Жандос бірінші сыныпта оқиды. Өзі басынан бақайына дейін тұнған қабілет. Сабақты қамшы салдырмай оқиды. Ол сурет салғанды ұнатады. Бірде сурет сабағында екі таудың басына анасы мен әкесін отырғызып, өзін қақ ортасына қойыпты. Апайының: «Неге бұлай істедің?» – деген сұрағына: «Олар мен үшін әрқашан асқар тау!» – деп жауап беріпті.

– Ой, менің балам ақылды ғой! – деген еді сонда  әкесі Айбол баласының анасы Айсұлуға көз тастап. Анасы болса мұңлы жанарын төмен салып, үнсіз жымиған да қойған…

Дәрігердің: «Балаңыздың сол көзі әлсіз көреді, операция жасау керек» деген сөзі есіне түссе болды, Айсұлу өзін күздің өкпек желінде қалған адамдай сезінеді. «Оған ақшамыз жетпейді ғой», – дегенде, хирург: «Онда балаңыз көруден қалады! Басқа амал жоқ!» – деген еді. Қажетті қаржының жоқтығы ойына оралса, бар үміті жартасқа соғылған толқындай быт-шыт болады. Кішкентай Жандос кейде екі тізесін құшақтап, өзімен-өзі сөйлеп отырды.

– Тізеңді құшақтама, балам! Ол – жаман ырым, – деді әкесі анадайдан сөйлеп. Баланың сол отырысында өңіндегі алқызыл жылылық азайып, көзі тартылып, тереңдеп алады.

– Анам, маған шай құйып беріңізші, – деді Жандос жандарына келіп.

– Менің құлыным әбден шөлдеп қалыпты ғой. Келші, маған, – деп анасы оны тізесіне отырғызды. Кішкентай Жандос алдындағы шайды сораптап іше бастады. Біраздан соң анасы:

– Мен нан алып келейін! – деп дүкенге бет алды. Жол-жөнекей  бір жақтан келе жатқан көршісі  Дәуренді көріп қалды.

– Қалың қалай, Дәуренжан?!

– Жақсы! Өзіңіз қалайсыз?

– Құдайға шүкір, – деп Айсұлу көзін төмен салды. Айсұлудың көзіндегі мұң  Дәуреннің көңіліне сезік ұялатты.

– Не болды, әпке?!

Дәурен Айсұлуды тек көршісі ретінде ғана емес, туған әпкесіндей жақсы көреді, сыйлайды. Жақын араласып, туысқанындай боп кеткен. Ол «әпке» десе, Айсұлу оны «інім» деп еркелетеді.

– Жандостың көзіне ота жасату керек болып тұр. Соған ақша жеткізе алмай жатырмыз.

– Қанша?

– Біраз қаржыны Айбол екеуміз жинап қойғамыз. Енді үш жүз мың теңге қажет.

– Жақсы әкпе. Абыржымаңыз. Сол ақшаны мен берейін. Жүріңіз, ана дүкеннің қасындағы банкоматтан қазір-ақ аламыз,– деген Дәурен Айсұлуды ертіп дүкенге қарай жүрді.

Дәурен әп-сәтте-ақ банкоматтан ақшаны алып, бірден Айсұлуға ұстатып тұрып:

– Әпке, мына ақшаның жартысы менің Жандосқа көмегім болсын. Қалғанын асықпай бір қайтарарсыздар, – деді Дәурен не жыларын, не күлерін білмей тұрған Айсұлуға. Айсұлу:

– Рақмет саған, Дәуренжан! Жандостың мектепке бармағанына жарты жылдан асты. Жеделдетіп көзіне операция жасатпаса, мүлде көруден қалады. Әзірге оған кітап оқуға болмайды. Әкесі екеуміз оның мектеп бағдарламасынан қалып қоймас үшін кезек-кезек кітап оқып береміз. Далаға шықпайды. Балалармен ойнамайды. Балалар оны «соқыр, төрткөз» деп кемсітеді екен. Мен болса үйдемін, ал Айболдың тапқаны тамақтан артылмайды. Құдай жолыңды оңғарсын. Айың оңыңнан тусын! Арманыңа, алдыңа қойған мақсат-мұратыңа сүрінбей жет, інім! – деп, бетінен шөпілдетіп сүйе бастады.

– Әпке, жыламаңызшы. Ақша деген қолдың кірі ғой. Енді тездетіп ота жасатыңыздар.

Үш күннен соң Жандостың көзіне ота жасалды. Сәтті өтті.  Жандос жақсы емделіп, үйге шықты. Қайта мектепке бара бастады. Сүйретіліп қыс кетіп, көктем келді.  Көктемге Жандос ерекше қуанды. Жер-әлем жасыл түске енетін шақ та алыс емес. Оның артында жадырап күлген, ұялшақ жаз бар.   Көктем – адам біткенге ортақ мезгіл. Ол келгенде бәрі қуанады, ал кетерінде ешкімнің көңіліне қаяу түсірмес үшін қоштаспай, елеусіз ғана көзден таса болады. Жандос осы көктемді қатты күтті. Көзі жақсы көріп, жанындағыларды жаңадан танығандай болды. Ол қолына түрлі-түсті қарындаштарын алып, асыға күткен көктемді ақ қағазға көшіре бастады.

– Ана, әке, қараңыздаршы әдемі ме? – деді кішкентай Жандос жымиып.

– Иә, құлыным, әдемі, өте әдемі! – деді қуаныштан күміс күлкісі айналасына шуақ шашып тұрған баласына сүйсіне қараған ата-анасы…

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2019

3 ПІКІРЛЕР

  1. Әлібек қарағым, қаламың ұштала берсі.
    Жазған шығармаңды оқып шықтым, балалардың түсініп оқуына өте жеңіл екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз