Белгілі ақын Бақтыбай Айнабеков 70 жаста

«Арманым менің», «Енші», «Балықшы бала», «Мәңгілік өмір», «Әлмеректің оралуы», т.б. жыр жинақтары жарық көрген Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын Бақтыбай Айнабеков – балаларға арнап көптеген өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жазған белгілі қаламгер.
Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.
Ақын аталарыңның 70 жылдық мерейтойына орай бүлдіршіндерге арналған туындыларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Апайымыз Сараның
Қызық әрбір сабағы.
«Ал шешіңдер, кәне?» – деп,
Жұмбақ ойлап табады.

Бүгін тағы сабақта
Сұрақ қойды Жанатқа:
– Қай аң қорқақ, айта ғой?
Беске дейін санатпа.
Бір, екі, үш…

– Мен жайлауға барғанмын,
Сонда көріп қалғанмын:
Атам қасқыр соғатын,
Сол қорқағы аңдардың.

– Апай, Жанат білмеді,
Қорқақ болмас сұр бөрі.
Аң қорқағы – ақбөкен,
Кілең қашып жүргені! –

Деді Асан шыдамай,
Рұқсат та сұрамай.
– Ол да дұрыс емес,– деп,
Атып тұрды Тұрабай.

Айтпас аңыз халық құр,
Аң қорқағы – алып піл.
Тышқаннан ол қорқады,
Ақиқат қой анық бұл.

Апай дұрыс демеді,
Болды бірақ көмегі.
– Қорқақ аңның құлағы
Ұзын болар, – деп еді.

Асан тағы шыдамай,
Тұрды рұқсат сұрамай:
– Аң қорқағы ақ есек
Мініп жүрген Тұрабай.

– Ойлан, Асан, тағы ойлан,
Қарақұм, тау, тоғайдан…
Есек емес,
Сол жерде
Бадырақ көз болмай ма аң?

– Болды, болды белгілі,
Тауып қойдым мен мұны:
Ол – кәдімгі жарқанат,
Жоқ мақтарлық ерлігі.

Жұрттың сөзі болса анық:
Қорқақтығы соншалық,
Күндіз ұшпай жатады,
Түнде ұшады тамсанып.

Балалардың ұққаны –
Бұл да дұрыс шықпады.
– Ол не сонда? – деп Асан,
Түсінбей тұр түкке әлі.

Таусылды ма амалы,
Апай бізге қарады:
«Дәл шешуін жұмбақтың,
Кәнеки,
Кім табады?»

«Ұзын екен құлағы,
Құм, тау, тоғай – тұрағы…»
– Мен айтамын, апай, – деп, –
Жанат кезек сұрады.

– Мен жайлауға барғанда,
Қыран қоян алғанда,
Көргем:
Көзі бадырақ,
Сол қорқақ-ау аңдарда.

Ұзын оның құлағы,
Құм, тау, тоғай – тұрағы, –
Деген кезде күлді апай,
Жанат оған ұнады.

Көзге түскен сабақта
Біз қарадық Жанатқа.
Жанат та мәз боп отыр,
Жан-жағына алақтап.

…Бітті апайдың сабағы,
Гуілдесіп тарадық:
«Біздің апай ертең де
Қызық жұмбақ табады…»

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз