6 тамызда қазақтың даңқты футболшысы, қақпашы Құралбек Ордабаев 70 жасқа толды.

Бірде КСРО құрамасы мен Киевтің атақты «Динамосының» шабуылшысы, «Алтын доптың» иегері, КСРО чемпионатында 211 гол соққан Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы: «Менің «Спартак», «Торпедо» және тағы басқа командаларға соққан добым есімде. Бірақ, «Қайратқа» қай кезде гол соққанымды есіме түсіре алмай тұрмын. Қазақ командасының қақпашысы Ордабаев мықты болды, әсіресе ол пенальти қайтарудың «құдайы» еді», – депті.

Блохин тамсанған Құралбек Досжанұлы Ордабаев 1949 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Өткен ғасырдың 70-жылдарындағы ең үздік қақпашымыз еліміздің бірінші командасы «Қайраттың» (1971-1983жж.)  қақпасын күзетті.

Қазір футболымызда қазақ қақпашы өте аз, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Ал кезінде «Қайраттың» қақпасына төнген талай қауіпті соққыны қайтарған қазақ қақпашы бар еді, ол – Құралбек Ордабаев.

Қақпашылар алатын №1 жейдені иемденген Құралбек ағамыз команданың бірінші қақпашы атағын 12 жыл бойы ешкімге ұстатпады. 1971 жылы КСРО чемпионатының сол жылғы ең үздік жаңа ойыншысы атанды. Бар болғаны 22 жастағы қақпашы үшін одақ көлемінде алған бұл жүлдесі қомақты болатын.

Шымкенттік бозбаланың футболға қызығушылығы ауладан басталған.  Құрдастарымен бірге қалада өтетін мектепаралық  жарыстарға үнемі қатысып жүреді. Сондай бір жарыста «Металлург» командасының бапкері Виктор Плясунов Құралбекті байқап, командасына шақырады.  Плясунов бапкердің қарамағында жаттығып жүрген жиырмаға жуық бала бар еді. Бірақ, Құралбектің жасында барлығы шабуылшы болып, гол соққысы келеді, қақпаға тұруды ешкім қол көрмейді. Содан команда құрамында қақпашы болмағандықтан, барлығы Құралбектің қақпаға тұруын өтінеді. Виктор Петрович Құралбектің шеберлігін шыңдап, 1-2 жыл көлемінде команданың негізгі қақпашысы ретінде тәрбиелеп шығарады.

Алғашында ата-анасы оның футболшы болғанын қаламады. Оқуын оқып, жұмыс істегенін құп көрді. Алған бетінен қайтпайтын Құралбек бәрібір футболды тастамады. Тапқан табысын үйіне әкеліп, бауырлары мен ата-анасына көмектесті. Осыдан кейін ғана әке-шешесі баласының футболға деген құштарлығын түсініп, батасын береді.

Құралбек аға «Қайратқа» келмес бұрын Өзбекстанның «Пахтакор» командасынан шақырту алған. Басында Ташкент жақын болғасын «Пахтакорға» ауысуды құп көрген еді. Бірақ әкесі Өзбекстан командасына ауысуға үзілді-кесілді тыйым салыпты. «Балам,сен не «Қайратта» ойнайсың, не футболды біржола тастайсың» деген шарт қояды. Әке сөзі Құралбек үшін қашанда заң болатын.

1971 жылы «Қайраттың» бапкері Котляров Шымкентке келіп, әкесі Досжанмен сойлесіп, ақыры екіжақты келісімнен кейін баласының «Қайратта» ойнауына рұқсатын берді. Дегенмен, бір шарт қояды. Алматыға кетпес бұрын алдымен үйленуі қажет екенін айтады. Әке ұсынысы тез арада орындалады, өйткені бұл кезде оның жүріп жүрген қызы бар болатын.  Үйлену тойынан кейін бірнеше күн өткен соң, «Қайратпен» бірге оқу-жаттығу жиынына аттанады.

Ол кезде Алматы командасында Шведков, Степанов сияқты шебер қақпашылар ойнап жүрген. Бәсекелестіктің оңай болмайтынын осыдан-ақ түсінді. Бас бапкердің Құралбекке сондағы айтқаны: «Егер негізгі құрамның қақпашысы болғың келсе, өзіңді дәлелде, жатпай-тұрмай дайындал». Арада жарты жыл өткен соң, Ордабаев Минскінің «Динамо» клубымен ойында  алғаш рет алаңға шығады.

Осы матчтың  бірінші таймында қақпашы Шведков өте көп қателік жіберген соң, үзілістен кейін бас бапкер Ордабаевты шығарады. Команда капитаны Сергей Рожков та Құралбекке қолдауға көрсетеді. «Қайрат» бұл ойында «Динамомен» тең ойнады. Құралбектің үлкен футболдағы жолы осылайша басталған екен.

Сол жылы «Қайрат» халықаралық теміржолшылар одағының кубогын ұтып алды. Финалда «Қайрат»  Румынияның «Рапид» командасымен кездесті. Бухаресте өткен алғаш ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Алматыдағы қарымта кездесуге Орталық стадионға 32 мың жанкүйер жиналады. Жерлестерінің қызу қолдауының арқасында «Қайрат» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Алматы  командасы осылайша өз тарихында алғаш халықаралық теміржолшылар одағының кубогына иелік етті.

Ордабаевты Одаққа танытқан 1973 жылғы маусымда 16 пенальтиді қайтарған сәті болатын. Арада 2 жыл салып, «Алтын допқа» қол жеткізген атақты Киевтің «Динамосының» шабуылшысы Олег Блохиннің өзі Құралбекке пенальти соға алмаған. Бұл жайлы Құралбек аға былай дейді:

«Мен Блохиннің пенальтиді қалай орындайтынынан хабардармын. Ол көбіне жүгіріп келіп, сол жақ бұрышқа тебуге тырысады. «Динамомен» болған ойында біздің қақпамызға пенальти белгіленді. Сол кезде Блохин орындаған пенальтиді сәтті қайтарғаным бар еді», – дейді ол.

Құралбек Ордабаев осылайша 1971-1982 жылдар аралығында барлығы  254 ойын өткізді. Қазақ футболының флагманы «Қайраттан» 1982 жылы кетіп, Шымкентке оралады. «Мелиоратор» командасына аз уақыт өнер көрсетіп,  кейіннен футболшылық карьерасына нүкте қойды.

Футболшылық карьерасы аяқтаған соң, бірнеше қызмет атқарды. Қазақстан футбол федерациясының президенті, «Қайрат» командасының директоры, вице-президенті, президенті, ҚР спорт және туризм агенттігінің спорттық ойын түрлері бойынша кеңесшісі болды.

Сөзіміздің басында айтқандай, қазіргі қазақ футболында қаракөз қақпашыларымыз өте аз. Кешегі «Қайраттың» қақпасын күзеткен Құралбектер сияқты қақпашылар қажеттілігі қатты сезіліп тұр. Ұлттық құрамамыз ойын сайын көп доп жіберіп жатқаны тағы бар, ендеше қазақ даласынан лайым Құралбектер көптен шыға берсін.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз