Алматыда Зағип жəне нашар көретін жандарға арналған республикалық кітапхана бар екенін білесің бе? Жақында кітапханада кішкентай оқырмандарға арналған лагерь ашылды. Лагерьге мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге қарапайым жеткіншектер де қатыса алады. Шахмат, дойбы жəне тағы басқа спорттық ойындарды үйренеді. Караокемен əн салады. Балаларға білікті мамандар сабақ береді. Лагерьге келген балақайларға кітапхана қызметкерлері қызықты саяхат ұйымдастырды.

«Жас қалам» поэзия сағатында белгілі ақын Бекжан Əшірбаевпен танысты. Ақын алғашқы өлеңін оқушы кезінде жазыпты. Балаларға адамгершілік, патриоттық тəрбие жөнінде əңгіме айтты. «Балалар əлемі» кітап көрмесінде Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесімен, «Əлемнің қасиетті жерлері» жəне З.Мейірханова, Ж.Смақов сынды авторлардың еңбектерімен танысты. Балалар кітап оқып қана қоймай, мултьфильм де көрді. Түрік қағанатының батыры Күлтегін туралы мультфильмді тып-тыныш отырып тамашалады.

Кітапхананың Оңалту бөлімінде мүмкіндігі шектеулі балаларды көп нəрсеге үйретеді екен. Бұл туралы кітапхана қызметкері Алмас былай дейді: «Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Біз баланың денсаулығына қараймыз. Алдымен сүйеніп жүретін таяқты ұстауды үйретеміз. Мектепке дайындаймыз. Моншақпен жұмыс істеп, саусақ ұшындағы қан тамырларын оятамыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын оқыған оқушымыз бисермен бұйым жасауды өте жақсы меңгерді. Анасы моншақтың түстерін топтап, айтып отырады екен. Қазір түрлі бұйым жасап, тапсырыс қабылдайды. Жəнібек, Медина деген талабы таудай балалар бар.

Ақыл-есінде ауытқу бар балақайларға да есік ашық. Көзі нашар көретін баламен жұмыс істеу оңай. Өйткені, зағип болу мидың, ойдың дамуына кедергі емес. Жол көрсетіп, оқыту керек.

Балалардың таным деңгейін көтеру үшін көп жұмыс істейміз. Мысалы, еліміздегі
киелі жерлерді таныстырамыз. Бөлмеде Арыстан бабтың, Қожа-Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесінің шағын макеті бар. Балалар макетті қолмен ұстап көреді. Тарихы туралы ақпаратты оқып алады. Түркістанға қыдырып барса, жанындағы адамға сұрақ қойып, əуре болмайды. Бізге Арыстан бабтың кесенесін түсіну қиын болды. Себебі есік те, күмбез де көп».

Оңалту бөлімінде əртүрлі тактильді кітаптар бар. Балалар кітап арқылы əліпбиді, жеміс-жидектер мен жануарларды таниды. Кітапханада бірнеше бөлім бар. Мысалы, «Өнер жəне спорт» бөлімінде халықаралық шахмат күніне орай мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында шахматтан турнир өтіпті. Дəстүрлі шахмат додасы əйелдер мен ерлер арасында қатар болған. Мектеп оқушысы Сабина Ермұрат 3-орын алыпты. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар беріліпті. Сондай-ақ Өнер бөлмесінде оқырмандарға арналған музыкалық аспаптар бар екен. Күйсандықта ойнап, əуелете əн салатын өнерлі оқырмандарды көріп, риза болдық.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз