Көшпелілердің қалыптасқан əскери жүйесі болған. Ал бабаларымыз соғыс тактикасын одан əрі дамыта білген. Əскердің құрылымы, соғыс жүргізу тактикасы мен əдіс-айласы, ұрыс барысына ықпал еткен батырлардың жекпе-жегі, жауынгерлердің рухани жəне тұлғалық болмысы жинақтала келе қазақ əскери өнерінің өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Тарихтан белгілі Орбұлақ шайқасы кезінде де ұтымды тактика қолданылғаны белгілі. 600 сарбаз 50 мың жоңғарды қалай жеңгені жұрттың бəрін қызықтыратыны жасырын емес.

Қазақтар ұрыс жүргізудің небір тактикалық тəсілін соны ұтымды қолданған батырлардың атымен атайтын болған. Мысалы, Абылай Бұқар жыраудан батырларының жағдайын сұрағанда: «Жанатай Талқы арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжандап өтеді, ал Хан-Баба қайтып келеді», – депті. Мұндағы «Құлжандап өту» ерлік пен айла көрсетіп, мықты ұрыс жүргізіп, жау қолынан сытылып шығады дегенді білдіреді екен. Бұл ұрыс əдісі ертеректе батыл жауынгер əрі керемет тактик болған Құлжанның атымен аталып кетіпті.

«Көз алдау». Айқас кезінде кейде қазақтар жау жағы əскер саны көп деп ойласын деп атқа адам бейнесін, киіндірілген қуыршақтарды қондырып қойған. Бұл əдіс əдетте қарсыласына үрей туғызады. Жау басым түссе, жауына арт жағынан қууға жол берген. Олар бір-бірінен бөлінген кезде іздеріне түсіп қуа жүріп, майдандағыдан бетер қырғынға ұшыратқан.

«Ай қораланды» – қазақ əскерінің жоңғарлармен қақтығыста көп қолданған əдістерінің бірі. «Ай қораланды» тəсілі – жауын айналдыра сырттан қоршап алып, содан соң біртіндеп қыса түсу.

«Қоян қашты» – өздері əдейі қашып, бөлініп қуған жауды қоршап алып, жойып
жіберу. Алдыңғы əскер легін жау көріп қалса, оған жақындап барып, садақпен бірнеше рет атқан. Жау сескенбесе, оны алдау үшін кейін шегініп, негізгі əскердің торуылына ілестіріп келген, сөйтіп, қоршауға түсірген. Егер жаудың күші аса басым екеніне көзі жетсе, одан бір немесе екі күндік жерге қаша шегініп кетіп, басқа жасырын жолға түсіріп, торуылдай жүріп, қырғынға ұшыратқан. Бұл əдіспен ала алмаса, он, он екі күндік жерге шегініп кетіп, қауіпсіз бекіністі жерге орналасып алып, бөлшектеніп жеткен жауды жеңу амалын тапқан.

Бір атап өтерлігі, Аңырақай шайқасында қазақтардың негізгі қаруы садақ, найза, қылыш, айбалта, қанжар, арқан болғандықтан, олар отты қарумен сақадай сайланып келген жоңғарды жеңе алмауы да мүмкін еді. Əбілхайыр бастаған қазақ батырларының жауды көпшілік жағдайда қоршауға алып, жеке-жеке жойып жіберіп, жаудың тылмен байланысын үзіп тастап отыру тактикасының арқасында жеңгені белгілі.

«Тұлғама». Қазақтар шабуылда өздерінің «тұлғама» немесе «тұлғамыш» деп аталатын тəсілін қолданған. Бұл сөз көне түркі тілінде «қоршап алу» жəне «қарату» деген ұғымдарды білдіреді екен. Тұлғама – жауды қоршап алып, қоршаудағы жауға не оның тылына шабуыл жасау. Бабыр қолжазбаларында тұлғаманы Дешті Қыпшақ халқының шабуылдағы ұлы өнері ретінде көрсетеді.

«Теріден жасалған қайық». Плано Карпини мен Гильом де Рубруктың айтуы бойынша, түркілер мен моңғолдар əскери қақтығыстарда қиын жағдайда өте айлакер, жол тапқыш болған. Алдарынан үлкен өзен кездесіп қалса, асқан айлакерлікпен жауынгерлерін де, аттарын да, мүліктерін де аман алып өтеді екен. Олар теріні дөңгелек қап тəріздендіріп тігіп, оған арқан өткізетін тоғалар қадап, ішін жорықта қажет зат, мүлік, киім-кешекпен толтырады, өте мықты етіп байланыстырады. Осы əдіспен жасалған қайықты адамдар ат құйрығына байлап өздері үстіне отырады екен. Кейде екі ескек алып, соны есе отырып, арғы бетке өтеді екен. Сондай-ақ, əрбір сарбаз теріден мықтап тігілген қалта немесе қапшық ұстаған. Мұны алып жүруге кез келгені міндетті болған. Онымен де жоғарыдағы əдіс бойынша жүзіп өткен.

«Жылжымалы қамал». Екі жақтың күші бірдей түсіп, жаумен бетпе-бет кездесер
жағдай туса, қазақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Əдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құрады. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Əр топтың арасына жəне арт жағына шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да əскер болған. Жау жағының күші басым түсіп, шабуыл бастайтынына көзі жетсе, соғысу тəсілін басқаша жүргізген. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасаған.

Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудырған. Жау қай жағынан келсе де, дөңгелене құрылған бекіністегі қазақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне қазақтар əлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің əлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына қазақтардың бекінгенін білсе, əдетте жау ұрыс ашпай, өз бетімен кейін шегінеді екен.

«Моңғол диірмені». Жау кенеттен шабуылдаған жағдайда қазақ əскері қапталды
қабыстырып шеңбер жасайды да, атпен айнала шауып жүріп жауға қарай садақтан оқ жаудырады. Жау қоршауының ішінде қалып қойса да, сыртында болса да, осылай айнала оқ жаудырып, жеңіске жеткен.

«Бауыржанның шиыршығын» білеміз бе?

Екінші дүниежүзілік соғыста Бауыржан Момышұлының даңқты бабаларының тарихынан жақсы хабардар екені соғыстағы əскери тактикаларынан жақсы аңғарылады. Батырдың соғыс өнерін көп жыл бойы зерттеп жүрген Ким Серікбаев Момышұлының шегініп отырып соғысу тəсілін Кеңес үкіметінде бұрын-соңды болмаған жаңалық ретінде қарастырады. Тіпті «Бауыржанның шиыршығы» деген термин енгізеді. «Бауыржан Момышұлының батальоны қоршауды бұзып шығып, əскери қуаты басым күштерден шегініп отырып соғыс жүргізген. Батальон бас-көзсіз қашпаған, шегіне отырып ормандар мен төбелерді пайдаланып, жау колонналарына шиыршық сипатты тұтқиыл шабуылдар жасаған», – деп жазады Ким Серікбаев.

Бауыржан Момышұлы – екі жүзден астам соғысқа қатысып, бірнеше рет қоршауда қалған қолбасшы. Соның бəрінде əскери əдіс-тəсілдерді игергенінің арқасында аз шығынмен тапсырманы артығымен орындап отырған.

Дайындаған Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Ұлан» газеті, №32
6 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз