ЖОЛДА

Көшеде көп көлік,
Байқа бәрін көріп,
Өтем деме жолдан
Бөгелместен желіп.

Қызыл жанса – тоқта,
Түспе тура отқа,
Сары жанса, саспа,
Сабырыңды сақта.

Жүгір жасыл жанса,
Жұртпен бірге барша,
Жасыл жанбай, жүрме,
Асықсаң да қанша!

Өткен кезде жолдан,
Қара әуелі солға,
Ортасына жетіп,
Бір қарап ал оңға!

ҚАРЫНДАС ПЕН ҚАРЫНДАШ

Қызыл, жасыл қарындаш,
Қызықтырар баланы,
Қарындасым Қарлығаш,
Қызық сурет салады.

Бояғанда батырып,
Сынып қалды қарындаш,
Оған қатты өкініп,
Жылап қалды қарындас.

Айттым оған : «Жылама,
Қазір қайта ұштаймыз,
Қағазға көп батырмай,
Еппен ғана ұстаймыз!»

Ұшталғасын қарындаш,
Көңілі жай табады,
Сурет салып Қарлығаш,
Алды бестік бағаны.

САНАМАҚ

Бір дегенім біреу,
Жеке дара тіреу,
Жалғыз тұрған таяқ,
Жұпсыз қандай жүдеу!

Екі бірлік мықты,
Екеу дейді жұпты,
Екіліктен басқа,
Барлық екі құтты!

Үш дегенім үштік,
Үш саусақты қыстық,
Біреу,екеу, үшеу,
Үшке тура түстік!

Төртті тура сана,
Төрт қабырға – пана,
Дөңгелегі төртеу,
Машинаның, қара!

Бес саусақ тұр бөлек,
Бесеуі де зерек ,
Жұдырықтай жұмып,
Бестік алу керек!

Ал санайық, алты,
Алтау дейді жалпы,
Алты жаста ат міну
Ата-бабам салты!

Жеті қабат жерім,
Жеті қабат көгім,
Қазына да жетеу,
Жеті ата – тегім!

Сегіз деген семіз,
Екі шеңбер егіз,
Бірін бірі байлап,
Ұстап тұрған негіз!

Тоғыз жалғыз өзі,
Бірлік санның шегі ,
Одан үлкен сан жоқ,
Бәрінен де көбі!

Нөлді байқап таңда,
Мән болмайды онда,
Қоссаң дұрыс санға,
Көбейеді сонда!

Бірге тіркеп нөлді,
Табасың тез онды,
Барлық санға солай,
Тіркей берсең болды!

Жазыңдар деп жүзді,
Үйреткенде бізді,
Бір санынан кейін
Екі нөлді тізді!

Табыңдар деп мыңды,
Апай сұрап тұрды,
Үш нөл тіркеп бірге,
Балдар қызық қылды!

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз