Химиядан халықаралық олимпиада жүлдегерлері қандай оқу орнын таңдағаны бəрімізге қызық. Оны Құндыз зерттеп көрген екен. Құндыздың осындай тақырыпта қалам тербей бастағаны өзге жас тілшілерге де ой салар. Ендеше, барлық авторымыздан химия, биология, математика, физика бағытында жетістікке жетіп жүрген замандастары туралы жиі жазуын өтінеміз.

Техника мен білімнің жоғары деңгейінде, жеке ғылым салаларында жетекшілік ете білетін жас буын өкілдерінің болуы – мемлекет үшін əлемдік аренаға шығудың басты құралы. Еліміздің əлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесі тең болуына атсалысып жүрген жастарымыз қаншама. Оған 21-30 шілде аралығында Франция астанасы Парижде өткен 51-ші халықаралық химия олимпиадасында топ жарған жастар дəлел.

Халықаралық химия олимпиадасы алғаш рет 1968 жылы Чехияның Прага қаласында өткен. Алғашқыда 3 мемлекет қана қатысқан олимпиадада биыл 80 елдің жас химиктері бақ сынады. Білім бəсекесінде еліміздің жас химиктері де сенімді ақтап, Қазақстан құрамасының қатысушылары жеке есеп бойынша 1 күміс (Черданцев Владислав), 3 қола (Мельниченко Даниил, Нұрпейісов Олжас, Көпенов Нұрлыхан) медальға ие болды. Владислав – Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейдің оқушысы. Ал Даниил – Павлодардағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің, Олжас Қарағанды қаласындағы Білім-инновация лицейінің, Нұрлыхан Өскемен қаласындағы Білім-инновация лицейінің түлегі. Биыл мектеп бітірген Даниил, Олжас жəне Нұрлыхан Оңтүстік Кореяның үздік жоғары оқу орнының студенті атаныпты.

Химия пəнінен Қазақстан Республикасының құрамында болу – үлкен жауапкершілік. Мемлекетіміздің атынан сынға түскен жастарымыз да əбден сараланып, құрамаға алынған. Алдымен республикалық олимпиадада өздерін дəлелдеп, кейіннен 30-дан астам ел үздіктері қатысқан 53-ші халықаралық Менделеев олимпиадасында топ жарған 4 жас химигіміз осы халықаралық олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алған. Осындай білім шыңының ең биік нүктесін бағындырып жүрген, əлі де бағындыратын жастарға тек сəттілік тілейміз!

Құндыз НАБИДОЛЛА
Зайсан ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы

Ұлан» газеті, №33
13 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз