Шілде сөзі парсының «Шіллә» қырық деген сөзінен шыққан. Қазақ ертеден жаз
айларындағы ыстық кезеңді осылай атайды. Яғни бұл қазақтың мезгіл атауы. Кейіннен ай атына айналып кеткен. Ал орыс тіліндегі «июль» сөзі Ежелгі Римнің
ең атақты және айбынды басшысы Гай Юлий Цезарьдің құрметіне аталған. Ол осы айда туған болатын. Сонымен сіздердің назарларыңызға әлем тарихындағы шілде айында өткен маңызды оқиғалар легін ұсынамыз.

1 шілде

Әлем әдебиетіне, тіпті әлемдік өркениетке «утопия» деген ұғымды алып келген Томас Мор дәл осы күні сот залында отырған еді. Бұл сонау 1535 жыл. Оған шіркеу мен патша тарапынан «билікті мойындамады» деген айып тағылған. Сот оны бірауыздан «мемлекет
сатқыны» деп мойындап, өлім жазасына кескен еді. Бірақ ойын өзгертуге, ойлануға
бірнеше күн мұрсат береді. Көзқарасының әбден дұрыстығына сенімді болған Томас пікірін өзгерткен емес. Басы кесілетін ағаш алдында тұрған ол қолына балта ұстаған жендетіне
қарап тұрып: «Менің мойным қысқа. Сондықтан мүлт кетпей, жақсылап дәлде», – деп ағашқа жатады. Жендет те мүлт кеткен жоқ. Осылай жер бетінде бір ақылман кеми түсті. Шіркеу мен сол замандағы қоғамның қасаң ойынан адамзат ақыл-ойы зардап шеккен.

2 шілде

Адамзат пайда болғалы өз өмірін жеңілдетуге барынша күш салып, неше түрлі дүниелерді жасап келеді. Көшпенділер бұл тұрғыдан келгенде әлемдік өркениеттің негізгі іргетасын қалап берді. Жылқының қолға үйретілуі, оның әбзелдері, киім-кешек түрлері мен дөңгелектің ойлап табылуы. Иә, бүгінгі күні қарапайым болып көрінетін бұл нәрселер
әлемдік тарих дөңгелегінің алға жылжуына өлшеусіз үлес қосқан өнертабыстар болып саналады. Тек бұл нәрселерді ең алғаш жасаған көшпендінің есімі бізге белгісіз. Сондықтан
болар кейінгі патент пен нарық заманында ат үстінде күн кешкен халықтардың
ұрпақтары өркениеттен құралақан, адамзат дамуына ешбір үлес қоспағандай сезінді өздерін. Жә, әңгіме ол туралы емес. Біз әлемдік өнертабыстар туралы айтып отырмыз. Оның ішіндегі айтқымыз келетіні – адамның құсқа еліктеуі.

Адам қай заманнан-ақ қалықтап ұшқысы келді. Әлемдік поэзия, жалпы әдебиеттің де осы арман төңірегінде толғанғаны көп болған. Және бұл арман ХІХ ғасыр соңына қарай
орындала бастады. Алғашқы ұшақтар құрастырылып, әуе шарлары ұшты. Бірақ ақыл-ой тоқтап қалған жоқ. Дами түсті. Ұшақтар биік ұшуға, жылдамдық қосуға тырысты. Әуе
шарлары үлкен жүк көтеріп, бағытталып ұшуға бейімделіп, дирижабльдерге айнала
бастады.

Тарихтың құрасатын кезі болады. Мысалы, ХХ ғасыр басында Германияда техника қатты дамыды және сол техникалардың әскери аналогтары да кезек күттірмей шығып тұрды. Осы дамудың соңы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына алып келді. Германияда
дамыған техникалардың ішінде дирижабльдер де болатын.

1900 жылдың 2 шілдесі күні Боден өзені үстіне Фердинанд Цеппелиннің тұңғыш дирижаблі көтеріліп, 17 минуттан кейін құлап тынды. «LZ-1» деп аталатын құрылғының өмірі осылай
қысқа болған. Бірақ ол осы қысқа ғұмырымен өзінен кейінгілерге ұзақ өмір сыйлады.

Кейіннен «LZ-2», «LZ-3», «LZ-4» деген модельдер құрастырылған. Осылардың ішіндегі ең ұзақ өмір сүріп, құрастырушысының атын әлемге айғақтаған «LZ-4» болатын. Ол әуеде 12 сағат қалықтап, сағатына 40 миль жылдамдықты бағындырған. Кейіннен 12 тоннаға
дейін жүк көтеретін дирижабльдер пайда болды. Олар материктер арасында жолаушылар мен жүк тасымалдарын ұйымдастыратын бірден-бір құрал еді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде дирижабльдер жүк тасып қана қоймай, тыңшылық, бомба тастаушы әуе кемелерінің де миссиясын атқарды. Өйткені, жерден атылған снаряд
дирижабль ұшатын биікке жете алмайтын. Ұшақтар ол ұшатын биіктікте ұша алмайтын. Сондықтан оларды әскерилер соғыс кезінде ұтымды пайдалана білді. Бірақ бұл техника
екінші дүниежүзілік соғысқа жарамады.

Оның үлкен шарына сутегі толтырылатын. Ол ауадан әлдеқайда жеңіл әрі әуе кемесінің жүк көтеру мүмкіндігі өте жоғары болды. Дегенмен сутегі өте жылдам тұтанатын зат.
Соның кесірінен қаншама дирижабль апатқа ұшырады. Дегенмен бүгінгі күні бұл әуе
кемелеріне қызығушылық пен сұраныс қайта артып келеді. Өйткені, бүгінгі күні газ
сутегі секілді тұтанғыш емес. Сонымен қатар дирижабль өте арзан қатынас құралы болып саналады. Және ұшақтарға қарағанда жүк көтере алады. Бір ғана мысал, ХХ ғасырдың
басында алғаш ұшқан дирижабльдердің көтеретін жүгін бүгінгі күні санаулы ғана ұшақ көтере алады.

13 шілде

Әлемдегі ең танымал спорттық ойын футбол екені баршаға аян. Оның жанкүйерлері миллиардтап саналады. Ал үздік футболшылар бүгінгі күннің батырларына, жоқ дегенде
үлгі алар тұлғаларына айналған. Әлемдік футболдың екі түрі бар. Біріншісі – клубтық,
екіншісі – ұлттық. Клубтық чемпионаттар жыл сайын өте береді. Клубтар бір-бірінен футболшы сатып алып, алмасып ойнайды. Көп адамның пікірінше, бүгінгі клубтық футболда баланс жоқ. Мықты, ақшасы көп командалар жақсы ойыншылардың барлығын
сатып алады да, соңыра 2-3 қана «гигант фаворит» шығады. Яғни шиеленіс жоқ.
Футболдағы ең қызық ойындар негізінен әлем чемпионатында болады.

Егер статистикаға сенсек, жазғы олимпиада ойындарын тамашалайтын көрермендерден әлем чемпионатын тамашалайтын футбол жанкүйерлері 1,5 есе көп екен. Осыдан-ақ
футболдың нендей құдіретке ие екенін анық байқауға болады. Ал осы әлем біріншілігінің алғашқы ойыны 1930 жылдың 13 шілдесі күні болған еді. Уругвай астанасы Монтевидео
қаласындағы «Поситос» стадионында Франция мен Мексика арасында өтіп, 4:1 есебімен Франция жеңіске жеткен. Ал әлем біріншілігіндегі ең алғашқы гол Люсьен Лоран атты
футболшының еншісінде. Ол осы ойынның 19-минутында соғылған.

Әлем чемпионатының алғашқы чемпиондары алаң иелері уругвайлықтар болды. Олар финалда аргентиналықтарды 4:2 есебімен ұтып, тұңғыш кубокты көтерген. Футболдың отаны Еуропа екені белгілі. Ал еуропалық деген сөздің арғы жағында христиан деген сөз тағы тұр. Бір қызығы, бүкіл әлем футболда «оле-оле-оле» деп шулап жатады емес пе? Бұл сөздің түбі Азияда жатыр. Бұл спорттың ұранына айналған сөздің түбі мұсылманға
келіп тіреледі. «Оле» сөзі Испанияда фламинго билегенде айтылады. Ал ол сөз «Алла» сөзінің трансформацияланған түрі. Арабтар сегізінші ғасырда Испанияны басып алған
болатын. «Алла» сөзі сол замандардан қалып қойған.

21 шілде

Оның өмірі өліммен ойнаған ұзақ күрестен тұратын секілді. Психологтардың айтуы
бойынша, ол өзінің ішкі қаупіне жол бермеу үшін сыртқы қауіпке әдейі ұрынған. Оның өміріндегі жарақаттарын, басына түскен қатерлерін оқи отырып, өлімді бейсаналы
түрде іздеп жүргеніне көзің жетеді.

Бала кезінде-ақ таяқпен өзінің көмекей бездерін жаралап алып, өмір бойы тамақ ауруынан қиналып өткенін биографтар жазып жүр. Бірінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып барып,
минометтен жарақат алады. Денесіне 200-ден астам жара түсіп, 26 бомба жарықшағы алынған. Тізесінің тақылжыр сүйегі алюминий протезбен алмастырылған.

Испаниядағы бұқалармен шайқастағы жарақат… Одан кейін екі бердей көлік апаты, Африкадағы екі ұшақ апаты және мұның бәрі оның басына прожектордың құлап кетуі мен ішек-құрылысы аурулары секілді «майда-шүйде» жарақаттарды есептемегенде. Бірақ, жастық кезеңдегі жарақаттардың барлығы жас ұлғая келе сыр бере бастады. Жаны емес, тәні ауыратын. Жазушы өз тәнінің сатқындығын көтере алмаған болар. Өзінің ең жақсы
көретін мылтығының ұңғысын өзіне қаратты.

Біз оның шығармашылығындағы күрескерлік, адам жанының сірілігі турасында айтамыз. Өлімін аңыз етеміз. Бірақ бүгін оның өмірден озған емес, өмірді қуып жеткен күні.

Жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хэмингуей бүгін 120 жаста. «Ол өмірден жеңілген жоқ. Егер жеңілген болса біз ол туралы әңгіме айтпаған болар едік», – дейтін
әдебиеттанушы Әмірхан Балқыбек. Айтпақшы, Хэмингуейдің қолына ұстаған соңғы қару
бүгінде жазушының атымен аталады. BERNARDELLI HEMINGWAY DELUXE.

29 шілде

Сіз Даниэль Дефоның кім екенін білесіз бе? Әдеби кітап оқығандар бірден айтар. Бірақ көбі толық тани бермейді. Жалпы Даниэль Дефо мен Артур Конон Дойлдың тағдыры ұқсас.
Екеуі де өз кейіпкерлерінің көлеңкесінде қалған адамдар. Артур Конон Дойл өзі жазған Шерлок Холмстың, ал Даниэль Дефо Робинзон Крузоның. Расында солай ғой. Робинзон Крузоны бәрі біледі. Шерлок Холмсты да. Бірақ оларды дүниеге әкелген авторлардың
есімдері белгісіз болып қала береді. Тіпті көп адам Шерлок Холмс пен Робинзон Крузоны өмірде болған адам деп қабылдайды. Олар туралы фильмдер тіпті биографиялық фильмдер ретінде қабылданады. Ал олар жәй ғана кітаптың кейіпкерлері еді. Бұл
жазушының шеберлігі ме, әлде оқырман дәрежесінің төмендігі ме, кім білсін?

Танитын адамдар Даниэль Дефоны жазушы ретінде ғана біледі. Бірақ ол тек жазушы болып қалған жоқ. Ол Англия тарихындағы ең құпия жұмыстарды атқарған.

Даниэль Дефо журналист ретінде мемлекетті, билікті мазақ етіп бірнеше памфлет жазған. Оны халық сүйіп оқитын еді. Бірақ билікке ұнамаған қаламгерді тиісті органдар «масқаралық бағанасына» үш күнге таңып тастайды. Ойлары атақты памфлетшіден
халықты алыстату болатын. Бірақ билік қатты қателесті. Ол жазушы мен халық арасын
тіптен жақындатып жіберген болатын.

Негізінен «масқаралау бағанасына» байланған адамдардың бетіне халық келіп түкіріп кететін. Ұрып, былапыт сөздер айтып, басына қоқыс лақтыратын. Халықтан билік дәл осындай әрекет күтті. Бірақ, қарапайым халық Даниэль Дефоның басына қоқыс емес, гүл
лақтырды. Оның атын әнге қосып, көше әншілері ода арнады. Осылай жазушы
«масқаралық бағанасында» тұрып өз танымалдығының шыңына шықты десек те болады.

Халық пен қаламгердің арасын бұлай ажырата алмасын білген билік өкілдері оның бүкіл жан бағып отырған жұмысын тартып алып, тақыр кедей қылуды ойлады. Бұл бер жағы.
Тіпті жер аударып жіберуі мүмкін еді. Сондықтан ол консервативті биліктің  құпия тыңшысы болуға келіседі. Болашақ «Робинзон Крузоның» авторы сырттай «тәуелсіз журналист» ретінде жүріп, сол кезеңдегі биліктің бақталастары туралы ақпарат жеткізіп
отырған. Ол бүкіл мемлекетті саудагер ретінде аралай жүріп, халықтың пиғылын,
консервативті биліктің қарсыластарын бақылап, оны сарайға жеткізу үшін тұтас тыңшылық жүйе құрған.

Яғни жазушы Даниэль Дефоны толыққанды Британия «құпия қызметінің» негізін салушы деп атай аламыз. Иә, біз сүйетін жазушының осындай да қыры бар.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз