Оқушы кезімізде ауылда спортпен айналысатын, күреске қатысатын балалар көп болды. Барлығы бірдей чемпион болып кетпесе де, ер балаға қажет деп қалмай баратын. Ал қазір жастайынан əлемді мойындатып, чемпион болып жатқандар көп. Жақында Тайбэйде дзюдодан жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Құрлықтық бəсекеге 17 елден 200-ге жуық дзюдошы қатысып, Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс жəне 10 қола жүлдемен жалпы медаль кестесінде жарысты 1-орынмен аяқтады.

Алтын алғандардың қатарында Тілеген Тынарбай есімді 17 жастағы дзюдошы да бар. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тумасы Тайбэйде дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында төрт белдесуде де таза ұтып, чемпион атаныпты. 66 келіде белдесетін спортшы осы жеңісіне орай дзюдодан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын да сəтті орындады. Жас спортшының ендігі мақсаты – 24-29 қыркүйек күндері Алматы қаласында өтетін Əлем чемпионатында үздік нəтиже көрсету. Тілегенге хабарласып, жеңісімен
құттықтап, Əлем чемпионатына қалай дайындалып жатқанын сұрадық.

Тілеген Тынарбай: 2002 жылы 6 сəуірде Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келдім. Отбасымызда алты ағайындымыз. Мен үйдің кенжесімін. Əкем бокспен айналысқан. Сондықтан менің спорт саласын таңдауыма қарсы болмады.

Ұлан: Спортқа неше жасыңда келдің?

Тілеген Тынарбай: Алғашқы айналысқан спортым – дзюдо. Күрес залына алғаш рет 9 жасымда келдім. Оның өзі кездейсоқ болды. Ауылда достарыммен ойнап жүріп, байқамай күрес залына кіріп кетіппіз. Сол кезде залдың атмосферасы қатты ұнады. Биыл спортпен шұғылданғаныма 7 жылдан асты.

Ұлан: Мектепте қандай оқушы болдың? Спортшыға білімді болу қаншалықты
маңызды деп ойлайсың?

Тілеген Тынарбай: Мектепте орташа оқыдым. 9-сыныпты бітірген соң Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына ауыстым. Əрине, спортта да білімді болу керек. Алайда, мұнда теориялық білімге қарағанда сыни ойлау қабілеті, стратегияны меңгеру маңыздырақ. Мектепте нақты сүйікті пəнім болмады.

Ұлан: Жақында дзюдодан Азия чемпионы атаныпсың. Жеңіс құтты болсын! Оған дейін қандай жарыстарға қатыстың?

Тілеген Тынарбай: Азияға дейін бірнеше халықаралық жарысқа қатыстым. 2018 жылы Қазақстан чемпионатында қола, 2018 жылы Ресейдегі Түменде қола, 2019 жылы Ташкентте өткен Азия кубогында алтын, Алматыда өткен Азия кубогында алтын алып, Макаода өткен Азия кубогында күміс, жақында Тайпейде өткен Азия чемпионатында алтын алдым.

Ұлан: Бапкерің кім? Қалай ойлайсың, спортта балуанның бабы оза ма, бағы оза ма?

Тілеген Тынарбай: Алғашқы бапкерлерім – Өмірбек Калменов жəне Арман Молдаханов. Қазір Нұрбек Мықтыбеков деген бапкермен жаттығамын. Биыл Нұрбек ағайдың қолында болғаныма екі жыл болды. Бабыңда болған маңызды. Бағың жанса, тіпті керемет. Қазақстан чемпионатында қола медаль алып, Қазақстан құрамасының сапында аға жаттықтырушылар Ғайнулла Есенғалиев пен Бақытжан Төребеков ағайлармен бірге жаттығып, жарыстарға барып, жүлдемен қайтып жүрдік.

Ұлан: Қыркүйекте Алматыда өтетін Əлем чемпионатына қатысады деп естідім. Дайындығың қалай?

Тілеген Тынарбай: Қызу дайындық үстіндеміз. Жоғары деңгейде өнер көрсету үшін
барымызды саламыз. Сəтін салса, осы жарыста көк байрағымызды желбіретіп, жүлделі боламыз деген үмітім бар. Бəрін уақыт көрсетеді. Алматы қаласында өтетін Əлем чемпионатында қолдау көрсетуге келіңіздер.

Ұлан: Дзюдо спортының Қазақстандағы даму деңгейін қалай бағалайсың?

Тілеген Тынарбай: Жоғары деңгейде дамып келеміз. Қазіргі таңда біздің спортшыларды əлем жұртшылығы мойындайды деп айта аламын. Дзюдодан ересектер арасында олимпиаданың күміс жүлдегері бар, жастар мен жасөспірімдер арасында Əлем чемпионы бар. Былтыр ғана Жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасынан екі дзюдошы қатысып, үш медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Бекарыс Сəдуақас алтын алып, чемпион атанса, қыздар арасында Маргарита Гриценко күміс алды. Бекарыс командалық жарысқа да қатысып, қола жүлдегерлер қатарынан көрінді. Елімізде дзюдоға қызығушылық жоғары. Жыл сайын дзюдоға келетіндердің саны да өсіп келеді. Ересектер, жастар жəне жасөспірімдер арасында ел біріншіліктері өтіп тұрады, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады.

P.S. Біреудің жетістігі – біреуге үлгі, мотивация. Дзюдо спорты туралы естігенде бірден Елдос Сметовтің есімі ойға оралады. Оның татами төріндегі жетістіктеріне
еліміздің көптеген жасөспірімі еліктеп, үлгі алғаны сөзсіз. Тілеген Тынарбайдың да спорттағы жетістіктері өзінен кейінгі толқынға үлгі боларлықтай екен. Жас дзюдошыларға Əлем чемпионатында сəттілік тілейміз.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз