Елордада стенд атудан Қазақстан кубогының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Бұл жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда және Павлодар облыстарынан 130 спортшы келген. Олимпиадалық спорт түрі болса да,  стенд атуды көпшілік біле бермейді. Осы ретте қала сыртындағы «Таргет» клубына арнайы барып, жарысты тамашалап қайттық. Құрама сапындағы қазақ қызы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсем Орынбаймен әңгімелесудің де сәті түсті.


 – Әсем, алдымен жарыс туралы айтып өтсеңіз…

– Бұл Қазақстан Республикасының кубогының үшінші кезеңі және Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты. Мен стенд атанудың скит түрінен және аралас командалық сайыс бойынша қатыстым. Жекелей сында екінші орын алдым.

– Алда қандай жарыстар бар?

– Бізде жақында оқу-жаттығу жиыны басталады. Бұл – Финляндияның Лахтия қаласында өтетін әлем кубогының үшінші кезеңіне дайындық. Сосын қараша айында Қатарда Азия чемпионаты өтеді. Екеуінде де Олимпиада ойындарының лицензиясы үлестіріледі.

– Стенд атумен қанша жасыңыздан айналысып жүрсіз?

– Бұл спорт түрімен 15 жасымнан бері айналысамын. Қазір жасым 25-те. 10 жылдан бері стенд атуды серік етіп келемін.

– Қандай жетістіктеріңіз бар?

– 2016 жылы Қазақстан рекордын жаңартқанмын (73/75). Азия чемпионатының жүлдегерімін. 2015 жылы Кванджуда (Оңтүстік Корея) өткен XXVIII дүниежүзілік жазғы универсиада ойындарында командалық сайыста қола медаль еншіледік. Командада менен бөлек, Ангелина Мищук және Жәния Айдарханова болдық. Одан бөлек, әлем кубогының финалисімін.

– Жалпы, бұл спорт түріне қалай келдіңіз?

– Стенд ату спорты елімізде аса танымал емес. Өзім Алматы облысы, Іле ауданының Ынтымақ ауылында туы-өскенмін. Стенд ататын алаңқай біздің үйге жақын орналасқан. Алғашқы әскери дайындық сабағынан беретін ұстазымыз стенд атуды үйретті де, менің қызығушылығым оянды. Оның үстіне әкем аңшы. Мені осы спорт түріне ертіп апарған әкем болатын. Өзі жақсы көреді. Басында қиындау болды. Өзімнің бойым да кіп-кішкентай. Кейіннен үйреніп кеттім. 2015 жылдан бері ұлттық құрама сапында түрлі жарысқа қатысып жүрмін.

Жеке бапкеріңіз кім?

– Әлем кубогында рекорд жаңартқан Владислав Мухамедиевтің қарамағында жаттығамын. Ол өзі де жарыстарға қатысады, бізді де дайындайды.

Елдегі стенд ату спортының деңгейі қалай?

– Бұрын стенд тек Шымкент пен Алматы қаласында болатын. Ал қазір Павлодар, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтау қалаларында орнатылған. Сондықтан жас балалардың қатары көбейіп келеді.

– Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік бар ма?

– Әрине, бар. Осыдан бір ай бұрын Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында лицензиялық әлем кубогының кезеңі өтті. Сол кезде жолдамаға жақын болдық. Егер төрттіктің қатарына кіргенде Токио Олимпиадасының жолдамасы бұйырар еді. Бірақ бесінші орын шектелдім. Бар-жоғы бір-екі ұпай жетпей қалды. Финалда үш бірдей Олимпиада чемпионымен жарысқаным біраз салмақ салды. Қобалжу басым болып, уайымға салынып кеттім. Болашақта бұл олқылықтардың орны толып, өзімді сенімді ұстайтыным анық.

Қазақ спортшыларына да әлемнің мықтыларымен бір деңгейде өнер көрсетуге болатынын түсіндіңіз ғой?

– Иә, дұрыс айтасыз. «Скиттен» финалдық кезеңге шыққан спортшылар қатарында үш Олимпиада чемпионы болды. Осы жарыс барысында олардың да ет пен теріден жаратылған біз секілді қарапайым адам екеніне көзім жетіп, өзімді қамшыладым. Жүлде алатын мүмкіндігім бар еді. Тәжірибенің аздығы кедергі болды. Финалдағы қарсыластарымның тәжірибесі де, жасы да үлкен. Менен шамамен 10-15 жас үлкен спортшылар. Уақытпен бірге менің де тәжірибемнің арта түсеріне сенемін.

Әлем кубогының финалдық кезеңіне өтіп, алғашқы бестікке ену сіздің өзіңізге деген сеніміңізді арттырған шығар?

– Рас, бұл жарыс маған сенім ұялатып, одан әрі ынталандыра түсті. Мен үшін үлкен тәжірибе болғаны рас. Бұйырса, Олимпиада жолдамасын иеленіп, Токиода ел намысын қорғауды армандаймын.  Бәрі де өз қолымда екені рас. Әлем мықтыларымен жарысып, олардан да озуға болады. Тек тынбай еңбектену керек.

 – Өзге қандай спорт түрлеріне қызығушылығыңыз бар?

– Үстел теннисін жақсы көремін. Бос уақытымда ойнап тұрамын. Сосын футболға қызығушылығым бар. Тамашалап тұрамын.

Қай командаға жанкүйерсіз?

– «Реал Мадрид».

–Жалпы стенд ату мен нысана көздеудің қандай айырмашылығы бар?

–Айырмашылық бірінші кезекте мылтықта деп ойлаймын. Біз далада ататын болсақ, олар жабық кешенде сайысқа түседі. Сосын бізге қозғалуға болады. Олар тек бір нүктеде тұрып атады.

«Қазақ мерген халық болған» деп айтамыз. Бірақ бұл спорт түрінен қаракөздердің қатары неге аз деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз, қазақ балалары бұл спорт түріне бара бермейді. Дегенмен, соңғы жылдары қатарымыз көбейіп келеді. Құрамада бұрын тек мен жүретінмін. Ал қазір Сәрсенкүл Рысбекова, Шыңғыс Егемқұл, Айжан Досмағамбетова секілді қыз-жігіттер бар.

Александр Хасянов, жарыстың бас төрешісі:

– Биыл Қазақстан кубогының бірінші кезеңі Шымкент қаласында өтті. Одан кейін Алматы, енді Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылып отыр. Төртінші кезең Алматы да өтетін шығар. Осы жолы елордаға 130-дай спортшы жиналды.

– Олимпиада ойындарына дайындық қалай болып жатыр?

– Олимпиада ойындарына дайындық жүйелі түрде қолға алынған. Оны әлем кубогының кезеңдерінен де байқауға болады. Біздің 4 спортшымыз бірдей жолдамаға жақын болып еді. Мысалы, Максим Коломоец, Әсем Орынбай, Ольга Панариналарға сәл сәттілік жетіспеді. Олар үздік төрттікке іліккенде Токио Олимпиадасының лицензиясын қалтаға басар еді. Әлем кубогының кезеңдері Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Алда Финляндияда кезең бар. Қазақстан құрамасы 10 тамызда сонда аттанады. Соңғы лицензиялық жарыс – қараша айындағы Азия чемпионаты.  Осы екі додада жолдама алуға тырысуымыз керек.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №31
30 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз