Әлемде алты құрлық бар екені белгілі. Бірақ сіз соңғы 50 жыл ішінде пайда болған жетінші құрлықты білесіз бе? Иә, ол бар. Бірақ Антарктида секілді ол құрлықта адамдар өмір сүрмейді. Тіпті жануарлар да аз. Ол құрлық басқа құрлықтар секілді топырақтан тұрмайды.
Оның құралған материалы – қоқыс. Ал ол қоқыстың басым бөлігін пластик, оның ішінде пластик пакеттер құрайды.

Пластик немесе полиэтилен пакеттер біздің күнделікті өміріміздің айырылмас бөлшегіне
айналып кетті. Оны пайдалану арқылы табиғатқа қаншалықты зиян келтіріп жатқанымызды білмейміз, бәлкім білгіміз келмейді. Әрине, бұл тұрмысқа өте
қолайлы. Мықты, жеңіл және көп орын алмайды. Тек оның жойылып, топыраққа айналу
процесі өте ұзақ. 150-200 жыл. Яғни ХХ ғасырдың 50 жылдары зауыттан бірінші болып шыққан ең алғашқы пластик пакетті қазіргі күні іздесек, тауып алуымызға әбден болады. Оның осы планетамыздың бір бөлігінде жатқанына шүбә келтіре алмаймыз.

Адамзат бір күнде 4 триллион пластик пакет қолданады екен. Әлемдік мұхитқа 6,5 миллион тонна қоқыс тасталса, соның 2 миллион тоннасынан астамын полэтилен
пакеттер құрайтыны алаңдатпай қоймайды. Мұхит зерттеушілерінің пікірінше қазіргі әлемдік мұхит бетінің төрттен бір бөлігінде полиэтилен пакеттер қалқып жүр. Бұл
проблемамен әлемнің дамыған мемлекеттері бүгіннен бастап күресіп жатыр. Мысалы Данияда зауыттар мен фабрикалар өз тауарларын пластик пакеттермен қаптау үшін мемлекетке салық төлейді. Германияда бұл пакеттерді қайта өңдеп, екінші қолданысқа енгізу дүкендер мен өз тауарын осы пакеттермен қаптайтын нысандардың мойнына
ілінген. Италия мұндай пакеттерден 2011 жылы, Франция 2016 жылы бас тартып, алда пластик ыдыстарды да қолдануға тыйым салуды жоспарлап отыр.

Егер осындай алдын алу шаралары бүгінгі күннен бастап күшіне енер болса, алдағы уақытта полиэтилен пакеттерден зардап шегіп, жылына қырылып жатқан миллионнан астам құс, 100 мыңнан астам мұхитта өмір сүретін сүтқоректілер мен сансыз
балықтардың геноциті болмас еді. Сонымен қатар, бұл тауарды жасауға кеткен мұнай көлемі басқа іске жұмсалып, белгілі бір тауарлардың арзандауына септігін тигізетін. Сондай-ақ үлкен қалалардың кәріз құбырларындағы кептелістер мен қолайсыздықтар азаятын еді. Өйткені қаладағы кәріз құбырларының кемі 90 пайызы осы пластик
пакеттердің кесірінен істен шығып жатады. Полиэтилен пакеттерден жаппай бас тарту осындай келеңсіздіктерден құтылуға үлкен жол ашады. Сонымен қатар, өзіңіз де дүкеннен
қайтып келе жатып шын қажетті азық-түлік алып келе жатсыз ба, әлде қоқыс алып
келе жатсыз ба, тереңірек ойланыңыз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз