Достар, ертегі әлемінде әр жануардың қалыптасқан бейнесі бар ғой. Мысалы, қасқыр – жауыз әрі ақымақтау, түлкі – қу, қоян – қорқақ бейнеде кездеседі. Жақында бір ерекше ертегі оқыдым. Мұндағы басты кейіпкер – қоян. Қарапайым қорқақ қоян емес, батыр қоян! Ертегінің авторы – жас жазушы Мейіржан Жылқыбай. Оның «Батыр қоян» ертегісі 2017 жылы төрт тілге аударылып, Оңтүстік Кореяда басылып, сатылымға шыққан.

Кітаптың авторы туралы

Мейіржан ЖЫЛҚЫБАЙ – Жамбыл облысы, Жаңатас қаласының тумасы. 2008 жылы «Тауға саяхат» әңгімелер топтамасы Дулат Исабековтің алғысөзімен
жарық көрген. Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауында 2011 жылы «Қырық бірінші өтіріктің соңы» туындысы үшін ынталандыру сыйлығын, 2015 жылы
«Саяқ» әңгімесі үшін жүлделі ІІ орын алған. 2017 жылы «Батыр қоян» ертегісі Оңтүстік Кореяда 4 тілге аударылып, жарық көрген.

Жақында Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында «Батыр қоян» кітабының
тұсаукесері өтті. «Батыр қоян» суретті кітабы Оңтүстік Кореяның Азия мәдениет
орталығының қолдауымен қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдерінде басылған. Кореялықтар тіпті ертегінің анимациялық нұсқасын да жасапты. Тұсаукесерге жиналған қауым ертегі кітапты оқып, мультфильмін көріп, тіпті ертегінің суретін салған корей суретшісі Нам Соң Хунмен кездесіп, сұрақтарын қойып үлгерді. Нам Соң Хун осы ертегінің суретін салу үшін арнайы Қазақстанға келіп, елдің табиғатын тамашалап, ертегі кейіпкерлерімен танысыпты.

Нам Соң Хун: «Батыр қоянның» суретін салмас бұрын арнайы зерттеу тобымен Қазақстанға келдім. Алматы қаласының маңындағы Шарын шатқалына бардық. Сол жерде жүгіріп бара жатқан түлкіні кездестірдім. Кең далада түлкіні кездестіруіміз кездейсоқ сәттілік болып көрінді. Осы оқиға маған шабыт берді. Шығармамен алғаш танысқанда кейбір оқиғалар менің өмірлік тәжірибеме ұқсас екенін байқадым. Шынымды айтсам, өзім де оқушы кезімде сенімсіз едім. Бірде мені сурет пәнінің мұғалімі мақтады. Осыдан кейін өзіме деген сенімділігім артып, ерекше ықыласпен сурет салатын болдым. Осылайша, өз мамандығым мен ортамды тапқан едім. Кітаптың кейіпкері де кездейсоқ оқиғадан соң батырға айналады. Ертегінің мәні – өз-өзіңе сенсең, мақсатыңа жетесің деген ой қалдырады.

Мейіржан Жылқыбай: Бұл ертегі арқылы адамдар өздері кім болғысы келеді, сондай адам бола алатынын жеткізгім келді. Өз күшіне сенген кезде адам барлық мақсатына жете алады. Бұл ертегінің басты кейіпкері қорқақ қоян кездейсоқ өз- өзіне деген сенімділікке ие болады. Қоян осы оқиғадан соң өзінің батырлығына сене бастайды. Сөйтіп, ормандағы ең батыр жануарға айналады.

Балаларға түсінікті әрі жақын болу үшін тек орманнан ғана емес, қаланың ішінен де кездестіруге болатын жануарларды таңдап алдым. Алматы қаласында тиінді жиі кездестіруге болады. Тіпті, тауға жақын жерде түлкі өмір сүретінін білеміз. Біздің ғаламшардың барлық аймағында кездесетін, бәріне таныс жануарларды кейіпкер етіп таңдадым.

Балалармен бірге біз де «Батыр қоян» кітабын оқып, мультфильмі тамашаладық.
Тұсаукесерден соң балаларға түрлі сыйлықтар таратылды. Оның ішінде ең қызықты әрі құндысы – «Батыр қоян» боямағы.

P.S. Әр шығармада әртүрлі кейіпкер кездесуі мүмкін. Біз білетін дәстүрлі ертегілерде қоян қорқақ болатын. Ал жаңа заманның жас жазушысы оны батырға айналдырды. Сол сияқты, сен де өз-өзіңе сенсең, көп нәрсені өзгерте аласың. Осыны ұмытпа, жас дос!

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №31
30 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз