«Оқу ежіктеуден, өсу еліктеуден басталады» деп ақын Қадыр Мырза Əли жазғандай, əрбір адам кітап оқуға ерте кезден дағдылануы қажет. Баланың ынтасын оятатын – əлбетте ата-анасы. Кітаптан рухани нəр алдыру əрбір əке мен ананың бұлжымас міндеті десек қателеспеспіз. Елімізде кітап оқуды насихаттайтын түрлі бағдарламалар шығып жатыр. Сапалы һəм оқылымды болып жарық көрген кітаптар бір атанға жүк. «Мəдени мұра», «Жас толқын», «Əдеби жыр жауһарлары», «Əлем кітапханасы» сынды сериямен шыққан кітаптар сөрелерде самсап тұр. Алдыңғы буын мен орта буынның жəне жастар мен мектеп
жасындағылардың кітапты оқуы, қабылдауы, сіңіруі əртүрлі болатынын ғалымдар əлдеқашан дəлелдеп қойды. Біз бүгінгі мақаламызда кітап пен смартфонның текетіресі жөнінде ой қозғамақпыз.

Кітап оқуға не кедергі?

Осы сұрақты таныстарыма қоя қалсам, «уақыт жоқ», «оны оқып қайда барамын?» деген сынды жауап аламын. Негізі уақыт жоқ емес, ынта жоқ дер едім. Кітап оқуды жастайынан жанына серік еткен жан оған қалайда уақыт табады. Осы орайда мынадай қызық дерекпен бөлісуді жөн көріп отырмын. Атақты жазушы Нил Гейман кітап оқудың сиқырлы тұсына ерекше тоқталады. Жазушының мəліметіне сүйенсек, қызық кітапты оқып бастаған адам «Ар жағы не болар екен?», «Оқиға қалай өрбиді?» деген сұрақтың жауабын табу үшін тауысуға тырысады. Кітап кейіпкерінің басынан өткерген шытырман оқиғаларының ортасында өзі де жүргендей сезімді бастан кешеді. Оқиғаға араласу адам миының талшықтарының жүйелі жұмыс істеуіне, сөздік қорының толыға түсуіне мүмкіндік береді. Қазір кітап тапшы заман емес. Кітапхана толған қазына. Шетінен ал да оқи бер. Бір қызығы, фильм немесе телебағдарламалар көрген кезде кітап оқығандай əсерленбейміз. Неге? Себебі біреу-ақ. Олардың бəрін адам алдын ала жазып, өз фантазиясымен бітіреді немесе ресми (көбіне телебағдарламалар) аяқталады. Ал оқиғалы кітаптарды оқығанда адамның қиялы автоматты түрде іске қосылады.

 

Смартфон кітапты алмастырса…

Шынымен кітапты смартфон алмастырса не болар еді? Бұны көп адам ойлайды. Қадери-хəлімше мен де бұл ойдың түбіне жетуге тырыстым. Жаһандану заманында гаджеттер мен түрлі смартфондардың дамуына үлесін қосып жатқан ғалымдар мен вундеркиндтер көп. Десе де олардың бəрі бала кезінде, мектеп жасында кітапты кеміріп оқығандарына шүбə келтірмеймін. Өйткені, смартфон келгенге дейін де, кейін де білімді тасымалдаушы кітап болары ақиқат. Күнде қолданып жүрген смартфонның жақсы жері – тез байланысқа шығасың. Керек ақпаратыңды ғаламтор бетінен жылдам табасың. Бір сөзбен айтқанда, жылдамдық жағынан смартфонның ұтар тұсы басымырақ. Жаңа технологиядан бас тарта алмасымыз анық. Kindle деп аталатын кітап оқуға арналған планшет бар. Ішіне біраз кітап сияды. Көзге де аса зиян емес. Керісінше, смартфонды Kindle алмастырса дейсің…

Балам кітап оқысын десеңіз…

Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де кейбір ата- аналар тарапынан «Тамағы оқ, киімі көк болса болды» деген сияқты пікірлерді жиі естиміз. Баланы рухани байлықпен де қоректендіріп тұру қажет. Тек қана кітап сатып алып беру аз. Оны бірге оқып, түсінгенін сұрауды да ата-ана əдетке айналдыруы керек. Балам кітап оқысын десеңіз, өзіңіз де кітап оқуды қолға алыңыз. Бала айтқанды емес, көргенін істейді. Бұл аксиоманы психолог мамандар жиі қайталайды. Біз де өз кезегімізде ескерте кетуді лəзім санадық. Баяғыда біреу Альберт Эйнштейннен «Не істесем балам ақылды боп өседі?» деп сұрапты. Сонда ол: «Ертегі оқыт. Егер қатты ақылды болсын десең, одан да көп ертегі оқыт», – деп жауап беріпті.

Дизайнға мән беру керек

Соңғы шығып жатқан кітаптарға мəн беріп қарасаңыз, суретті кітаптар бірден көзге түседі. Суретті кітап баланы оқуға ынталандырады. Сол себепті де кітап шығаратын баспалар осы жағын ескерсе, кітап оқушылардың қатары артар еді. Жас ерекшелігіне сəйкес кішкентай бала ең бірінші мида суретті қабылдайды. Оқығанда əлгі суреттегі бейнені елестетіп отырады. Кітап оқыған алғашқы кезеңдерде аға-əпкесі немесе жақын туысы сырттай бақылап, түсінгенін сұрап отырса, балаға көп ынта берер еді. Көлемі шағын, көзтартарлық һəм бояуы қанық суреті мол кітаптар «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиерін» несіне жасырайық. Осы орайда «Кітапты қаншалықты жиі оқисыз?», «Жасөскінді кітапқа қалай қызықтырса болады?» деген сұрақтарды қоғамның əртүрлі саласындағы жандарға қойып көрген едік.

Қайрат МҰРАТҰЛЫ, зейнеткер:

– Кітап оқыған бала қор болмайды. Өз басым кітапты, газет-журналдарды жиі парақтаймын. Ал балаларды кітапқа қызықтырудың əдіс-тəсілі көп сияқты. Немерелерім мен жиендерімнің кітап оқығандарына мəн беріп қараймын. Кітап оқыған адамның жерде қалмайтынын саналарына құйып отырамын.

Салтанат ЖАҢҒАЛИҚЫЗЫ, ұстаз:

– Табиғатымнан кітапқұмар жанмын. Іздеп жүріп оқитын авторларым бар. Кітап оқығанда басқа əлемге саяхаттағандай күй кешемін. Іші сырға, қазынаға толы кітаптар көп. Сол кітаптардың ішінен өзіңе керегіңді тауып оқу үшін талғам керек. Ал талғам қалыптасу үшін өте-мөте көп оқу керек. «Əлемде сенің ойыңды, өміріңді өзгертетін бір кітап бар, сол бір кітапты тауып оқу үшін мыңдаған кітапты парақтап шығу керек» деген пікірге келісемін. Өз саламда оқушыларды кітап оқуға қызықтыру үшін небір қызықты ойындар мен топтық жұмыстарды əзірлеп барамын. Жақсы авторлардың оқылуына қолымнан келгенді жасап жатқан жайым бар.

Дина ДАНИЯРҚЫЗЫ, кітапхана директоры:

– Күнделікті өмірде жиі оқуға тырысамын. Бірақ жұмыс əрі үйдің шаруасы да шаш
етектен асады. Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалта» деген кітабын үнемі оқимын.
Үйде Абай атамыздың «Қара сөздерін» аудионұсқада қосып қоямын. Мектеп жасындағы ұлымның құлағына ұлы ақынның сөзі сіңе берсе деймін. Жасөспірімдерді кітапқа қызықтырудың сан түрлі қыры бар. Кітапханада коворкинг орталығы жұмыс істейді. Онда шығармашыл жастар бас қосып, уақыттарын тиімді өткізе алады.

Түйін: Жаһандану заманында «сен неге кітап оқымайсың» деп ешкімді айыптай алмайсың. Мына «кітапты оқы» деп талап ете де алмаймыз. «Талғамға талас жоқ» деген бар. ХХІ ғасырдың өскелең ұрпағы кітап пен технологиядан өзіне керегін алса, сіз бен біздің мақсатымыздың орындалғаны. Ал сіз соңғы рет қандай
кітап оқыдыңыз, құрметті оқырман?

Жанайдар
БОЛАТБЕКҰЛЫ

Ұлан» газеті, №32
6 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз