«Еуразия-1» арнасында жаңалық жүргізетін Асаубек Айымбетов – «Ұланнан» ұлағат алғандардың бірі. Кейіпкеріміз балалық шағының куəсі, сүйіп оқитын басылымы «Ұланға» қуана сұқбат беретінін айтты.

– Асаубек аға, мен секілді журналист болуға талпынып жүрген жастарға сіздің осы салаға қалай келгеніңіз қызық…

– Ақтөбе облысының Байғанин ауданында дүниеге келдім. Əкем – ағаш ұстасы. Анамның мамандығы – неміс жəне ағылшын тілі пəнінің мұғалімі. Марқұм атам соғыс ардагері болған. Артымнан ерген інім бар. Телеарнаға алғаш 16 жасымда аяқ бастым. Ақтөбедегі жергілікті «Рика» телеарнасындағы кастингке қатысып, ойламаған жерден өтіп кеттім. Кастингке келмес бұрын жергілікті Т.Ахтанов атындағы театр мамандарынан сабақ алдым. Ол кезде колледжде оқып жүрген едім. Таңғы жаңалықтардың жүргізушісі қызметіне бекітті. 8 минуттық эфир болатын. Телеарнадағы ұстазым – Күлпаршын Аққатова. Апайымнан алған сабағым əлікүнге дейін пайдама жарап, кəсібилікке жетелеп келеді.

– Бүгінде эфирде көз тоқтатып көретін дүние жоқ деген əңгіме жиі айтылатын болды. Осыған байланысты ойыңызды білсек…

– Үлкен кісілердің көзімен қарасақ, солай. Орта жəне жас буын өкілдеріне арналған бағдарламалар жетерлік. Рейтинг маңыздырақ болғандықтан, қазір көп телеарнада арзан шоу, қызықсыз бағдарламалар, тартымсыз хабарлар көбейді. Ол баршаға мəлім. Бірақ соны көретіндер де жетерлік.

– Тікелей эфирде жаңалық жүргізесіз. Эфирді тізгіндеудің қиындығы қандай?

– Əр эфир – стресс. Сырт көз жылтыраған жүзімізді көріп, оңай жұмыс деп ойлайды. Бірақ əр эфирге дайындық, редактормен жұмыс, режиссердің бұйрығы, эфир уақытындағы коллапс, оқылмаған мəтін, негатив ақпарат, күн сайын 25 түрлі тақырыптың бəрін тізгінші хабарлайды. Қала берді көптің көзі мен сөзі… Түрлі талап пен сəт сайын жаңаратын ақпараттар легі… Кейде миымыз 200 гб жадыға айналып кетеді. Тіпті кейбір негатив ақпараттың əсер ететіні сонша, түсімде көремін. Əр эфирден соң энергиямның таусылғанын байқаймын. Бірақ қаншалықты қиын болса, соншалықты лəззаты да бар.

– Тікелей эфирде түрлі қызық болып жататын шығар…

– Ондай сəттер жиі болады. Ақтөбедегі «Рика» телеарнасының эфирінде қабағыма шыбын келіп жабысқан. Бірде студияда жарық өшіп, есікті таба алмай, маңдайымды темірге соққам. Қызарған шекемен эфирге де шықтым. Тағы бірде астан уланып эфирге шықтым. Жарнама кезінде дəретханаға жүгіріп, əупірімдеп эфирді өткіздім.

– Сіздіңше, қазіргі таңда қоғамда журналистердің рөлі қандай?

– Екінің бірі журналист бола алмайды. Оған мықты шыдам, темірдей төзім керек. Əрқилы тағдыр мен түрлі мəселені билікке, көрерменге жеткізу – үлкен жауапкершілік. Журналистердің рөлін көзіқарақты көрерменнің өзі біледі.

– Журналистің еңбегін қалай бағалайсыз?

– Соңғы жылдары əріптестерімнің түрлі марапат, мақтауға қол жеткізіп жатқанын көзім шалып, көңілім қуанып жүр. Бірақ кейбір мемлекеттік марапаттардың тек бір-екі арнаның абыройын асыруға ғана жетіп жүргені қынжылтады. Əріптестерімнің еңбегі еш кетпесе екен деймін. Ең бастысы, көрерменнің ыстық ықыласы. Бірақ қазіргі көрерменнің талабы мықты. Алдана қоймайды, кей зерттеуге сене де қоймайды. Пікірін білдіруге түрлі ресурс бар.

– Журналистерді төртінші билік өкілі дейді. Халық пен биліктің арасын қаншалықты жақындатып жүр?

– Қиындыққа тап болған əр жанның мəселесін алып, оны құзырлы органдарға, жауапты мамандарға жеткізуге тырысып жүрміз. Кейбірі шешімін тауып жатады, кей процесс тым ұзаққа созылады. Бір үйді су басып жатады, бірі көшенің балшығынан аяқ алып жүре алмайды, ал енді бірі қажетті құжатына қол жеткізе алмай жүреді. Бəрі жыл сайын қайталанатын мəселелер. Бір-біріне ұқсас. Оны қаз-қалпында жеткізуге тырысамыз. Көрер көз, естір құлақ жоқ емес. Көп материалымызға жоғары жақтан реакция болып жатады. Бұған тек қуанамыз.

– Хоббиіңіз не?

– Өлең шығару, фильм көру, теннис ойнау, пайдалы іспен шұғылдану. Жаяу жүруді де хоббиге айналдырып алдым. Күніне 4-5 шақырым жаяу жүруге тырысамын. Енді жүгіруді қолға алсам деп жүрмін.

– Жұмыстан шаршағанда, осы саланы таңдағаныңызға өкінетін кездеріңіз бола ма?

– Арагідік ондай сəттер болып тұрады. Бірақ журналистикаға келу қиын, кету оңай. Кəсіби маман болу үшін неше түрлі қиындықпен, сан түрлі адаммен жұмыс істегенім есіме түссе, кері шегінгім келмейді. Бастысы, қиындыққа қарсы иммунитетің мықты болуы керек. Қалғаны уақытша дүниелер. Бəрі келеді, кетеді. Бір орында тұрмайды. Шыдамдылық пен дипломатия болса болды.

– Болашақта дəстүрліақпарат құралдары қажет болмай қалады дейді. Қазірдің өзінде əр телеарнаның ютубта аккаунты бар. Сол арқылы рейтинг қуып жарысып та жатыр. Көрермен мен теледидар арасының алшақтағаны алаңдатпай ма?

– Осы сұрақ соңғы кездері маған жиі қойылып жүр. Əлеуметтік желіде де, газет-журналға сұқбат бергенде де алдымнан көлденең шығады. «Театрдан соң кино пайда болды. Бірақ ешкім театрды тастап кеткен жоқ», – деп еді ұстазым. Сондықтан интернет шықты екен деп ешкім телеарнаны тастап кетпейді. Блогердің немесе вайнердің ақпараты бейресми болуы мүмкін, ал телеарна тек ресми ақпарат береді. Əр оқиғаны жан-жақты зерттеп, екі-үш тараптың пікірін қамтиды. Толыққанды материал ұсынады. Ал блогер əлеуметтік желілерде ойбайға салып, біржақты ақпарат ұсынып, елге дезинформация тарауы бек мүмкін. Сондықтан жылдам, ресми, жан-жақты ақпарды тек телеарна арқылы алуға болады деп ойлаймын.

– Жаңалық жүргізуден бөлек, авторлық бағдарлама жасап, халыққа ұсыну ойыңызда жоқ па?

– Жоспар көп. Бəрі өз уақытымен. Тіпті ютуб жоба жасауға жан-жақтан жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл мен үшін жаңа дүние. Мүмкін алдағы уақытта ютубта көрілімі жоғары жобаны тізгіндеп қалуым мүмкін.

Сұқбат соңында кейіпкеріміз: «Кішкентай кезімде үйде көп уақыт теледидар болмаған. Сол кезде анам жаздырып берген «Ұлан» мен «Балдырғанның» пайдасы зор болды. Əр санын жібермей оқитынмын. Содан болар, сөз саптауым жақсарды. Оқыған кітаптарым да əсер етті. Бала Асаубекті құнды мақалаларымен арманшыл, мақсатшыл етіп өсіруге үлес қосқан «Ұлан» газетіне рақмет! Істеріңізге сəттілік тілеймін!» – деп лебізін білдірді.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.
Бəйдібек ауданы,
Түркістан облысы

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз