Көшпелі халық өмірінде киіздің алатын орны ерекше. Халқымыз қойдың күзем жүнінен басылған бұйымнан сырт киім, аяқ киім тіккен. Оны тек үйді жабу үшін ғана пайдаланып қоймай, киіз үйдің ішкі жасау-жиһаздарын, өзге де тұрмыс-тіршілікке қажет заттарды тігуге де қолданған. Өкінішке қарай, XX ғасырдың соңына таман киіз халық қолөнерінде ұмытыла бастады. Ғылыми-техникалық прогрестің дамуымен машина өндірісі қол еңбегін алмастырды. Алайда, қолөнершілердің киізден жасалған əсем жұмыстары халық жадында сақталып, соңғы жылдары бұл ежелгі өнердің қайта жаңғыруы қазақ қолөнеріне
жаңа леп сыйлап отыр. Айгүл Жексенбайқызы – ұлттық нақышта безендірілген, заманауи үлгідегі киізден жасалған бұйымдарды дайындайтын Aigul Line брендінің негізін қалаушы. Биология ғылымдарының кандидаты Айгүл Жексенбайқызы ғылыми мансабын қалдырып, өмірін дизайнерлікке арнады. Ол 2002 жылы қазақстандықтардың тұрмысына қайтадан киіз қолөнерін енгізді.

– Дизайнер болу бала күнгі арманым деп айта алмаймын, мені бұл салаға патриоттық мінезім əкелді. Ұлттық нақыштағы киімдерге, əшекей-бұйымдарға бұрыннан қызығатынмын. Биолог-эколог жұмысын атқарып, əртүрлі форумдарға қатысып, диссертация қорғап жүргенімде ғылыми жолға түсемін деп ойлайтынмын. Алайда өмір күтпеген жерден үлкен тосынсый жасады. Ғылыми жолды тастап, шығармашылыққа берілдім. Еуропа мені бұл іске шабыттандырды. Шетелдіктердің киізден жасалған бұйымдарға қызығуы қатты таңдандырды. Отаныма оралған соң, бірден осы істі қолға алдым. Мақсатым – дизайнер болу емес, киіз өнерін қайта жаңғырту болды. «Кез келген ауылда бар материалдан адамдар тұрмысқа қажет заттар жасай алады» деген ой басымды шырмап алды. 2002 жылдан бастап шеберханамызда Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жергілікті əйелдерді киіз басуға үйреттік. Кейін олар өз шеберханаларын ашты. Киіз шеберлерінің мектебін ашу еліміздегі дəстүрлі қолөнерді қайта тудыруға қосқан үлесіміз деп білемін. Бұл өнерді дамыту арқылы біз киізден «мода» жасадық. Тұрмысқа қажет заттарды ғана емес, киімдер де тіге бастадық. Табиғи өнім, экологиялық тұрғыдан таза материал болғандықтан, өнімдеріміз сұранысқа ие болды. Шоу бизнес адамдары да брендімізді қолдап, сахнаға ұлттық нақыштағы киімдермен шыға бастады, – дейді Айгүл ханым.

Aigul Line брендінің ерекшелігі – көне қазақ қолөнерін қайта жаңғырту арқылы заманауи өнім жасау. Қазақстанда жасалған киіз бұйымдарын ішкі жəне сыртқы нарыққа жылжыту арқылы этностильді көпшілікке тарату. Бүгінгі таңда Aigul Line киіз бұйымдары қазақ халқының рухани мəдениетінің бейнесі жəне ежелгі дəстүрлердің көрінісі.

– Ең алғаш рет оқушы кезімде тіктім. Ол кезде марлевкадан жасалған киімдер сəнде болған. Содан өзіме жəне сіңліме костюм жасағанмын. Арнайы дизайнерлік білімім жоқ. Елдерді аралап, олардың сəн əлемімен танысу арқылы қазіргі жұмысымды үйрендім немесе бұл іске өмір үйретті деп айта аламын. Жоғары оқу орнында оқыған дизайнер болашақта 100% өз ісінің маманы болады деген сөз емес, дизайнер болу үшін адамның таланты жəне қалауы болуы керек. Арнайы өнер университеттерін бітірген жастарды жұмысқа алсам да оларға үйрететінім мыналар: стиль, колористика, өзгешелік. Содан кейін «дизайнерлікті оқыған мен бе, əлде ол ма?» деп ойланып қалатын сəттерім аз болмады. Сəн əлемінде өз ізіңізді қалдырғыңыз келсе, креативті болыңыз. Ең бастысы, ерекше фантазияң болу керек. Ал техникалық жағын үйреніп алу оңай. Өзімді əлі де кəсіби дизайнермін деп санамаймын. Дизайнерлік бизнеске ұласқан хобби сияқты, – дейді Айгүл ханым.

Елімізде түйме, мата жасайтын фабрикалар жоқ

Aigul Line бренді ұлттық жəне халықаралық көрмелер мен жəрмеңкелердің, басқа да іс-шаралардың тұрақты қатысушысы. Сонымен қатар Германияда, Францияда,
Италияда, Испанияда, Австрияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Түркияда, Ресейде, Əзербайжанда өткен іс-шараларға қатысқан.

– Көрмелерге аса қатты қызықпаймын. Бірақ жұмыстарым арқылы еліме пайдам
тиіп жатса, неге қатыспасқа?! Шетелдіктерді этномəдениетімізге қызықтыру мақсатында, отандастарымызға «бізде де күшті өнім бар» деп үн тастауға көрмелер – жақсы əрі қолайлы мүмкіндік. Шетелге сапарға шыққанда да ұлттық нақыштағы киім, бұйымдарымды киіп кетемін. Осымен мəдениетіміздің əдемілігін көрсеткім келеді. «Бұл біздің тіліміз, қазақстандықпыз» деп айғайламай-ақ, ұлттық белгіміз бар бұйымды киіп жүрсек, сол да жетеді. Арманидың, Луи Витонның киімдерін киіп ешкімді таңғалдыра алмаймыз.

Ол киімдерді Америкада да, Германияда да, Африкада да киеді. Ұлттық нақыштағы киім, бұйымдарымыз қазақ екенімізді көрсетіп тұрады. Сондықтан ұлттық мəдениетімізді дамытуға атсалысуымыз керек. Осы жылдың қыркүйегінде Болгария еліне жаңа коллекциямды көрсетуге шақырып жатыр. Бір костюм жасау үшін бір апта, кейде бір ай уақыт керек болады. Ол жұмыстың қиындығына байланысты. Мысалы, қыз ұзатуға арналған көйлек бір айдан аса уақытты қажет етеді. Еліміздің сəн əлемі соңғы жылдары қарқынды дамып жатыр. Əртүрлі фэшн көрмелер, сəн апталығы өткізіліп жүр. Көптеген қазақи нақыштағы бренд ашылуда. Өкінішке қарай, елімізде түйме, мата жасайтын фабрикалар жоқ, бəрін шетелден əкеледі. Осыған көңіл бөлсе екен. Грант, стипендия беру арқылы талантты жастарға мүмкіндік беру керек. Сонда еліміздің сəн əлемі жаңа деңгейге көтеріледі, – дейді Айгүл Жексенбайқызы.

P.S. Əуесқой дизайнердің басшылығымен арнайы киіз шеберханалары құрылып, халық өнерінің дағдыларын меңгеруге ниет білдірушілер қабылданды. Оқыту үдерісіне қолданбалы өнер саласында Еуропаның танымал шеберлері тартылды. Осылайша, еуропалық жəне жақын шетелдердегі əріптестерімен тəжірибе алмасу арқылы Aigul Line құрамына енген қазақстандық үздік шеберлер командасы құрылды. «Ең үздік қазақ дəстүрлерінде…» деген ұранымен белгілі брендтің бағындырар биігі көп.

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз