Достар, несие, қарыз, өсімпұл деген сөздерді ересектерден жиі естиміз, солай ма? Бұл сөздердің сөздік қорымызға дендеп еніп кеткені сондай, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оның мағынасын жақсы біледі. Олай болса, жақында Президенттің қазақстандықтардың банк алдындағы берешегіне қатысты Жарлыққа қол қойғанын да білетін шығарсыңдар? Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған бұл Жарлық «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» деп аталады. Ата-аналарың бұл жаңалықты естігенде қуанып қалған шығар? Алайда, қоғамда бұл Жарлықтың мәнін дұрыс түсінбей жатқандар көп екен. Өсімпұл мен несиені банк кешіре ме, әлде мемлекет пе? Кімнің қарызы кешіріледі, ол үшін арнайы құжат жинау керек пе? Қарызыңның кешіріліп-кешірілмегенін қайдан білуге болады? Осы және өзге де сұрақтарды «Банк Хоум Кредит» АҚ ЕБ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы А.Махмедке қойып көрген едік.

– Несие пен өсімпұлды кешірудің ел экономикасына әсері қандай болады деп ойлайсыз?

– «Банк Хоум Кредит» үкіметтің банк секторына қатысты барлық бастамасын қолдайды. Ұсынылған бастама қарыз алушылар арасындағы қарыз жүктемесінің төмендеуіне және Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің несие қоржынының жақсаруына жағымды ықпал етеді деп ойлаймыз.

– Президент Жарлығы бойынша несие мен өсімпұлды кешірген жағдайда банктерге салмақ түспей ме? Банктер өсімпұлды өздері алып тастай ма, әлде бұл қаражат мемлекет тарапынан өтеле ме?

– Қаржы министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтқандай, 88,5 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Шамамен 17 млрд теңге Проблемалық Кредиттер Қорының арнайы облигацияларын шығару арқылы тартылады.

– 1 шілдеде Президент Жарлығының алғашқы кезеңі бойынша 5 миллион азаматтың өсімпұлы кешірілуі тиіс болатын. Сіздің банкте қанша адамның өсімпұлы кешірілді және жалпы сомасы қанша қаражатты құрады?

– «Банк Хоум Кредит» аталған мерзімге дейін жылына 300 млрд тенге көлемінде несие берді. Алайда, жарлық бойынша қандай көлемдегі өсімпұл кешірілетінін әлі нақты айта алмай отырмыз. 15 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі несиелік рақымшылық жасауға түсетін азаматтардың тізімін жасайды. Содан кейін ол деректер тексеріледі.

– Президент Жарлығының екінші кезеңінде әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың несиесін өтеу шаралары жүргізіледі екен. Әлеуметтік әлсіз топтарды кім анықтайды? Банктер бұл процеске араласа ма?

– Әлеуметтік әлсіз топтарды толығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі анықтайды. Ол 15 шілдеге дейін құрастырылады. Банктер тұтынушылары арасында мұндай жеңілдікке ие болатын тұлғаларды анықтауға қатыспайды. Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтып кеткендей, негізгі жұмысты Үкімет, Ұлттық Банк, Мемлекеттік кредиттік бюро жүргізетін болады. Барлық цифрлар, тізімдер салыстырылып, сомалар айқындалады. Содан кейін бюджеттік ережелер мен
рәсімдерден өткеннен кейін бөлінген қаражат осы берешекті өтеуге жұмсалады.

– Несиесін немесе өсімпұлын өтеу үшін жеке тұлғалар қандай да бір мекемеге өтініш немесе құжат тапсыруы керек пе?

– Қазіргі уақытта өтелу процесі толығымен және ресми құрастырылмаған. Алайда Ұлттық Банктің төрағасы Ерболат Досаев айтқандай, бұл үшін арнайы тексеру пункттері құрылады. Проблемалық Кредиттер Қоры екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржы
ұйымдарымен шарттарға отырғаннан кейін, бөлінген қаражат бойынша аударым жасалады. Әзірге ешқандай мекемеге құжат тапсырудың қажеті жоқ. Ал тұтынушыларға хабарлау нысаны әлі үкіметпен құрастырылып жатыр.

– Нақты қандай санаттағы борышкерлердің қарызы өтеледі және өтелетін қаражат көлемі қанша болады?

– 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілетін тұлғалар санатына көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы
мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған
балалар жатады. Өтелетін қаражат көлемі 105 млрд жуық соманы құрайды деп
жоспарланып отыр.

– Борышкерлердің бір реттік қарызын кешіру ел экономикасы үшін, банктер үшін қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– Банктер үшін бұл ұсыныс жалпы несие қоржынының жақсаруына дұрыс ықпалын
тигізеді деп ойлаймыз.

Дана МАРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз