Баланың жазғы демалысын ұйымдастыру – маңызды мəселе. Жазғы демалыста бала шынығып, білімін жетілдіріп қана қоймай, табиғат аясында демалып, шығармашылық жəне қоғамдық белсенділігін арттырса құба-құп. Қаскелең қаласындағы Сүлейман Демирел университетінің аумағында «Айналайын» жазғы демалыс лагері бар. Лагерь демалушылары – мектеп оқушылары. Лагерьде ағылшын, түрік, корей тілдерін үйренуге болады. Балалардың тəрбиешілері де жастар. Ақмарал Айтбаева Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 3-курсын тəмамдаған. Лагерьде тəлімгер болып жұмыс істейді. Ақмаралдан лагерь туралы, балалар туралы сұрадық.

Күліп жүру – жазылмаған қағидамыз

– Лагерь қай жылы, қалай құрылғанын білесіз бе? Негізгі мақсаты не?

– «Айналайын» оқу-сауықтыру орталығы 2015 жылы құрылған. Директоры – Жалын Тілеуберген. Бұл лагерьді директорымыз Мақсат, Данияр деген достарымен бірге құрыпты. Жалын Тілеуберген – əнші, актер. Аягөз қаласының тумасы. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Музыкалық драма факультетінде білім алған. V-Alem тобының мүшесі болған. «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізген. Ол кісіні халық «Көк тарландары» атты сериал арқылы таниды. Алайда, «Айналайын» лагерінің директоры екенін көп адам біле бермейді.

Мақсатымыз – балалардың демалысын пайдалы етіп өткізу. Алғашында балалар
үйлерін сағынып, қайтқысы келіп, мінез көрсетеді, жылайды. Осындайда балалармен тіл табыса білу керек. Ал ауысым аяқталғанда үйіне қайтқысы келмей жылайтындары көп.

Тəрбиешілердің көпшілігі – жастар. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері көп. Біз балаларды шығармашылыққа, өнерге баулығымыз келеді.

– Лагерьде қанша ауысым болады? Əр ауысымда қанша бала демалады? Демалушылардың жас ерекшелігіне шектеу бар ма?

– Ең алғашқы жылы 200 бала демалған. Төртінші ауысымда 500-600-ге дейін жетті. 1 ауысым 14 күн болады. Демалушылар 14 отрядқа бөлінеді. 8-14 жас аралығындағы демалушыларды қабылдаймыз.

– Лагерьде балалар күн тəртібімен, ережемен жүретінін білеміз. «Айналайын»
лагері қандай шаралар өткізеді?

– Нақты күн тəртібі мен бекітілген жоспар бар. Балалар таңертең ерте тұрып, жаттығу жасап, таңғы асын ішеді. Түске дейін үйірмеге қатысады. Ауысым сайын балаларды Көктөбеге, Медеуге, «Апорт» ойын-сауық жəне сауда орталығына, түрлі концертке, «Қиял əлемі» саябағына, театрға апарамыз. Танымал əншілер мен актерлермен кездесу ұйымдастырамыз. Кешкі астан кейін би кешін өткіземіз. Лагерьде қалыптасқан тағы бір ереже бар. Бірақ, ол еш жерде жазылмаған. «Айналайын» лагерінде күліп жүру керек.

Лагерьде 20 үйірме бар

– Лагерьде қандай үйірмелер бар? Оны кім жүргізеді?

– Лагерьде жиырмаға жуық үйірме бар. Корей, түрік, ағылшын тілін үйрететін
үйірмелерден бөлек, шахмат, тоғызқұмалақ, би, вайн, сурет, логика үйірмелері бар. Мұнда тəлімгерлер сабақ береді. 30-ға жуық тəлімгер бар. Олар əртүрлі сала бойынша білім алған. Кейін осы үйірмеге сəйкес мамандық иесі болуы міндетті емес. «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бар ғой. Ал жасөспірімдердің болашағына септігіміз тиіп жатса, қуаныштымыз.

– Лагерьге қай аймақтың балалары жиі келеді? Демалу құны қанша?

– Ақтау, Жаңаөзен, жалпы Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысының балалары жиі демалады. Лагерьде демалу тек жолдамамен жүзеге асырылады. Ата-аналары мұнайшы болып қызмет ететін, жақсы еңбек еткен адамдардың балаларына «Айналайын» лагеріне тегін жолдама беріледі.

– Əңгімеңізге рақмет!

P.S. Сүлейман Демирел университеті тоғыз ай студенттердің, үш ай мектеп оқушыларының құтты мекеніне айналады. Демалушы балалар СДУ қалашығының жатақханаларында тұрады. Тауға, саябаққа барады. Тіл үйреніп, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Лагерь студенттерді қабілетіне қарай шыңдап, еңбекке баулитын орталық. Олар жыл бойы оқыған-білгенін балаларға үйретеді. «Айналайынға» барып-келген соң менің түсінігімдегі лагерь сөзінің анықтамасы өзгеріске ұшырады. Лагерь деген – тек қана балалар демалатын орын емес, жас мамандарды дайындайтын, жаңа достар табатын мекен.

Аяжан САҒИДОЛЛА,
Сүлейман Демирел университеті
филология факультетінің 2-курс студенті.

Ұлан» газеті, №32
6 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз