Адам өзінің балалық шағына оралу үшін қайта бала болуы міндетті емес. Бәріне бала көңілмен қараса болды. Жақында өзімнің балалық шағым өткен Алакөл
жағасындағы «Үржарайым» лагеріне бардым. Оқушы күнімде жазғы демалысымның ең қызықты бір аптасы осы лагерьде өтетін. Алакөл жағалауы, сол лагерь, сол ағаш үйлер, бұрынғы күн тәртібі, тіпті, медбике апай да өзгермепті. Бәрі сол қалпында. Өзгерген мен ғана. Есейгенмін. Бұл жолы лагерьге демалушы емес, журналист болып бардым.

Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының хабарлауынша, биыл жаз маусымында облыс бойынша балаларға арналған 36 демалыс лагері жұмыс істейді екен. «Үржарайым» – солардың бірі де бірегейі. Лагерь биыл сегізінші жыл демалушыларын қабылдайды. Лагерь құрылған жылдары оның алғашқы демалушылары менің қатарластарым болды. Бірінші жылы Жарбұлақ ауылындағы Б.Майлин атындағы мектептің ғимаратында «Үржарайымның» тұсауын кескен едік. Ол кезде көлге шомылуға автобуспен барып-келетінбіз. Ал қазір Алакөлдің жағасында арнайы «Үржарайым» сауықтыру лагерінің демалыс аймағы бар. Мұнда екі қабатты ағаш үйлер, ашық аспан астындағы сахна,
шығармашылық кабинет, асхана, душ, демалысқа арналған орындар бар. Лагерь аумағы әдемі безендірілген. Алакөл демалыс аймағындағы ең әдемі, ең шулы, балалардың күлкісіне толы демалыс орны да осы. Лагерь жабық аймақ саналады. Бөтен адамның кіріп-шығуына, демалушылардың да рұқсатсыз кіріп-шығуына тыйым салынған.

«Балалармен жұмыс істегенде қырағы болу керек. Қазіргі балалар сырттан тамақтануға, жылдам дайындалатын тағамдар мен тәтті сусындарға құмар. Біздің мақсатымыз – демалыс кезінде оларға пайдалы демалыс ұйымдастыру. Алакөлдің жағалауынан түрлі саудагерлерді жиі кездестіруге болады. Олар саудалайтын өнімдердің санитарлық талаптарға сай, сай емес екенін білмейміз. Сауықтыру лагерінің демалушыларына олардың денсаулығы ең басты құндылық екенін түсіндіруге тырысамыз. Телефонға телміріп отыратын балалар жиі кездеседі. Олардың уақытын қызықты өткізу үшін түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар өткіземіз», – дейді тәрбиеші Алма Ибраева.

Бұрын «Үржарайымда» тек Үржар ауданының оқушылары тегін демалатын. Ал қазір Шығыс Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен оқушылар ақылы негізде демалуға келеді екен. «Үржарайым» бір ауысымда 180-ге жуық 5-9-сынып оқушыларын қабылдайды. Бір апта бойы оларды күніне екі рет шипалы Алакөлге шомылу, бес рет құнарлы тамақтану, түрлі шаралар мен Қабанбай ауылындағы музей мен Алакөлдің Арбатына жасалатын саяхат күтіп тұрады.

«Әр ауысым сайын 180 балаға 6 тәрбиеші, дене шынықтыру маманы, суда құтқарушы, медбике, аспаз, тазалықшы, күзетші мамандар қызмет етеді. Жақында Арыс қаласынан 30 бала демалуға келеді. Балалардың қауіпсіздігін күндіз-түні бақылаймыз. Күніне екі рет көлге шомылуға апарамыз»,– дейді «Үржарайым» сауықтыру лагерінің аға тәлімгері Ерлан Мұхамедкәрімұлы.

Биыл лагерьде 1400-ге жуық жасөспірім демалады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Үржарайымның» ауқымы кеңейе түспек. Оған лагерьге деген сұраныстың артуы себеп болып отыр. Алакөл жағасында тағы 120 балаға арналған қосымша демалыс орнының құрылысы басталады. Бірте-бірте республиканың бүкіл аймағынан балалар қабылдайтын лагерь ашу жоспарда бар екенін айтады басшылар.

«Үржарайымға» демалуға келген балалардың да пікірін сұрап едік. Барлығына лагерь тәртібі ұнайтын сияқты.

Жаннұр Закен: Биыл лагерьге үшінші рет келуім. «Үржарайымды» үш сөзбен сипатта десе, «достық, татулық және қызыққа толы мекен» деп айтар едім. Жыл сайын келгенде жаңа достар табамын. Олармен әлі де араласып тұрамыз.

Жәнібек Аманқұлов: Мен лагерьге келгенде жаңа мақсат пайда болды. Болашақта құтқарушы болғым келеді. Бізге ағайлар «суға шомылғанда алысқа бармаңдар!» деп ескертеді. Қандай қауіп бар екенін бәріміз түсінеміз. Қыздар шомылуға барғанда 3-4 ер баланы ертіп апарады. Біз суды бойлап шекараны белгілейміз. Қыздардың шекарадан асып кетпеуін бақылап, тәрбиешілерге көмектесеміз.

Айдана Зейтинбаева: Маған Алакөлдің табиғаты, көрінісі ерекше ұнады. Көлден самал жел ескенде шығармашылық шабыт аламын. Алакөлге шомылған адамдар ауруынан айығады дегенді көп еститінмін. Сол рас сияқты. Тіпті, көл суы адамның көңіл-күйіне де әсер етеді екен. Біздің лагерьдің басты заңы бар. Ол – күліп жүру. Күліп жүруді үйреткені үшін «Үржарайымға» алғысым шексіз.

Надир Жавгашев: Биыл «Үржарайымға» екінші рет келдім. Маған ең ұнайтын сәт қай кез екенін білесіз бе? Көлге шомылуға баратын сәт. Ал ең ұнамайтыны – көлден қайтатын кез. Біз күніне екі рет Алакөлге шомылуға барамыз. Маған суға шомылған ұнайды. Өкініштісі – жарты-ақ сағат шомыламыз.

Айзере Елдекен: Алғашында ата-анам лагерьге баратынымды айтқанда қатты
уайымдадым. Ол жақта бір апта бойы қандай адамдармен бірге тұрам, дос таба алам ба, басқа балалармен тіл табыса алам ба деп ойладым. Бірақ, лагерь мен ойлағандай қорқынышты емес екен. Мүлде қорқынышты емес. Керісінше, өте қызық! Достарым көп. Бірге ойнаймыз, тамақ ішеміз, ұран жаттаймыз, топ болып байқауларға дайындаламыз. Мұнда келгеніме еш өкінбеймін.

P.S. Бір байқағаным – лагерь, интернат деген балаларды тазалыққа, жеке дамуға, өз бетінше шешім қабылдауға, кез келген ортада өзін-өзі дұрыс ұстауға үйретеді екен. Мысалы, «Үржарайымның» күн тәртібінің өзі балаларды тәртіпке шақырады. 8:00- дегі ұран: «Оянайық, тұрайық, төсек-орын жинайық». Одан кейін «қане, сапқа тұрайық, беті-қолды жуайық», жаттығу жасап болған соң
«таңғы ас – тәбетіңді аш» деген тіркестер жазылған. Күніне екі уақыт коттеджді
жинау, айналаны тазалау жұмыстары жүргізіледі. Лагерьде тазалықшы да, еден жуушы да бар ғой. Бірақ, балалар өздері жүріп-тұратын жерді өздері тазалап кетеді. Тіпті, асханада тамақтанып болған соң кезекші отрядтың балалары ыдыс-
аяқтарды жинап, аспаздарға алғыс айтып жатады. «Үржарайым» сауықтыру
лагері аумағынан шашылып жатқан қоқыс көрмейсің. Демалушылары да тап-тұйнақтай, әп-әдемі болып жүреді. Қарайсың да сүйсінесің.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №31
30 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз