Әлемдік деңгейде табысты өнер көрсетіп жүрген семсерлесуден (ерлер құрамасында) болашағынан зор үміт күттіретін жастардың бары қуантады. Былтыр 23 жасқа дейінгілер арасында өткен Азия біріншілігінде құрамында Ерлік Сертай бар төрттігіміз командалық есепте топ жарған. Бүгінде Ерлік ұлттық құрама сапының белді мүшесі. Сөйте тұра кейде жанарында от жалындаған өрендер көпшіліктің назарынан тыс қалып жатады. Ерлік те сұқбат барысында: «Танымал спортшылар көп қой, неліктен мені таңдадыңыздар?» деп таңданысын білдірді. «Себебі – ел спортының бүгіні де, ертеңі де сен сияқты дарындар» дейміз біз.

– Ерлік, бұл спорт түріне қалай келдің? Әңгімені осыдан бастасақ…

– Бірде анам сұлулық салонына барып әңгіме барасында семсерлесу деген спорт түрінің барын естіп келіпті. Үйге келген соң: «Семсерлесу туралы естіп пе едің? Үйірмеге барғың келмей ме?» деп сұрады. Мен: «Ол қыздарға арналған спорт қой», – деп бірден басымды алып қаштым. 7 не 8-сынып оқып жүрген кезім. Ол уақытта маған бұл спортпен қыздар ғана шұғылданатын секілді боп көрінетін. Анам сонда да: «Тым құрығында көріп келейік» деп қоймай қойды. Амалсыз еріп бардым. Залға кіргенім сол еді, аппақ киімде семсерлесіп жатқандарды көрдім де анама: «Мен қаламын» дедім. Қатты ұнады. Мен ойлағандай емес, қыздарға қарағанда ұлдар көбірек екен. Жолым болып білікті бапкерге тап болдым. Ол кісі білгенін үйретіп, шыңдалуыма жағдай жасады.

– Командада тәжірибелі спортшылар бар. Өзара қарым-қатынас қалай?

– Жас ерекшелігіне байланысты Эльмир Алимжанов, Дмитрий Алексанин, Руслан Құрбанов секілді спортшыларға құрметпен қараймыз. Қарым-қатынасымыз жақсы, әзілдесіп тұрамыз.

– Олар кеңес айтып, көмектесіп тұра ма?

– Әрине, «сырт көз сыншы» дейді ғой. Ақыл-кеңестерін айтып жатса құлақ түремін, іштей сараптаймын. Өзіме ыңғайлысын керегіме жаратамын. Одан намыстанбаймын.

– Биыл наурыз айында құрамамызға кеңесші ретінде венгриялық Ференц Тот деген маман келді. Тіл табысып үлгердіңдер ме?

– Еуропалықтармен тіл табысу жеңілдеу. Олар ашық, үнемі күлімсіреп тұрады. Оның үстіне ол осы спорттың жанкүйері. Сөзі мен ісіне қарағанда, біздің құраманың нәтижесін де жақсартуға мүдделі. Мақсаты – бізді Олимпиада ойындарына қатыстыру.

– Нендей жаңашылдық алып келді?

– Жаттығу процестеріне аз-аздан өзгешеліктер енгізу арқылы барлығы өзгерді. Адам ретінде де, маман ретінде де ол кісіге құрметпен қараймын. Бірігіп жұмыс істеу көп пайдасын тигізіп жатыр.

– Келесі жылы Токио олимпиадасы. Оның лицензиясы қалай ойнатылады?

– Командалық сында Азия және Әлем біріншілігінде жеңіске жетсең, жыл бойы ешбір жарысқа қатыспай-ақ, тікелей Олимпиада ойындарына аттанасың. Олай болмаған жағдайда әлем кубогы кезеңдерінде тұрақты түрде кемінде сегіздікке, төрттікке еніп отыруың қажет. Алдыңғы жолы құрамамызға бірер ұпай ғана жетпей қалған. Биыл сол олқылықтың орнын толтырамыз деп отырмыз.

Жекелей сында әлемдік рейтингте бастапқы 16 спортшының қатарында болуың керек. Оған іліге алмасаң, құрлықтық іріктеуде үздік шығуың қажет. Сонда жолдама қалтаңда болады.

– Сені де Токиода көруіміз мүмкін ғой?

– Бұйыртса, Жапония астанасында өнер көрсетсем деген ниет бар. Ол үшін мүмкіндігім жетеді деп ойлаймын. Жаспын ғой. Тек еңбектену қажет. Семсерлесу жылдам шахмат секілді. Тез шешім қабылдай алуың керек. Сонымен қатар физикалық даярлық та өте маңызды.

– Қай спортшының өнерін ұнатасың?

– Құрмет тұтатын спортшылар өте көп. Солардың ішінде украиналық Богдан Никишин, эстониялық Николай Новоселов, КСРО кезеңінде атой салған Павел Колобковтың өнерін жоғары бағалаймын.

Спортты қылыштасудан (сабля) бастаған оңай деп жатады. Ал сен бірден семсерді таңдадың ба?

– Ол кезде олардың айырмашылығын білмейтінмін. Бапкерлер дене бітіміме қарады да семсерлесуге жіберді. Қазір соған қатты қуанамын. Себебі, қылыштасу немесе рапирада шпагадағыдай жетістікке жетпеуші едім деп ойлаймын. Өзіме осы семсер жақын.

– Семсерлесу қай өңірлерде жақсы дамыған?

– Негізінен ШҚО, Шымкент, Түркістан облысында мықты спортшылар бар. Десек те басты орталық Алматы саналады. Яғни, өңірлерден келген спортшылардың барлығы оңтүстік астанада даярлық жасайды. Соңғы жылдары елорда мен Көкшетауда даму қарқыны қуантады.

– Елімізде бұл спорт түрінің дамуы үшін қаншалықты жағдай жасалған?

– Әлі де кемшін тұстар, қалыс қалып жатқан жерлеріміз бар. Өз басым қарапайым шпага жетіспеушілігінен қиналамын. Семсер жиі сынады. Оны қайта-қайта алмастыру көп қаржыны талап етеді. Себебі, бір шпаганың өзі 120 еуро тұрады. Жыл басынан бері 15-20 семсер ауыстырдым. Енді байыбына бара беріңіз.

– Ал киіммен қамтамасыз ету жағы қалай?

– Бұған дейін мектеп, одан соң қала басшылығы алып берген. Маусымның соңы немесе шілденің басында Ұлттық олимпиада комитеті береді деген. Соны күтіп жүрміз.

– Шпага да әркімнің өз ыңғайына қарай таңдалатын шығар?

– Дәл солай. Саған қолайлы көрінген семсер басқасына тура келмеуі мүмкін. Бой мен қолдың ұзындығы да ескеріледі. Айталық, Дмитрий Алексанин солақай. Ұстағыштың бұрамалы сомын (гайка) секілді болғанын құп көреді. Өзіме ұстағыштың тапанша шүріппесі секілді болғаны ыңғайлы.

– Семсерлесу кербездігімен баурап алатын спорт түрі. Айқастарыңды қайталап көресің бе?

– Маңызды сын аяқталған соң арада бірнеше күн өткізіп барып көремін. Реніш, ашу-ыза басылған соң қай жерде қандай қателік жібергенімді анықтау үшін ғана.

– Өзің мақтан тұтатын, ұнаған жекпе-жегің жайлы айтып берші…

– Мақтан тұтатын айқасым жоқ. Кез келген жекпе-жекте көңіліңнен шықпайтын сәттер болады. Былтырғы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында 1/8 финалда сүріндім. Ширек финалға шыққанда, кемінде қола жүлдегер атанатынмын. Жаттығу да, көңіл-күй де жақсы еді. Не болғанын білмеймін, психологиялық жағынан «сынып» қалдым. Қарсыласым да қолайсыз болды.

– Қару қолданылатын бұл спортта бүгінде қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Семсерлесушілер арасында қандай жарақаттар жиі кездеседі?

– Бізде салмақ негізінен аяқ пен қолға түседі. Аяқты дұрыс қоймасаң, табаныңды ауыртып алуың мүмкін.  Тізе жарақаты, иық пен қол жарақаты жиі кездеседі.

– Семсерлесудің арзан спорт еместігі анық. Бірақ ол қаншалықты қолжетімді?

– Қазір көптеп үйірмелер ашылып жатыр. Белгіленген бағалары бар. Киім де, өзге қажетті құрал-жабдық та, жаттығу да соның ішіне кіреді. Бірақ ол уақытша. Себебі, әр баланың өз киімі болуы керек. Ал бапкердің көзіне түсіп жатса, шығынды әрі қарай да сол мекеме көтеруі мүмкін.

Бізде бәрінен бұрын білікті мамандар жетіспейді. Бастапқы қадамды үйрететін бапкерлер бар, бірақ шәкірттің әрі қарай дамуына жол ашатын, кеңес беретін мамандар жоқтың қасы.

– Шетелге оқу-жаттығу жиындарына қаншалықты жиі барып тұрасыңдар?

– Биыл төрт рет оқу-жаттығу жиындарына барып келдім. Екі рет Мәскеуде, бір рет Польшада болдым. Ал оның алдында өз қаржыммен Украинаға бардым. Себебі, ол жақта спортшылар арасында бәсеке жоғары.

Спорттан тыс уақытта немен айналысасың?

– Өміріміз залда өтеді ғой. Таңғы тоғыздан түскі бірге дейін жаттығу жасап, түскі асымызды ішіп алып қайта даярлыққа кірісеміз. Кешкі беске дейін залда боламыз.

Сенбі күні таңертең 9 шақырым жүгіріп келген соң сауна мен бассейнге барамыз. Сосын дүйсенбіге дейін қолымыз бос. Арасында ағылшын тілін оқимын. Оның үстіне Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің студентімін. Мамандығым спортпен байланысты. Өзім басқа саланы таңдаймын дегенмін, жаттығуларыма түсіністікпен қарап, жеңілдіктер жасайды деген соң жоғары білімім де спортқа қатысты болды.

– Болашақта бапкерлікке ден қоюың мүмкін ғой?

– Бапкерлікке бет бұрғым келмейді. Спорт мектебінде директор болып қызмет атқарып, елімізде семсерлесуді мейлінше дамытсам деймін. Бірақ ол үшін алдымен өзім спортшы ретінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуім керек.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұқбаттасқан Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №32
6 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз