Орта сыныпқа енді аяқ басқан кезім. Біздің мектепте Альберт есімді оқушы
болатын. Менен үш-төрт сынып жоғары оқитын. Өнерге жастайынан жақын боп
өскен Альберттің қатыспаған байқауы, жүргізбеген кеші жоқ шығар. Өзіне тəн ерекше дауысы бар болғандықтан бəріміз оны əнші болады деп күттік. Алайда ол əншілікті емес, басқа саланы таңдады. Құрманғазы атындағы саз колледжінің түлегі атанып, актерлікке бет бұрды. Студент болса да, Альберт Бисенбаев ірі қойылымдарда басты кейіпкер ретінде төбе көрсете бастады. Жастайынан белсенділігімен көзге түскен ол колледж қабырғасында оқи жүріп, қоғамға қажет жаңа кəсіп – визажист мамандығын меңгеріп алды. Елімізге танымал визажист Санди Бексырғадан сабақ алған Альберттің бүгінде жеке сұлулық салоны бар. Айтпақшы, Альберт биыл оқу орнын актер-режиссер мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. Кейіпкеріміз алдағы уақытта екі мамандығын қатар алып жүрмек.

Альбертпен кездесуді бір ай бұрын жоспарлап қойғанмын. Кейіпкерім қалада, өзім ауылда болғасын кездесуді кейінге шегеруге тура келді. Межеленген күн де келіп жетті. Сұқбаттасу үшін Альберттің салонына бара жатырмын. Жалғыз емеспін, жанымда анам мен сіңлім бар. Күннің ыстығы аз болғандай, белгіленген мекенжайды таба алмай біраз əурелендік. Ақыры Альберттің сұлулық салоны орналасқан сауда үйіне де жеттік. Ғимараттың ішінде ешкім жоқ. Алғашында қателесіп кеткен шығармыз деп ойладық. Бірақ не де болса көрмекке бекініп, жоғарыға көтерілдік. Үшінші қабатқа көтеріле бергенде жарықты көзім шалды. Осы жарық Альберттің салоны болып шықты. Сауда үйі демалыс күні жұмыс істемейді екен. Соған қарамастан Альберт біз үшін жұмыс орнына əдейі келіпті. Қуана қарсы алған Альберт əңгімесін бастап кетті.

– Мектепте оқып жүргенде өнерді жаныма серік еттім. Əн байқауларына қатысып,
жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Өнерге, сахнаға қызығушылығым солай басталды. Кейіннен Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті атандым. Жаныма əртістік өнерді жақын деп тауып, актер-режиссерлік салаға бет бұрдым. Студент болсам да, бірталай қойылымда басты рөлді сомдау бақыты бұйырды.

Ал қазіргі кəсібіме кездейсоқ келдім. Əркімнің жоспары болатындай, өмірдің де жоспары болады. Мені бұл мамандыққа өмірдің өзі əкелді десем де болады. Бір жағынан актерлік бойынша білім алғасын міндетті түрде грим сабағын өтеміз. Бəлкім визажист болуыма грим сабағы да əсер еткен болар. Қазіргі жұмысыммен қатар театр гримері болу да ойымда бар. Актер ретінде де өзімді сынап көргім келеді.

Өнердің қай саласы болса да, мен үшін қымбат. Əнші бола алмасам да, ара-тұра əн шырқап тұрамын. Бала кезімнен өнерге құштар боп өскесін, өнерге деген махаббатым да, көзқарасым да ерекше. Даусымды жоғалтып алсам да, ешқашан қолым босамаса да, өнерді ешқашан ұмытқан емеспін.

Менің жаңа кəсібіме, таңдауыма қарсы шыққандар болды. Жағымсыз пікірлер де айтылып жатты. Бірақ бағытымнан таймай, жұмысымды жалғастыра бердім. Қанша адам болса, сонша пікір болады. Сондықтан əр сөзге назар аудармай, алға қадам басу керек. Қарсы шыққандарға жəй ғана «менен де бақытты болыңыз» дегім келеді. Менің жеке қағидам бойынша мамандық ерлерге, əйелдерге арналған деп бөлінбейді. Əркім жүрек қалауымен жүреді.

Десе де, мені қолдап, көмегін аямаған адамдар да бар. Визажист ретінде жеке салонымды ашуыма бірден-бір сеп болған ата-анама, туысқандарым мен достарыма айтар алғысым шексіз. Жеке кəсібімді бастау қиын болды. Соған қарамастан барынша еңбектеніп, салонымды аштым. Қолға алған мақсатыма жету үшін психологиялық кітаптарды ақтардым. Мотивация жинау үшін Наполеон Хиллдің кітаптарын, Роберт Кийосакидің «Бай əке мен кедей əкесін» оқыдым. Біліктілігімді арттыру үшін бірнеше шеберлік сабағына қатыстым. Əсіресе Астанада өткен Санди Бексырғаның шеберлік сабағынан мол тəжірибе жинап қайттым. Одан бөлек Ресейден, Армениядан келген танымал визажистердің курстарына барғанмын. Бұл мамандыққа келудегі, салон ашудағы негізгі мақсатым – қазақ қыздарының сұлулығын одан əрі арттырып, заманауи үлгіде көрікті етіп көрсету еді. Алайда нағыз сұлулықтың бетте емес, жүректе екенін ұмытпаған жөн.

Жұмысымның өзіндік қызығы да, қиындығы да бар. Визажистің жұмысы талғампаздықты қажет етеді. Осы кəсіпке келгелі бері адамдардың бет-жүзінен мін іздейтін болдым. Автобуста, қоғамдық орындарда əр адамның, əсіресе қыздардың түріне қарап отырып, макияжының дұрыс-бұрыстығын зерттей бастадым.

Жұмысым арқылы адам психологиясын зерттеуді үйрендім. Күніне салонға мінезі əртүрлі клиенттер келеді. Олардың əрқайсысының көңілінен шығып, ризашылығын алу – басты міндетім. Клиентті қонақ күткендей құрметтей білу керек. Кейбір жас бикештер Анжелина Джолидің макияжын сұрап жатады. Қараторы қазақ қыздарының түрі голливуд жұлдызына ұқсамаса да, клиенттің көңілі үшін барыңды саласың.

Бұйырса, кішігірім онлайн-сабақтар, шеберлік курстарын өткізбекпін. Ал визажист болам деушілерге айтарым – еңбектене біл, кəсібіңді сүйе біл. Сонда ғана бəрі ойдағыдай болады.

Табиғи жолмен де әдемі болуға болады

Альберттен маған макияж жасап беруін өтінген едім. Кейіпкерім еш қарсылықсыз келісімін берді. Негізгі сұрақтарыма жауап алған соң Альберт мені айнаның алдына отырғызып, жұмысын бастап кетті. Бояуға арналған құралдары, опа-далабы көп екен. Бетімді əрлеп жатып сұлулыққа қатысты бірнеше тың кеңес айтты.

– Бет күтімінің бірінші қағидасы – тазалық. Бет неғұрлым таза болса, соғұрлым проблема аз болады. Арнайы кремдер, тазартқыш құралдарды үнемі болмаса да пайдаланып тұруға кеңес беремін. Дəстүрлі рецептердің бет күтіміне берер пайдасы химиялық қоспаларға қарағанда əлдеқайда көп.

Айраннан жасалған маска терінің қай түріне болсын пайдалы. Пластикалық ота, татуаж сынды теріге зақым келтіретін нəрселерге жоламаған жөн. Табиғи əрі қарапайым жолмен де əдемі болуға болады.

Бояуды шектен тыс көп пайдалану адамды əлдеқайда кəрі көрсетеді. Əркім жасына сай боянуы тиіс. Мектеп бітірмеген кейбір қыздарға қарап, оларды жиырма бестен асқан екен деп ойлап қаламыз. Сондықтан косметикалық құралдарды пайдаланбас бұрын, оның мөлшерін, жасыңызға қаншалықты сай келетінін алдын ала есептеп алыңыз. Кеуіп қалған кірпік сүрмесін қоқысқа тастауға асықпаңыз. Оның кепкен қылшақтары қасыңыздың формасын ұстап тұруға көмектеседі.

Ерін далабын таңдағанда 12,14 реңктерді таңдауға кеңес беремін. Бұл реңктер
ерін түсімен сəйкес келеді. Қазіргі уақытта баттастыра жағылған бояудан гөрі, жеңіл əрі қарапайым макияж сəнде, – дейді Альберт.

Əне-міне дегенше Альберт те жұмысын аяқтады. Менің жасыма сəйкес нəзік макияж түрін таңдапты. Жұмысы өзіме қатты ұнады. Альберттің шеберлігіне қалайша таңданбайсың?! Бəрінен бұрын кейіпкерімнің еңбегі үшін ақы алмағанына риза болдым. Демалыс болса да сұқбаттан бас тартпай арнайы келіп, одан қалса бетімді əдемі етіп сəндеп берген Альбертке алғыстан басқа айтарым жоқ.

P.S. Альберт бір сөзінде «кəсібімді жақтырмағандар да, айыптап, сөккендер де
болды» деді. Адамдардың осындай кертартпалығын көргенде іштей ренжисің.
Кейбір тепсе темір үзетін азаматтардың қол қусырып жүргенін көргенмін. Ал
енді ғана жиырмадан асқан Альберттің кəсібін ашып, мақсатына жетуі расымен де
мақтауға тұрарлық.

Аяжан
ДОСБОЛСЫНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Əжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз