Соңғы күндері алматылық суретші Рамазан Пейізовтің есімі қазақстандық медиаресурста көп айтылды. Рамазан string art техникасы бойынша Денис Теннің бейнесін салған. Жақында ол Денистің анасы Оксана Тенмен кездесіп, картинаны сыйлады. Рамазанның айтуынша, мəнерлеп сырғанаушының анасы бұл жұмысты көргенде қатты қуанып, оған алғысын айтыпты. String art – шеге мен жіпті пайдаланып, кескіндеме жасау. Рамазанның осы техника бойынша жасаған жұмыстарының ішінде Леонардо да Винчидің əйгілі «Моно Лиза» картинасы да бар. Сонымен бірге ол ортаазиялық энциклопедист-ғалым Əбу Райхан əл-Бирунидің, жазушы, журналист, Американың мемлекет қайраткері Бенжамин Франклиннің, белгілі балет артисі Рудольф Нуреевтің де картинасын дайындаған. Рамазан алдағы бір жылдың ішінде қазақтың ұлы хандары мен Алаш арыстарының бейнесін де string art бағыты бойынша бейнелеп, жеке көрмесін өткізгісі келеді. Жақында біз суретшімен жолығып, оның шығармашылығы туралы əңгімелестік.

Ұлан: Рамазан, string art бойынша бір жұмысты дайындауға қанша уақыт кетеді?

Рамазан Пейізов: Картинаның қиындығына байланысты оның жұмысына да əртүрлі уақыт кетеді. Үш күнде бітірген жəне екі айға дейін созылған жұмыстарым бар. Мысалы, Денис Теннің картинасын үш күннің ішінде дайындадым. Ал «Моно Лизаны» жасауға екі айға жуық уақыт кетті. Өйткені картинаның көлемі үлкен болды. Оның көлемі үлкен əрі күрделі болған сайын дайындау процесі де ұзаққа созылады.

Биыл 19 шілде күні Алматыда жұртшылық Денис Тенге арналған тұңғыш ескерткіштің алдына жиналып, мəнерлеп сырғанаушыға тағзым етті. Бұл шараға Денистің анасы Оксана Тен де қатысты. Осы сəтті пайдаланып, чемпионның анасына жұмысымды сыйладым. Ол картинаны көріп, қатты қуанды. Маған Оксана ханымның жабырқаулы көңілі аз да болса көтерілгендей көрінді. Алғысын жаудырып, шығармашылық табыс тіледі.

Ұлан: Суретшіге жұмыстың нəтижесі маңызды ма, əлде картинаны дайындау кезіндегі процесс пе? Қайсысынан көбірек лəззат аласыз?

Рамазан Пейізов: Жұмысты істеп жатқандағы процестің рақаты бөлек. Өйткені оны алғаш бастағанда нəтижесі көз алдыңа елестейді. Сол үшін тынбай ізденесің, еңбектенесің. Соңында жұмыс ойдағыдай шықса, өзіңді бақытты сезінесің.

Ұлан: Шеге мен жіппен салған неше жұмысыңыз бар? Олардың ішінде өзіңізге ерекше ұнайтыны қайсы?

Рамазан Пейізов: String art техникасы бойынша дайындаған 15-ке жуық жұмысым бар. Оған қоса арасында тапсырыстар да болады. Қарапайым адамдар туыстарының немесе достарының, əріптестерінің бейнесін салып беруімді сұрайды. Жұмыстарымның барлығы өзіме ұнайды. Соның ішінде жаныма жақыны – «Қазына». Бұл жұмыста жүгі бар түйе мен саудагер бейнеленген.

Ұлан: Əр картина суретшінің баласындай болып кетеді деп жатады. Суретшілердің өз картинасын сатуына қалай қарайсыз?

Рамазан Пейізов: Суретшілердің өз картинасын сатуы – коммерциялық бағыт. Бұл
қазіргі заманның талабы деп ойлаймын. Егер суретшіде, жалпы өнер адамдарында қаржы жағынан қиындық болса, онда шығармашылық та болмайды деп есептеймін. Алпысбай Қазығұловтың «Аш адамнан суретші шықпайды» деген сөзі бар. Егер қалтаң тесік, үнемі ақшасыз жүретін болсаң, шығармашылыққа да талпыныс болмайды. Сондықтан заманның талабынан қорықпау керек.

Ұлан: Суретшінің туыстары немесе достары көбіне бұл кəсіпті қолдамайтын сияқты. Сізде қалай болды? Отбасыңызда суретшілер бар ма?

Рамазан Пейізов: Туыстарым мен достарымның арасында менің таңдауыма ешкім қарсылық білдірген жоқ. Сол сияқты ешкім қолдаған да жоқ. Мен оқуға түскенде барлығы бейтарап қабылдады. Отбасымда суретшілер бар. Нағашыларымның көбі суретті жақсы салды. Кішкентай кезімде олардың салған суретін көріп, мотивация пайда болды. Суретті қалай салып жатқанын өз көзіммен көріп, қайталауға тырыстым. Осылайша үш-төрт жасымнан бастап суретке қызықтым.

Ұлан: Сіз үшін кімнің ойы маңызды? Картинаны алғаш кімге көрсетесіз?

Рамазан Пейізов: Университетте сабақ берген ұстазым «Суретті оны түсінетін адамдар үшін салу керек» деп айтатын. Базардағы сатушы шығармада суретшінің не айтпақ болғанын түсінбеуі мүмкін. Өйткені суретті көп адам айнытпай салу деп түсінеді. Шын мəнінде сурет арқылы адамның көрмейтін, елей бермейтін нəрсесін көрсетеміз. Сол нəрсені байқай алатын адамдарға көрсету керек. Суретші өсуі үшін осындай адамдардың пікірі маңызды. Өзім картинаны əйеліме, шығармашылықты түсінетін достарыма көрсетемін.

Ұлан: Шабытты қайдан аласыз? Идея қалай пайда болады?

Рамазан Пейізов: Шабыт – тылсым дүние. Оның қашан, қайда келетінін болжап біле алмайсың. Кейде сурет салуға деген талпыныс пайда болады. Өзім соны шабыт деп есептеймін.

Ал идея кез келген нəрседен пайда болуы мүмкін. Мысалы, көшеде кетіп бара жатқанда айналаңдағы адамның сөзін естіп идея пайда болады.

Ұлан: Шығармашылық кризис бола ма? Ондай кезде не істейсіз?

Рамазан Пейізов: Əрине, шығармашылық кризис болып тұрады. Ондай кезде
шығармашылық ортаға, музейлерге немесе табиғаттың əсем жерлеріне барып, көңіл бөлуге тырысамын.

Ұлан: Ең алғаш дайындаған жұмысыңыз есіңізде ме? String art бағытына қызығушылық қалай басталды?

Рамазан Пейізов: Студент кезімде інім Шалқар шеге мен жіппен салынған жұмыстарды интернеттен тауып, көрсетті. Оған дейін суретті кəдімгі қаламмен, бояумен салып жүрдім. Сосын өзіміз де істеп көрейік деп, қолға алдық. Шалқар қазір басқа салада жұмыс істейді. Алғаш дайындаған жұмысым тапсырыс бойынша салынды.

Ұлан: Қайда білім алдыңыз?

Рамазан Пейізов: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Графика» мамандығы бойынша бітірдім. Ең жақсы көретін ұстазым, белгілі суретші Құрманғазы Ахашев болды. Ол кісінің əр сөзі маған бағыт-бағдар берді.

Ұлан: Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып беріңізші. Қандай сурет салуды жоспарлап жүрсіз?

Рамазан Пейізов: String art бағытындағы жұмыстарымды жинастырып, бір жылдың ішінде жеке көрмемді өткізгім келеді. Сонымен бірге көрмеде Қазақ хандығында өзінің орны бар хандар мен Алаш арыстарының, ұлы адамдардың портреті болады.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет. Шығармашылық шабыт тілейміз!

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №32
6 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз