Бұрын «компьютерлік сауаттылық» туралы көп айтылатын. Қазір «қаржылық сауаттылық» деген сөз сәнге айналды. Қаржылық сауаттылық деген қарапайым тілмен айтқанда қалтаңдағы ақшаға ие болу, дұрыстап жұмсау, шама келсе еселеп көбейту.

Қаржылық сауаттылық қаржысын игере алмай жатқандардың ғана мәселесі емес, Құдайдан үмірі бардың бәрінің бас қатыратын шаруасы. Өйткені қазір қоғамда болып
жатқан келеңсіздіктердің дені ақшадан туындап жатыр. Біреу несиесін төлей алмаса, енді біреу тапқан табысын ұқсата алмаса, қолындағы ақшасын керексіз нәрсеге жұмсап қойып, пұшайман болып жатса, «осының бәрі қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан» деген уәж
айтылады. Түрлі қаржы пирамидаларына алданып қалатындарды, қолындағы айлығы жұмсалып кетіп аузын ашып қарап отыратындарды, несиеге белшесінен батқандарды партаға отырғызып, сабақ өткізетін уақыт келді.

Бұл мәселеге неге алаңдап отырмыз? Қоғамдағы өзекті болып тұрған мәселенің барлығының бір ұшы балаларға тиеді. Тіпті үлкендерге қарағанда, көп зардап шегетін де балалар болуы мүмкін.

Болашағын ойлаған ата-ана баласының да ертеңгі күнін ойлайды. Үйінде қоғамдағы мәселелерді бала-шағасымен талқылайтын ана-ана бар шығар. Бірақ олар соншалықты көп емес екені анық. Үлкен қалаларда балаларға ақшаны қалай үнемдеп жұмсау керек екенін үйрететін курстар бар. Одан бөлек үлкендерге де арналған түрлі тренингтер өтіп жатады.

Бірақ қаржы ұйымдары арнайы оқу-құралдарын шығарып, жарнамасын жасап жатқанымен, ауыл-аймаққа оның иісі де бармайды. Оның үстіне қазекең «оқуыңды оқы,
сосын ақша табасың», «ақша деген жаман, құмар болуға болмайды» деп әйтеуір ақшадан алшақ ұстағысы келеді. Осының бәрі қаржылық сауаттың жоқтығынан емей немене?

Балаларға қаржылық сауаттылық туралы айтпас бұрын, олардың ата-анасының қаржылық
сауаты қай деңгейде деген сұрақ көлденеңдейді. Бұл жекелеген азаматтардың ғана шаруасы ма, әлде мемлекеттің де шаруасы ма? Осы сұрақтарды белгілі экономист Мақсат Халыққа қойдық.

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

«Қаржылық сауаттылық туралы ұлттық бағдарлама керек»

– Халықтың қаржылық сауаты жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Қалалық жерлерде, үлкен орталықтарда халықтың қаржы туралы белгілі бір дәрежеде білімі болғанымен,
көбіне қазақтілді ортаға жат тақырып деп ойлаймын. Халық жалақы алады. Бірақ оны ретімен жұмсауды, көбейтудің қандай құралдары бар екенін білмейді. Орыстілді ортада түсінік бұрыннан қалыптасқанын мойындауымыз керек. Несие алатын кезде қанша
пайызбен беріп жатқанын, тиімді пайыздық мөлшермен беріп жатыр ма, әлде номиналды пайыздық мөлшерлемемен беріп жатыр ма деген сұрақтарды қоя алады. Ал қазақтілді
орта ондай сұрақты қоя бермейді. Пайызын біледі де, келісімшартты оқымайды.
Банктің келісім бергеніне мәз болып кете береді. Сондықтан әркім өзінің пайдасы үшін мұны білу міндетті.

– Қаржылық сауаттылықты арттыру үшін мемлекет не істеу керек? Экономист ретінде қандай ұсынысыңыз бар?

– Көптеген мемлекеттің тәжірибесінде, тіпті Үндістанда қаржылық сауаттылықты арттыруға
байланысты ұлттық бағдарлама жасалған. Бізде Ұлттық банктің өзінің қаржылық сауаттылық туралы бағдарламасы қабылданған. Бірақ ол бағдарламаның жүзеге
асырылу жағы нәтижелі болып жатыр деу қиын. Халық көбіне девальвациялық
жағдайларда, түрлі қаржы пирамидаларының алдауына түсіп қалғанда ғана қаржы
туралы оқи бастайды. Оның алдын алу, халыққа түсіндіру мәселесі кемшін. Сондықтан
бірінші кезекте қаржылық сауаттылықты арттырудың ұлттық бағдарламасы жасалу керек. Оны қаржылық ұйым өзі ғана қабылдай салмай, арнайы фокус-группа дайындап,
тәжірибесі бар мамандарды тартып, жан-жақты жасау керек. Соңғы жылдары қаржылық сауаттылық мәселесімен бірлі-жарым банктер ғана айналысып жүр. Бәлкім Ұлттық банктің
тапсырмасын ұтып алған шығар… Каспи банк, Хоум кредит банктер арнайы кітапшалар шығарды. Бірақ бұл тоқтаусыз жүріп жатқан процесс емес. Осы саладағы мәселені
Ұлттық банк мойнына алып, тоқтатпай жүргізуі керек. Енді-енді қаржылық сауаттылыққа байланысты арналар ашылып жатыр. Мысалы, осыған дейін Atameken business channel мультимедиялық арнасы болмаған еді. Сосын «Балапан» телеарнасы «Әмиян» деген бағдарлама арқылы балаларға қаржылық сауаттылық туралы айтып жүр. Дегенмен
мұның өзі аздық етеді. Өйткені өңірлерге мұндай ақпараттар бармай жатыр. Тіпті қаржылық сауаттылықтың не екенін білмейді. Бұл мәселені арнайы топ ұйымдасып, проблемалық
несиелер болып жатқан жерлерге барып, сабақтар өткізу керек деп ойлаймын.

– Өзіңіз экономист ретінде үйіңізде сабақ өтесіз бе?

– Сегіз жастағы бір қызым бар. Белгілі бір дәрежеде үйретіп жатырмыз. Ақша жинап, өзінің қалаған затын алады. Ақшаны ұстап көруге, жұмсауына еркіндік береміз. Ақшаны қалай жұмсау керек екенін айтамыз. Осы бағытта жалғастыра береміз. Алғаш «Әмиян» бағдарламасына барған кезде, балалардың жасы 12-13-те болған. Осы жолғы бағдарламаға қатысқан балалардың үлкені 12-де, ең кішісі 9-да екен. «Мәссаған, бұл бала
қаржылық сауаттылықты қалай игереді?» деп таңғалдым. Бірақ алғыр екен. Кейін қарасам әрбір сауда жасаған сайын түбіртек сұрап, тұтынушылық құқықтарын қорғап, өздерін
көрсете алды. Соған қарап балаларды 7-8 жастан бастап баулыған дұрыс па деп қалдым. Коммуналдық төлемдер қалай есептеледі? Ақшаны қалай үнемдеу керек? Кіріс қалай пайда
болады? Шығысты қалай есептеу керек? Осы мәселелерді бала есін білгеннен бастап үйрете берген дұрыс.

– Балалар сауатты болу үшін, ата-анасы да сауатты болуы керек емес пе?..

– Иә, ата-ана сауатты болмаса, бала қайдан сауатты болады? Қазір ең үлкен мәселе – халық несиеге қатты ұрынып қалып жатыр. Қайтарылмаған несие көп. Бұдан банктер зардап шегеді. Қазіргі жағдайлары тіпті мүшкіл. Халық ойланбай қарыз ала беретін болды. Тауып жатқан табысын үйлестіре білмейді. Ары кетсе тек депозитке салады. Құнды қағаздармен жұмыс жасау, акциялар мен облигацияларды алып, табыс табу, Ұлттық банктың ноталарын алу-сату секілді түрлі тәсілдері бар. Бұдан адам байып кетпесе де, инфляция деңгейінен жоғары кірісті қамтамасыз етеді. Демек, ақша үйде құры жатса, инфляция жеп қояды. Ал егер жаңағындай тәсілдерді пайдаланса, сәл де болса қаражатын көбейте алады. Мұны әрбір отбасы білу керек. Сонда қаржылық тұрақтылық болады. Қаржылық тұрақтылық болған отбасында береке болады, ажырасулар сияқты кері салдар болмайды. Халық қаржылық сауаттылық банктердің мәселесі сияқты таңсық көреді. Негізі бұл біздің күнделікті өміріміз, шаруашылығымыз екенін естен шығармағанымыз жөн.

– Халықтың қаржылық сауатты болуына мемлекет қаншалықты мүдделі?

– Осы мәселені көтерген кезде, Ұлттық банктың бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов: «Кейінгі жылдардағы девальвация халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып жіберді», – деп күлген еді. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін неге «шоковая терапия» қолдануымыз керек? Меніңше, ол дұрыс емес. Халықты қаражатынан айырып, қиыншылыққа душар етіп барып мәжбүрлеудің нәтижесін көріп жатырмыз. Одан гөрі жүйелі түрде оқытып, онда да балалардан бастап үйтеру – берекелі әрі иманды іс болар
еді. Өңірлерге шығып, тренингтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу – әлдеқайда тиімді. Нәтижесінде алаяқтарға алданбайтын ұрпақ өседі. Халық та тазалыққа қарай бет бұрады, көлеңкелі экономиканы жоямыз. Сөйтіп таза ақша айналымын
қамтамасыз етеміз, экономикамызды дамытуға әрбір азамат үлес қоса бастайды.

– Рақмет!

Әңгімелескен Балжан
МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз