Амангелді Сейітхан таныстыруды аса қажет етпейтін белгілі спорт комментаторының бірі, әрі бірегейі. Көгілдір экранның аржағында отырып, қаншама жастың жүрегіне шоқ салып, намысын оятты. Тіпті Амангелді ағамыз эфир жүргізгенде делебеміз қозып, құдды бір өзіміз сынға түскендей күй кешетінбіз. «Жеңісті күндерде жүздескенше!» деген сөзінен қазақ
спортшылары жеңілуді білмейтін жүйріктей көрдік. Кейде қазақи қалжыңы мен тапқыр теңеулері, өткір сын, ирониясы қатар жүретін Амангелді Сейітханды сағынамыз. Көрермендер әлі күнге дейін іздейді.

– Эфирден көрінбей кеткендегі басты себебіңіз неде? Өзіңізді сағынған көрермендерге не айтасыз?

– Себеп болғанда, менің жеке арнам жоқ. Жұмысқа жалданушымын. Егер ұсыныс
жасалса, жүргіземіз. «Жүргізіп бере ғой» деп шақырмаса, кімнің терезесін қағамыз?

– Комментатор болу қаншалықты қиын жұмыс?

– Кен қазудан қиын емес шығар. Бірақ, жүйкеге жүк түсіреді. Бейнеті көп. Үнемі ізденісті талап етеді. Жадың мықты болу керек. Өзің жүргізетін спорт түрін әбден білуге тиіссің.

– Қай спорт түрін жүргізу сіз үшін жеңіл болды? Өзіңіз қай спортты ұнатасыз?

– Футболды бір кісідей білеміз. Кезінде күрестік. Сондықтан ол жақтан аздап
хабарымыз бар. Боксты зерттеп көрдік. Осы үшеуі шығар.

– Қазіргі комментаторлардың деңгейін қалай бағалайсыз?

– Біреудің деңгейін бағалайтын сыншы емеспін. Әркім өз қарым-қабілетінің, шама-шарқысының айналасында жүргізеді. «Мынаны былай істе» деп ешкімге кеңес айтып, ақыл бермеппіз. Өзіміз кезінде тыңдадық. Бәрін де… Оң айтқандарын орындадық.
«Тисе терекке…» дегендердің ақылын архивке аударып отырдық.

– Комментаторлар даярлайтын орталық ашу ойыңыздар бар ма?

– Ондай ой жоқ. Аша қалғанның өзінде ол кімге керек? Қазір жұрттың бәрі ақылды.

– Комментатордың тек бір спортты толық меңгеріп, соны ғана жүргізгені дұрыс па? Әлде жан-жақты болғаны ма?

– Тағы да сол қарымға байланысты. Егер штаты толып тұрса, әркім бірер спортты ғана жүргізгені абзал ғой. Бірақ, біздің арналарға ондай штатты кім берсін?

– Көрермендердің комментаторларға көңілі толмайтын кездер көп болады…..

– Енді дұрыс қой. Дым болмағанда бір кебісті бір кебіске үйкеп отыратын елдің баласымыз. Сын айтса, көргені шығар. Бұдан да артық жүргізеді деп сенгені шығар.
Сынның еш сөлекеттігі жоқ. Тіпті шын сын болмаса да.

– Комментатор болғысы келетін жастарға айтарыңыз.

– Дәрігерлер өз ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын түсініп, олар да өз кәсібіне аса ұқыптылықпен қарауы тиіс. Іздену керек. Үнемі дамуы тиіс. Онсыз болмайды.

– Ұлыңыз Ерасыл кәсіби футболшы екенін білеміз. Спорттық мансабы қалай өрбуде?

– Бір Алланың қолдауымен ақырын алға жылжып келеді. Ең бастысы, жарақаттан
сақтасын, денсаулық болса өзгесінің орны толады ғой.

P.S. Айтпақшы, Ерасыл петропавлдық «Қызыл-Жар» футбол клубында өнер көрсетеді. Оның «Иртыш» командасына 40 метрден соққан голын интернетте жарыса жариялады.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз