Алакөл жағасындағы қызу тіршілік таңғы сағат алтыдан басталады екен. Сегіздерге таман көл жағасында ел аяғы көбейіп, тоғыз-онның кезінде қарақұрым халық жиналып қалады. Қара балшық сатқан, қуырылған немесе кептірілген балық пен салқын сусын ұсынған, басқа да қызмет түрлерін жарнамалаған жергілікті халық та тіршілік қамына кіріседі. Көл жағалай орналасқан халықтың негізгі тіршілік көзі – Алакөл. Негізінен сауда-саттық жасайды, үйлерін жалға береді, демалыс орындарында қызмет көрсетеді. Әйелдер жағы ас әзірлеп ақша тапса, ер адамдар құрылыспен айналысады. Бала-шағаға да жұмыс жеткілікті. Қолы жеткендер қайық, моторлы қайық, үрлемелі қайық, катамаранмен серуен ұйымдастырады. Үрленетін шар, басқа да көңіл көтеруге арналған құралдар тағы бар.

Көл жағасындағы көлденең қойылған бөшке секілді дүниеге бірден-ақ назарымыз ауды. Монша екен. Жиырма минуты – 500 теңге. Он минут қыздырынып, көлге бір сүңгіп шығуға болады. Моншаны отынмен жағады. Ішіне 4-5 адам бірден кіруге болады. «Таңғы сағат алтыдан бастап, түнгі ондарға дейін істеймін. Алдын ала тапсырып беріп қойғандарыңыз дұрыс, әйтпесе күтіп қаласыздар. Ал тапсырыс берген уақытта келмесеңіздер, бес минут күтемін де, басқа адамдарды кіргізе беремін», – деді күнқақты болған жігіт. «Әр адамнан 500 теңге алса, бір сағатта кемі үш адам кіргізсе…» деп, әлгі жігіттің ақшасын есептеп отырғанымызда шатырын жалға беретін екі бала келе қалды. «Бір күнге – 3000 теңге. Түстен кейін қайтадан келемін десеңіз, былай алып қоямыз. Жарты күнге – мың жарым», – деді әрі кетсе тоғызыншы-оныншы оқитын бозбала. Құрт сатып жүрген балақай үшінші сыныпта-ақ оқиды екен. Қуырылған алабұға салынған қорапты баласына көтертіп, өзі дорба-майлығын арқалаған апайды әңгімеге тарттық. «Көлдің қызығы да таусылуға жақын ғой. Әрі кетсе тамыздың 20-сына дейін. Әрі қарай күн салқындайды, келушілер азаяды. Ал қыркүйекте Ресейден келетіндер көп. Олар суыққа қарамайды. Су тазарады деп, күзде келеді. Жылда солай», – дейді.

Біз барған уақытта да ресейлік көліктердің біршама екенін байқадық. Көліктердің нөміріне қарағанда, алматылықтар көп. Астанамыздан келушілер де аз емес. Тіпті, Ақтөбе, Атырау жақтан да көлікпен келушілер бар екен. Жол азабына төзіп келгендеріне қарағанда, көлдің қасиетін шын мәнінде білгендері болар дестік. Ал Алакөлге баратын жолдың азабын көргендер біледі.

Алакөлге көлікпен, автобуспен, пойызбен және ұшақпен баруға болады. Үшаралға дейін және Үржарға дейін ұшақ бар. Баяғы «кукурузник» демесеңіз, бір жарым сағатта жетіп барасыз. Бірақ, әуежайдан көлге дейін де біршама жер. Ал такси мұнда қымбат.

Жаз мезгілінде бұл жаққа пойызбен келушілер де көп. Бірақ, купеге билет табу қиын, плацкарт вагондардың жағдайы мәз емес. Әрі пойыздан түсу мен түскеннен кейін демалыс аймағына жетудің азабы өз алдына бөлек әңгіме. Оның үстіне, ұшаққа да, пойызға да билетті алдын ала алған дұрыс.

Ақши, Көктұма жағына да, Үржар, Мақаншы бетіне де қатынап жатқан автобус көп-ақ. Тіпті, жатын орны бар қолайлы автобустар да бар. Бірақ, жол нашар. Кей жерлерде мүлдем жол жоқ деуге болады. Алдағы бір-екі жылда жол мәселесі толық шешімін тапса, келушілер саны күрт көбейгелі тұр.

Көл жағалай орналасқан ауылдардың халқы үйін демалушыларға жалға беріп, өздері оларға қызмет көрсетеді. Екі-үш уақыт тамағын жасап береді, көлігі барлары көлге жеткізіп салып, қайтып алып келеді. Мұнан бөлек, арнайы демалыс аймағы бар. Ақши ауылының іргесіндегі демалыс аймағын жақсы ұйымдастырыпты. Айнала самаладай жарық, тақтайдай тегіс жол, тіпті жаяу жүргіншілерге арналған тротуарға дейін жасап қойыпты. Тек демалыс үйлері ретсіз, ығы-жығы салынған екен. Ортақ бір концепция жоқтығы байқалады. Есіктері де әр жаққа қараған. Қызмет көрсетушілердің бірі айналасын абаттандырып, бөлмелерге кондиционер орнатып, бар жағдайды жасап, алыстан менмұндалап тұрса, енді бірі қара балшықпен сылай салған. Тағы бірі бірнеше киіз үйді тігіп тастаса, енді біреулер шетелдегі демалыс орындарынан бір де кемдігі жоқ қонақүйлер тұрғызып тастапты. Бағасы да әртүрлі. 3-4 мың теңгеден басталып, 10-15 мыңға дейін жетеді.

Алакөлді ел аузында «емдік су» деп те атайды. Әсіресе, тері ауруларынан зардап шегіп жүргендер мен буыны сырқырайтындар үшін пайдалы деседі. Суы тұзды, құрамында радон көп. Шығысқа қарай жүрсеңіз, әйгілі Барлық арасан бар. Көлде алабұға, табан, көксерке, сазан секілді балықтар тіршілік етеді. Аққу, шағала, көкқұтан, бірқазан секілді құстар мекен етеді. Алайда, айдынды Алакөлдің экологиясына бас ауыртатындар көп емес секілді.

Дәл біз жолға шығар алдында көлге демалыс орындарының бірінен лас су құйылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Көл жағасында демалушылардың бірі түсірген видеодан үлкен құбырмен лай судың көлге құйылып жатқанын көруге болады. Бұл осы көлдің арқасында ырыздық-несібесін айырып отырған кәсіпкерлердің де, осы салаға жауапты адамдардың да қоршаған ортаға, табиғатқа, демалушыларға «құрметінің» қаншалық екенін көрсеткен оқиға болды. Әсіресе, еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің бұл мәселеге аса бір «жаға ұстататын» жайт деп қарамауы көңілге қонбады. Көл бетінде қалықтап жүрген пластик бөтелкелер мен бос пакеттер, жағажайда шашылып жатқан қоқыс халықтың экологиялық мәдениетінің әлі де болса төмен екенін көрсетеді. Жауапкершіліктің төмендігін ғана емес, жауапқа тарту жағының да кемдігінен хабар береді. Оның үстіне, қоқыс салатын урналар да жеткілікті емес. Мәселен, біз барған Ақши жағында дәл жағажайда қоқыс салатын жәшіктер көзімізге түспеді. Ал үлкен контейнер сәл қашықта екен. Туризмді дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды жетілдіру керектігін әлі де жетік түсінбейтін секілдіміз. Мұны, тіпті, жол бойы-ақ еріксіз мойындайсың. Талдықорғаннан Үшаралға дейін жеті сағаттай жүрдік. Жол бойында дені дұрыс бір дәретхана жоқ. Осының өзі-ақ талай жайттан хабар береді.

Жоғарыда айтқанымыздай, жол жасалса, көлге келушілер саны күрт көбейетін түрі бар. Ал оған дайындығымыз шамалы секілді. Инфрақұрылым жағынан ғана емес, мәдениетіміз бен экологиялық сауатымыз жағынан да. Алакөлдің экологиясы жылдан-жылға бүліне берері анық. Сондықтан мұнда келушілердің ғана емес, осында тұрақты қызмет етіп, нәпақасын тауып жүргендердің де экологиялық сауатын көтерген жөн. Мәселен, Мысырдың әйгілі Шарм-Эль-Шейх демалыс аймағына жергілікті халықты кіргізбейді екен. Ал қызмет көрсететін персонал міндетті түрде арнайы оқу курсынан өтеді. Олар келушілерге қалай қызмет көрсетуден бастап, барлық ұсақ-түйекті оқып-біліп, сынақтан өтеді. Содан кейін ғана демалыс аймағында жұмыс істеуге рұқсат етеді екен. Дәл осындай болмаса да, экологиялық мәдениетті көтеретін шаралар бізге де керек-ақ. Сонда Жалаңашкөлдің қара балшығын салып әкелген пакеттер көл жағасында шашылып жатпайды. Балықтың қылтанағы, сусынның құтысы мен тәтті-пәттінің қағазы әр жерде үйіліп тұрмайды. Пластик бөтелкелер су бетінде қалқып жүрмейді. Көліміздің қадірін алдымен өзіміз білсек, өзгеден де соны талап ете аларымыз анық.

Жұлдыз ӘБДІЛДА

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз