Алакөлде болғандардың есінде қалатын екі нəрсе бар. Бірі – ыстық жүгері, екіншісі – қара балшық. Бұл аймақта борми деген диалект сөз бар. Əдеби тілдегі баламасы – жүгері. Қара балшықты да тек Алакөлден кездестіруге болады. Ала жаздай осы екеуін бизнес көзіне айналдыратын – балалар.

Жақында Алакөлге жолымыз түсті. Жағалауда күні бойы жатсаңыз, саудагер балалар күніне 20-30 рет жаныңнан өтеді. Тіпті, түрлерін танып аласың. Сатып жүрген қара балшығы мен жүгерісі де таусылмайды. Саудагерлердің дені шамамен бастауыш мектепті енді бітіргендер мен орта мектепте оқитындар. Өздері сөзге де, есепке де жүйрік. Жандарына жақындасаң тауарын cатып алмасыңа қоймайды. Маркетинг, жарнама дегенді осылардан үйрену керек пе дейсің.

– Сəлем! Не сатып жүрсіңдер?
– Қара балшық пен жүгері.
– Қара балшық деген не сонда? Оны сататындай қандай қасиеті бар?
– Ой, апай, білмейсіз бе? Қара балшық деген түрлі ауруға ем ғой. Сатып алам десеңіз ақ саз да бар. Орыстар мұның қасиетін жақсы біледі. Өзіміз онша бағалай бермейміз. Черная грязь, глина іздеп сонау Ресейден келетін демалушылар бар. Бізден қай жерден алатынымызды сұрайды. Біз айтпаймыз. Жергілікті халықтың
құпиясы ғой. Жазда осы арқылы табыс табамыз.

Алакөлдің жағасында өскендіктен, қара балшықтың да, ақ саздың да қасиетін, қай
жерден алынатынын жақсы білемін. Бірақ, саудагер баланы тағы да сөйлеткім
келді. Өзі сондай пысық екен. Есімі – Саят. Биыл 9-сыныпты бітіріпті. Ал жанындағы інісінің есімі Райымбек екен. Райымбек 6-сыныпты бітірген. Саудаласуды енді үйреніп жүрген сияқты. Əзірге тек балшық толтырылған құмыраны көтеріп жүр. Саят жергілікті аңыздарды, Алакөл туралы ғылыми фактілерді жақсы біледі екен.

– Алакөлдің суында Менделеевтің периодтық кестесіндегі элементтердің
барлығы бар. Тек йод кездеспейді. Ал мына қара балшықты сатып алып
қолдансаңыз еш өкінбейсіз. Буын аурулары, тері аурулары, жүйке жүйесі, жүрек ауруы, остеохондроз, артрит, псориаз ауруларына ем.

– Солай ма? Бірақ, менде ондай аурулар атымен жоқ. Рақмет!

– Тоқтаңыз, апай, асықпаңыз! Мұның косметикалық əсері де бар. Тіпті, бетіңізге
маска ретінде қолдансаңыз да болады. Қалада ақ саздан жасалған маска сатылады ғой. Мынау соның табиғи түрі. Қорықпаңыз, аллергия бермейді. Осы күнге дейін сатып алғандардың ешқайсысы арызданып көрген жоқ.

Алғашында балалармен жай қызық үшін əңгімелесіп едім. Соңында бір емес, бес құмыра балшық сатып алыппын. Осындай сөзге де, іске де пысық балалардан болашақта жақсы кəсіпкер шығады деп ойладым. Əңгімеге ашық екен. Сыр тартып көріп едім, қанша табыс табатындарын да жасырмады.

– Күніне шамамен 30-40 құмыра сатамыз. Бағаны көтермейміз. Қанша жылдан
бері 0,5 литр құмырасын 200 теңгеден сатып жүрміз. Негізі біздің еңбегіміз
де оңай емес. Балшық толтырып алатын жер демалыс аймағынан алыс. Мына құмыралардың аузы кішкентай, балшық толтыру қиынырақ. Кейде жаяу, кейде велосипедпен тасимыз. Арасында шөлдейміз, қарнымыз ашады. Тапқан
ақшамыздың бір бөлігін суға, тамаққа жұмсаймыз. Жазда бос жатпай, ата-
анамызға көмектесіп, табыс тапқымыз келеді. Бұрын əкем балшық сататын. Кейін бізге көрсетті. Көлдің жағасында жүріп сауда жасағаныма 4-5 жыл болды-ау деймін. Мектепке керек құрал-жабдық, киім-кешектерді өзім аламын. Өзің ақша
тапсаң, қажетті заттарды өзің таңдап аласың. Жақсы емес пе?
– дейді Саят. Қарап
тұрсаң, айтып тұрғанының бəрі орынды.

Балалардың нұсқаулығы бойынша екі күн бойы құмырадағы балшықты денеге жағып, 10-15 минут кептіріп, артынан сумен шайып тастадым. Шынымен, қара балшықтың қасиеті ме, əлде балалардың сөзіне психологиялық тұрғыдан сенгеннен бе, өзімді жеңіл сезініп қалдым.

Алакөл туралы аңыз бен ақиқат

Алакөлге жақын болғандықтан, көл суының емдік қасиеті, қара балшықтың пайдасы туралы аңызға бергісіз əңгімеге қанығып өстік. Əжем моншаға түсердің алдында аяқ-қолына, арқасына қара балшық жағып, жарты сағат отыратыны да есімде.

Қазақстанның басқа аймақтарында да болдым. Балқаш, Қапшағай сияқты демалыс аймағында да аңыз болған қара балшық сатылады. Бағасы Алакөл жағалауындағыдан əлдеқайда қымбат. Бірақ, көлдің жағасында өскен адам қай балшықтың қасиеті қандай екенін бірден аңғарады ғой.

Олардың балшығы мен көріп өскен қара балшықтан басқаша. Оны иісінен-ақ аңғаруға болады. Алакөлдің балшығынан күкіртсутегінің иісі шығады. Мұны мектепте химия пəнінің мұғалімі түсіндірген. Көп демалушы иісі жағымсыз балшыққа қарағанда өңделген косметикалық балшықты дұрыс көреді.

Алакөлде «асқазан суы» дейтін су бар. Жергілікті халық «иісті су» деп атап кеткен. Аты айтып тұрғандай, иісі бар су адамның ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады. Алыстан арнайы осы судан құйып алу үшін келетіндер де бар. Халық арасында осы суды қолданған соң ауруынан айығып кеткендер туралы аңыз жиі айтылады.

Алакөлдің ерекше символы саналатын реликті шағаланы əлемнің екі аймағынан ғана кездестіре аласыз. Бірі Моңғолия өлкесі болса, екіншісі – өзіміздің Алакөл жағалауы.

«Алакөлдің ауасы – жанның дауасы» дегенді естуіңіз бар ма? Ғалымдар Алакөл аймағында 600 шақырым радиуста ауаның құрамында ешқандай зиянды қоспалар жоқ екенін анықтапты. Сондықтан өкпе, тыныс ауруларына шалдыққандар үшін көл жағасында демалудың пайдасы көп.

Ал Алакөлдің антибактериалды суы туралы білесіз бе? Кеңес Одағы кезінде бұл жерде ғарышкерлерге арналған жабық аймақ болған. Бұл жерде ғарышкерлерді
радиациядан айықтыру үшін түрлі емдік шаралар жүргізілген деседі. Одан ертеректе Қабанбай батыр мен оның сарбаздары соғыс кезінде жараланып қалса, Алакөлдің суында жарасы жазылғанша жатады екен.Тұзды судың қасиетін қазақтар ертеден-ақ білсе керек.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №32
6 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз