Болашағынан үлкен үміт күттіретін Еркебұлан Сейдахметті 2017 жылы «Гранаткин Мемориалы» турниріндегі тамаша ойынынан кейін назардан тыс қалдырмай, спорттық мансабына ерекше көңіл бөліп келеміз. Ол гол соқса, бірге гол соққандай қуанамыз, жарақат алса, біздің де жанымыз жай таппайды. Тіпті ол қай командаға ауысса, сол клубтың да жанкүйері боламыз.

«Қазақтың Мессиі» атанып кеткен Еркебұлан жақында «Уфа» командасынан алматылық «Қайрат» клубының құрамына ауысты. Бұған дейін «Левски» клубына жалға берген «Уфа» командасы Еркебұланды 300 мың еуроға бағалаған. Ендігі мәселе – аты аңызға айналған аяқдопшылар өнер көрсеткен «Қайрат» командасында Еркебұланның бағы жана ма Атақты Аршавиннің орнын баса ала ма? Ел чемпионатының қақ ортасында қосылған Еркебұлан «Қайраттың» қарқынын күшейтіп, командаға жаңа серпіліс бере ме?

Алаңдауға себеп жоқ емес. Ол соңғы жарты жылда 7 ойын өткізіп, алаңда тек 300 минуттан аса ғана болды. «Левски» командасындағы алғашқы ойынын «Верея» клубына қарсы матчта өткізсе, «Ботев» командасына қарсы негізгі құрамда шыққан екінші ойынында керемет өнер көрсетті. Осы аралықта «Левски» сапында 3 матчқа қатысып, 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы сапында 2 ойын өткізіп, бір мәрте гол соқты.
Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Черногория құрамасына қарсы ойында есепті теңестіріп, командасының жеңіске жетуіне жағдай жасады.

Қазақстан құрамасы үшін гол соққан ең жас ойыншы атанған Еркош «Қайрат» сапында да ең жас ойыншы. Оныншы нөмірмен өнер көрсететін футболшы «Қайраттың» ойынын
бірден жандандырып жіберді. «Қайрат» осы жолы еліміздің бес дүркін чемпионы «Астана» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл Еркоштың алаңда толықтай 90 минут өткізген алғашқы матчы болды. Ойын соңында аяғы тырысып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Бала күнінен «Қайраттың» құрамында ойнауды армандаған Еркош ең мықты футболшылардың біріне айналу үшін барын салатынын да жасырмады. Матч соңында: «Қайрат сапындағы алғашқы ойынымды «Астанаға» қарсы ойнап, бұл кездесуде жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Маған сенім артқан бапкерлер мен командаластарыма алғыс
айтқым келеді. Еліміздегі ең үздік команданы ұтқандықтан, алғашқы қадамым сәтті болды. Дегенмен мұндай жасанды алаңда екі жылдай ойнамадым. Алаң тым қатты болғандықтан аяғым тырысып, дәрігерлердің көмегі – деді Еркебұлан.

Қазақстан жастар құрамасы сапында Еркоштың талантын аша білген бапкер Александр Қузнецовтан алғашқы ойыны туралы пікірін білдік. «Еркебұланның алғашқы ойынынан ұжымға толықтай сіңісіп, тамаша ойын көрсетті деп айту әлі ерте. Дегенмен, оның «Қайрат» сапына ауысқаны дұрыс болды. Өйткені клуб басшылары барлық жағдайын жасап, бар өнерін паш етуге мүмкіндік береді. Енді барлығы Еркебұланның
өзіне байланысты болмақ. «Қайратта» оның жерлестері көп, капитан Бауыржан да
қолұшын береді. Еркебұланға көбірек ойнап, ашылу керек. «Астанаға» қарсы ойында өзіне көп жауапкершілікті алғысы келмегендей көрінді. Командаласының ойын
түсіну, жасыл алаңдағы қозғалыс үйлесімдігі ерекше болғандықтан жауапкершілікті
қорықпай ала беру керек деп ойлаймын», – деді білікті маман.

Расында, Еркоштың допты өзінде көп ұстамай, бірден командаластарын ізейтінін байқадық. «Қайрат» сапындағы «Ордабасы» футбол клубына қарсы өткізген екінші ойын Еркебұлан үшін аса сәтті ойын болды деп айта алмаймыз. Еркош ойынның 30-минутында Бауыржан Исламханның пасын нәтижелі голға айналдыра алмады. Дегенмен араға бес минут салып, оң қапталдан шығарған тамаша пасына шабуылшы Эсеола жете алмады. Ал ойынның 60-минутында бас бапкер Еркоштың орнына Еркебұлан Тұңғышбаевты шығарды. Еуропа лигасының іріктеу кезеңі аясындағы «Широки Бриегке» қарсы алғашқы ойында Еркошты алаңға шығармаған Алексей Шпилевский тым көп жүктеме артқысы келмесе керек. Дегенмен Қазақстан премьер-лигасының 18-туры аясында «Қайсар» командасына қарсы ойында негізгі құрамға ілінді. Еркебұланның ойынын көру үшін арнайы билет алып, Орталық стадионға бардық. Алғашқы минуттан алаңға шыққан Еркоштың техникалық шеберлігінің жоғары деңгейде екенін, ойын барысында бірде-бір қателікке бой алдырмағанын көрдік. Ойынның 25-минутында
ортаға қарай ойысып барып, айып алаңына енбестен шірене тепкен Еркош тоғыздықты дәлдеген еді. Алайда доп қарсылас команданың ойыншысына тиіп, қақпадан сәл ғана биік кетті. 90 минут бойы жасыл алаңда жанын салған кейіпкеріміздің 76-минутта тағы да айып алаңына өте бағыттаған соққысын қақпашы қайтарып үлгерді. Сондай-ақ Еркош ойынның 80-минутында оң қапталдағы қорғаушыны алдап, қақпашыға қарай әдемі өтіп бара жатты. Алайда, дәрменсіз қорғаушы оны шалып құлатты. Төреші тағайындаған пенальтиді өзі тепкісі келген Еркош қолын көтеріп, команда капитанынан рұқсат сұрағандай болды. Алайда, берілген айып добын орындаған Бауыржан Исламхан қақпашыдан айласын оңай асырды. Осылайша, «Қайрат» командасы қызылордалық «Қайсар» футбол клубын 5:1 есебімен ойсырата ұтты.

Енді «Еркебұлан Аршавиннің орнын баса ала ма?» деген мәселеге тоқталсақ. Шыны керек, небәрі 19 жастағы футболшының жылдамдығы мен техникасы, таланты мен ұтқырлығы көзге ұрып тұрды. Дегенмен әлі де физикалық тұрғыдан әлеуетін арттырып, шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтырғаны дұрыс. «Қайрат» футбол клубымен үш жылға келісімшартқа отырған Еркош кешегі шау тартқан Аршавиннің орнын басатынына еш күмән келтірмейміз. Еркебұланның болашағына қатысты болжам жасау сәл ерте сияқты. «Қазақтың Мессиінің» карьерасы аргентиналық мегажұлдызға ұқсас болып жатса, қанеки.

P.S Журналымызды беттеп жатқанда Еркебұланнан күткен голды да көрдік. Еркош Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясында топ басында келе жатқан қостанайлық «Тобылға» қарсы тамаша ойын үлгісін көрсетіп, алғашқы голын да салды. Команда капитаны Бауыржан Исламханның сол қанаттан әуелете шығарған пасын сүңгіп барып баспен соғып, «Тобыл» қақпашысын қапы қалдырды. Қасқағым сәтте екі қазақ шетелдік ойыншылар сияқты жасындай
жарқ етті де, ойын тағдырын шешті. Шынында да, Аршавин сияқты қартайып қатардан қалып бара жатқан ойыншыларға қомақты қаржы төлеп шақырғаннан гөрі, Еркебұландай жас ойыншыларымызды қамқорлыққа алып, талантын ұштауға көңіл бөлгеніміз жөн емес пе? Мақаламызға: «Еркебұлан Сейдахмет
Аршавиннің орнын алмастыра ала ма?» деген тақырыпты да осы оймен қойған едік.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз