып кетіп айтып та қоямыз. Барма деген жерге барып қоямыз. Халықтың адамы болған соң, аман жүрміз. Айтыскерлер одағында арнайы осы мәселемен айналысатын заңгерлер бар.

– Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қоғамда қандай мәселе алаңдатады?

– Тіл мәселесі алаңдатады. Қарапайым дүние – қазақтың төл теңгесі тек қазақ тілінде
шықса ғой. Ақша керек болса, «теңге» деген сөзді бәрі үйренеді. Қазақ мектебінде
оқитын балалардың қоңырауда орысша шүлдірлеп тұрғаны қынжылтады. Қазақ тілін үйретуді мектептен бастайықшы. Осыны адамдардан, ата-анадан, бәрінен өтініп сұрағым келеді.

– Соңғы уақытта қоғамда терминология мәселесі туралы жиі айтылып жүр ғой. Мұның қазақ тіліне қандай әсері болады деп ойлайсыз?

– Терминдерді де, тілді де осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға сеніп
тапсырғанымыз жөн шығар. Олар өз тілдеріне өздері қиянат жасамаса керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

– Сізге де рақмет. «Ақ желкеннің» барлық оқырманына бақытты балалық тілеймін.

Дана МАРАТОВА

Суретті салған Е.Момбаев.

Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз