Әкемнің көлігінде келе жатырмыз. Мектепті бітіріп, өмір жолының алғашқы сынағы ҰБТ-ны
тапсырып, мамандық тандап, көңілім жәй. Барлығы жақсы болып тұрса да, мектепті бірге
бітірген достарымнан алыстағым келмейді. Неге қаладан көшіп келеміз? Сол жерде тұра берсек, барлығы қаз-қалпында қалса деп ойлаймын. Көлікке қарсы соққан нәзік самал жел самайымдағы балапан шаштарымды артқа қарай тарап еркелетсе, бетіме соққан ыстық леп ойымның дұрыс еместігін сездіргендей жұлқына ұрады. Әке-шешем болса өздеріннің істеріне риза. Бұл жерде өз үйіміз, ауламыз болады екен, бұйырса. Әкем «қаладан алыс дегені болмаса керемет» дейді, шешем оны қоштайды. Алматыда пәтер жалдап тұрғанбыз. Мен таңдаған университет Каскелең қаласында орналасқан, яғни біздің ауылға жакын. «Қаладан Алмалыбаққа келетін автобуста халық көп. Қызымыз алыс жолға шығып көрмеген. Жол тауқыметін көретін болды-ау. Автобусқа сыймай қалуы да мүмкін», – деп уайымдап отырған шешеме әкем: «Көпшілік ортаға, автобуспен жүруге үйренеді» деп салмақты айтты. Көлікте отырған барлығымыз жауаптың осылай боларын білген де едік.

Ауылға да келіп жеттік. Көлік тоқтай салысымен барлығымыз жүктерді тасуға кірістік. Қаладан мүлдем басқа. Ымырт үйіріліп, қас қарайса болды, кешкі асымызды іше салып, әрқайсымыз өз орнымызға отыра қалып, сабақ оқимыз. Университетке баратын кез де келіп жетті. Бірінші Алмалыбаққа барып, одан әрі Каскелеңдегі университетке баруым керек. Бұл күндегі әдетке айналған тірлік. Ыңыранып әрең келетін автобусқа жапа-тармағай ұмтылысқан ел бір-бірін итеріп, жұлқып, балағаттап, есікке ілінеді. Мен сияқты студенттер мен оқушылар есікті ашып-жауып тұрамыз. «Бұған да шүкір» дейтін күндеріміз болады, кейде автобусқа сыймай, қол бұлғап қала береміз. Анамның айтқаны айнымай келді. Жолдың тауқыметін сезе бастадым. Сабақтан шыға сала аялдамаға асығамын, қай уақытта шықсам да қаптаған халық.

Қыс келді. Адамдардың лебінен автобус іші тұманға айналды. Терезе сірескен қырау. Сабаққа бара жатқан студенттер терезедегі қырауды жылы леппен үрлеп, көздей тесік
жасап алып, сығалайды. Қыс болса да мәз боламыз. Өйткені алда Жаңа жыл мейрамы бар. Оның үстіне бірінші рет жаңа достарыммен мейрам тойлаймыз. Қыс кезінде автобустың ішіндегі жолаушылар мойнын ішіне тығып алған торғайдай мелшиіп отырады. Байқамай тиіп кетсең, баж ете қалады. Осындай оқиғаларды тамашалап, қызық көріп, әйтеуір көңілімді түсірмеуге тырысамын.

Мені тағы бір қуантатыны Сулейман Демирел университетінде оқитыным. Оқу ғимаратты биік, әдемі әрі достарым да көп. Кампуста 2 асхана және 3 кантин бар. Ол жерде студенттер тамақтанумен шектеліп қоймай, сабаққа дайындалуға, өзара отырып сұқбаттасуға жағдай жасалған. Мысалы, Мағжан Жұмабаев үйірмесіне қатысып, ой-пікірлерін ортаға салып, ашық сұқбаттасады, өлең оқып, өнерлерін аянбай, жарыса ортаға салады. Барлығы ұйымшыл. Үлкен курстың студенттері кіші курстарға қамқор. Осылайша жаңа қонысым достарым арқылы жақсы көріп кеттім. Тіпті күнде қысылып барып, қысылып қайтатын автобусты да ұната бастадым…

Аяжан САҒИДОЛДА,
«Ақ желкеннің» жас тілшісі.
Сүлейман Демирел
университетінің 1-курс студенті.

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз