Белгілі балалар жазушысы Бақыт Досымовтың туғанына 60 жыл

Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, белгілі балалар жазушысы Бақыт Досымов өмірден ерте өтті. Ол университет қабырғасында оқи жүріп, еңбекке араласты. 1984-1998 жылдары Қазақ радиосының Балалар мен жастар редакциясында қызмет ете жүріп, балалар мен жасөспірімдерге арналған бірқатар танымдық, студенттер мен жастардың өміріне қатысты тағылымдық бағдарламаларды дүниеге әкелді.

Балаларға арналған әңгімелері, ұлттық мәселелерге қатысты мақалалары «Жас Алаш», «Ана тілі», «Өркен», «Ұлан» газеттерінде, «Балдырған», «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ»  журналдарында жарияланып, бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу құралдарына  енді.  Жазушы өмірден озған соң 2000 жылы «Мейірбектің көгершіні» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді. Арамызда жүргенде ол биыл 60 жасқа толар еді.

МҰҒАЛІМ

Күн арқан бойы көтерілген тұста үшеуі қол ұстасқан күйі үлкен шатырлы, еңселі үй алдындағы алаңға жиналды. Күндегі әдеттері осы. Бейне бір уәделесіп қойған дерсің. Содан соң тұс-тұстан өздері шамалас өзге құрбылары келіп қосылады. Еш нәрседен алаңсыз. Көп ұзамай өздерінің сүйікті ойындарын бастай жөнеледі.

– Кәне, балалар, тыныш отырыңыздар!– Қаз-қатар отыра қалған балалар жаңа ғана өздерімен бір жүрген Сәлиманың әп-сәтте мұғалім болып алдарында тұрғанына таңданбайды. Айтты ма, бітті. Орындайды. Күні бойы шулап отырған балалар сап тыйылады.

– Бүгін кім жоқ сабақта?– Қолындағы оқулығы да, журналы да – сыртқы мұқабасы жыртылған «Әліппеге» үңілді.

– Бәрі де түгел.– Балалар тағы да шу ете қалды.

– Жә, шуламаңдар, түге. Немене соншалықты. Біреуің айтсаңдар да жетеді.– Бұл Сәлиманың біріншіде оқитын Асқар ағасы айтып отыратын Бәтима апайға еліктеп, қатал болғаны. Ол апайын көрген емес, бірақ соншалықты көргісі келеді. Қанша рет мектепке ертіп бар деп өтінсе де, Асқар мұның сөзіне құлақ аспады. «Әлі кішкентайсың, ертең-ақ өзің оқуға барғанда көресің»,– дейді әрі-беріден соң.

– Кәнекей, кешегі өткен тақпағымызды тағы қайталайық.

Осыдан соң бәрі «Әрқашан күн сөнбесін» әнін айтады. Әзірге білетіндері де осы ән ғана. Тіпті сабақ басталғалы айтып келеді.

Ән бітісімен, әрқайсысы ортаға шығып, білетін тақпақтарын айтады. Нағыз қызық осы жерден басталды. Бұрынғыдай емес, оқушылар улап-шулап, Сәлима мұғалиманың айтқанына көңіл де бөлмейді. Өз оқушыларының тәртіпсіз қылығына ренжіген сыңайда қатал бола қалады да:

– Жарайды, бүгінге осы оқығанымыз жетер. Тараймыз,– дейді. Осы сөзді күткендей бәрі де орындарынан шу етіп өре түрегеледі.

– Ертең сабаққа қалмай келіңдер.

Ең алдыда бара жатқан Сәлима «мұғалімнің» мына сөзін бірі естісе, бірі естімей де қалады. Алайда ертеңіне олардың түгелімен «сабақта» отырғанын көресің.

МАҢДАЙ ТЕР

Хамит атасымен әңгімелескенді ұнатады. Балабек қария көп жыл бойы сушы болған. Қазір құрметті демалыста. Сонда да үйде отырғанын көрмейсің. Хамитті ертіп, үй жанындағы бақ ішіне жеміс егіп жүргені. Ешқашан шаршамайды.

– Ата, «маңдай тер» деген не?– деп сұрады бірде Хамит.

Атасы ойға шомды. Көзін бір нүктеге қадады. Әжімдері тереңдеді. Сонан соң Хамитті жетектеп, өзі көшет алып жүрген тоғайға келді. Қолына күрек ұстатты:

– Кәне, екі-үш көшет қазып ал!

Өзі шеткерірек барып, ағаш көлеңкесіне жайғасты. Хамит пора-пора боп терледі. Үйге келген соң да, атасы жақ ашпады.

Жылдар өтіп жатты. Көшеттер үлкен ағашқа айналды. Алма мен жүзім мол жеміс салды. Қоңыр күзде атасы Хамитті ертіп бақ ішіне келді. Қып-қызыл алманың біреуін үзіп, қолына ұстатты. Сондай дәмді!..

– Маңдай тер деген осы, Хамитжан. Өзіңнің маңдай теріңнің жемісі!

Хамит атасын құшақтай алды.

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз