Мектепте оқып жүрген кезде бір сыныптасым күнде асханадан тамақтанатын еді. Сабақтан қайтарда да дүкенге бір соқпай кетпейтін. Өзі ұялы телефон алуды армандайтын. Ата-анасынан телефонға ақша сұрауға ұялатын. Бірақ, жаңа оқу жылында қолына армандаған смартфонын ұстап келді. Қалай дейсіз бе? Қаржылық сауаттылық туралы оқып- білгеннің арқасында…

Ауылда оқығандықтан қаражат жағынан қинала қоймадық. Қаладағы сияқты автобуспен жүрмейсің. Мектепке жаяу барасың. Ал Алматыға оқуға түскен сəттен бастап бəрі өзгере бастады. Жатақханада тұрғандықтан, сабаққа жаяу барып келеміз. Алайда апта сайын бауырларыма баруға қаражат кетеді. Одан бөлек азық-түлік, сабаққа керек оқу құралдары, тағы басқа біршама шығын бар. Екінші курста оқып жүргенде элективті пəн ретінде «Қаржылық сауаттылық негіздері» деген сабақты топ болып таңдадық. Сол сабақтан беретін ағайымыздың айтқан бір сөзі мені қаражатты дұрыс қолдануға үйретті десем болады. Ағайымыз: «Негізі
қаржылық сауаттылықты бала кезден бастаса, үлкейе келе ол əдетке айналады», – деген еді. Ендеше, қаражатты қалай дұрыс қолдануға болатынына тоқталайық.

Əртүрлі конверт арна

Қолыңдағы қаражатты дұрыс есептеп, орынды жұмсау да өнер. Кейде қолдағы барды толық бір айға дейін жеткізу мүмкін емес. Оған түрлі мысал келтіруге болады. Өз арамызда ақшасын жеткізе алмай, сабақтан бөлек жұмыс іздеп кеткендер де көп болды. Ақша қолға түскен сəтте-ақ бірден оны бөліп, əртүрлі конвертке салып отырған дұрыс. Конверттің сыртына не нəрсеге арналған ақша екенін жазып қою керек. Мəселен, азық-түлік, жол шығындары, коммуналдық қызмет деген сияқты…

Əр айдың соңында немесе басында есеп бер

Əртүрлі шығынды есептеп отыратын бір қойындəптер арнаған дұрыс. Себебі жоғарыда сөз болған конверттер діттеген мақсатына пайдаланылмай қалуы мүмкін. Сондықтан əр айдың соңында немесе басында қаржылық есеп жүргізуді ұмытпаған жөн.

Қаржыны картада сақта

Қазір ең ұтымды жол осы болып тұрғаны жасырын емес. Себебі үйде тұрған немесе əмиянда жүрген ақша ұры-қарының қолында кетуі мүмкін. Ақшаңызды картада сақтауға бел бусаңыз, ең бірінші кезекте картадағы қаражатты есептеп, оны қайда жұмсауға болатынын қойындəптерге жазып қойыңыз. Қаражатты банк картасында сақтайтын болсаңыз, карта жоғалған кезде немесе ұрлатып алған жағдайда оны банктің бөлімшесіне барып, қайта қалпына келтіруге болады. Банк картасына қаржы түскен немесе алған кезде ұялы телефоныңызға хабарлама келетін тетікті қосып алсаңыз да артық болмайды. Ол үшін банктің қызметкеріне ескертіп айтсаңыз болды. Ұялы телефонға көшіріп алуға болатын қосымшалар да жеткілікті немесе оны банктің сайтына кіріп жасауға болады.

Ұсақ тиындарды да дұрыс пайдалан

Ұсақ тиындарға бір құтыны арнап қойған дұрыс. «Теңге тиыннан құралады» деп
аталарымыз бекер айтпаған. Ұсақ тиындарды құтыға жинай берсеңіз, біраз қаржы
жиналады. Ол кейбір ұсақ-түйекке жетіп қалады. Сөз басында айтқан сыныптасым дəл осылайша ұялы телефонға қол жеткізген еді. Досым біраз уақыт сабақтан шыққан соң дүкенге соқпай, тек асханадан ғана тамақтанып жүрді. Ал жазғы демалыс аяқталып, сабақ енді басталғанда су жаңа ұялы телефон ұстап келді. Ол ақшасын тиындап жинаған екен.

Тізім жаса

Бұл да жоғарыда сөз болған өзіңе есеп беру əдісіне ұқсайды. Алайда екеуін шатастырып алмаған жөн. Бұл есеп берудің негізгі бір əдісі деуге болар. Дүкенге немесе супермаркетке кіргенде ойымызда жүрген заттардан тыс артық азық-түлік немесе киім-кешек алып қоюымыз мүмкін. Сондықтан дүкенге барарда тізім жасап алған жөн.

Балаға қаржыны дұрыс жұмсауды үйрету

Психологтардың айтуынша, бала жасөспірім шақта өте тез бейімделгіш келеді. Сондықтан осы шақта ақшаны дұрыс жұмсай білуге баулыған жөн. Сонда бала қаржыға тəуелді болмайды, керісінше, қаржыны басқаратын болады. Мұның қай-қайсысын да баламен орындау пайдалырақ. Тіпті, кішкентай кезден бастап ойын түрінде қаржыны басқаруды үйреткен жөн. Интернеттен қаржы саласына қызықтыратын сабақтар мен ойындарды қарап, баламен бірге орындау да пайдалы. Ірі компания немесе фирмалардың жұмысымен таныстырып, кəсіпкерлік жөнінде білімін көтергіңіз келсе, балаңызбен бірге «Монополия» ойынын ойнауға болады.

Дұрыс үнемдей білу

Қаржыны дұрыс үнемдеуге баланы ерте бастан үйреткен жөн екен. Бала деген жас шыбық сияқты, қай арнаға бұрса, сол арнаға барары анық. Үнемдеудің жолы
осы екен деп баланы оқудан немесе жаны қалайтын қызығушылығынан айырмаған жөн. Себебі қызығушылығын дамыту арқылы ойын ашық айта алатын азамат етіп тəрбиелеуге болады. Үнемдеу дегеніміз – баланы қаржыны дұрыс пайдалануға үйрету. Бала көрген заттарын сатып ала бергісі келетіні жасырын емес. Мұндайда бірден тыйып тастамай, дұрыс түсіндіре білген жөн. Қаржы жағынан «ұзын арқан күрмеуге» келмей тұрғанын сəл де болса түсіндіріп көруге тырысу керек. Болашақ жеке тұлға болғандықтан баланың жасөспірім шағында оның да жеке пікірі мен ойын сұрап қойған жөн. Ол бірінші кезекте баламен сырласудың алғышарты болса, екінші жағынан ата-анасының оның пікірімен санасатынына көз жеткізеді.

P.S. Балаңызды экономист немесе есепші етіп тəрбиелеу міндетті емес. Бірақ жақсы адам болып өсуіне, сапалы білім алуына, денсаулығына ата-ана жауапты екені анық. Əр нəрсенің шегі мен шеті бар екенін бала кезден түсініп өскен болса, ол кейін тапқан-таянғанын пайдалы іске жұмсайды. Кішкентай демей, қолына тиын-тебен ұстатып, дүкенге жұмсаған дұрыс. Бұл жауапкершілікті сезінуге жол ашады.

Психолог мамандар қаржы саласына қызығатын балалардың сараптау қабілеті басқалардан зор екенін айтады. Одан бөлек, қаржы саласына қызығатын балалар өте ұстамды болады екен.

Дайындаған Алмабек ИБРАЙЫМОВ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз