Алматыда «Жас сахна» деп аталатын театр бар. Театрды 28 жастағы Қуаныш Керімқұлов басқарады. Оның есімі көрерменге отандық «Бажалар», «Сүйе білсең…», «Жараланған жүректер» сериал-дары арқылы танылған. Жақында кино және театр актерімен жекемен-шік театрдың ерек-шеліктері, өнер адамдарының шығармашылық еркіндігі туралы әңгімелестік.

– Мектеп бітіретін тұста ойым күрт өзгеріп, өнер саласына бет бұрдым. Мектептегі мерекелік іс-шараларға көп қатысқаннан болар. Не себеп болғаны нақты есімде жоқ. Әйтеуір, мектеп бітіретін тұста 180 градусқа өзгеріп шыға келдім. Оған дейін Алматыда өнер академиясының бар екенінен хабарсыз едім. Мектеп бітірген соң Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, актер болып шықтым. Биыл өнерде жүргеніме 10 жыл болыпты.

– Сізді бұрын Ғ.Мүсірепов театрының қойылымдарынан көретін едік. Бұл театрға қашан, қалай келдіңіз? Қазір қайда жүрсіз?

– Академияда оқып жүргенде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында кастинг жарияланып жатқанын естідім. Студент болсам да, осы кастингке барып, кейін театрға жұмысқа қабылдандым. 4 жыл осы театрда актер болдым. Кейін уақыттың тығыздығына байланысты жұмыстан шығып кеттім. Театр маған жаттығу алаңы сияқты. Спортшы-лар олимпиадаға қатысу үшін күн сайын жаттығады ғой. Басқа актерлерге қалай әсер ететін білмедім, маған театр үнемі формада жүру үшін қажет болды. Қазір «Жас сахна» театрында жұмыс істеймін. Бұл театр үш жыл бұрын жұмысқа шақырған. Ол жерде өзімнің замандас-тарым, қатарластарым жұмыс істейді. «Жас сахнаға» сол кезде ауысқым келетін. Олардың репертуары, қойылымды беру формасы, жаңашылдығы қатты ұнайтын. «Жас сахнаға» келгеніме шамамен бір жылдай ғана уақыт болды.

– «Жас сахна» театрының директорысыз. Бірден басшылық қызметке келдіңіз бе?

– Жоқ, әрине. Алғашында актер болып бардым. Сынақ мерзімін берді. Кейін жұмысқа қабылдандым. Негізі «Жас сахна» театрының Бас директоры – Жанна Бәйтенқызы. Ол – бәрі-мізге белгілі тұлға Бәйтен Уәлиханұлы Омаровтың қызы. «Жас сахна» театры осы Бәйтен Омаровтың құрметіне ашылған. Бұрын Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінде Бәйтен Омаровтың жеке сахнасы, шеберханасы болатын. «Бәйтен жастары» деген театр сол кезде құрылған. 2012 жылы Жанна Бәйтенқызы әкесінің ісінің жалғасы ретінде «Жас сахнаны» ашты. Театрымыздың көркемдік жетекшісі, қоюшы режиссері Барзу Хабибуллаұлы Абдураззаков. Ол кісінің есімі өнер адамдары арасында белгілі. Тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де Барзу Хабибуллаұлының қойылымдары құрмет пен сұра-нысқа ие.
Биыл «Жас сахнаның» өз формасын тауып, көрерменімен қауышқанына төртінші жыл. Демек, театр ұжымы төртінші маусымды аяқтайды. Ал менің басшылық қызметке келгеніме көп бола қойған жоқ. Әлі бір жылға да толмады. Барзу Хабибуллаұлы, Жанна Бәйтенқызы және театр ұжымы ақылдаса келе маған театр директоры болуға ұсыныс білдірді. Менің көп арманымның бірі осы болатын.

– Бұрыннан театр басқаруды армандадыңыз ба?

– Тек театр басқаруды емес, нақтырақ айтсам, театр өнерін басқа қырынан көрсететін театрды дамытуды армандадым. Мен мансапқа қызыққан емеспін. Ескі стереотиптерді, қатып қалған қағидаларды қазіргі заманға лайықтап, өнерде өзгеріс жасағым келді. Аға толқын бұл сөзіме ренжімейтін шығар, бірақ «Жас сахна» сияқты жаңа форматтағы театрды, біздің ұжымдағы жас актерлерді олар өз деңгейінде басқара алмайтын ба еді деп ойлаймын.

– Сонда өнер үшін қызмет етіп жүрсіз ғой?

– Өнер үшін деп айта алмаймын. Шындығында, қазір адамдардың барлығы өзі үшін қызмет етеді, өзі үшін дамиды. Ел үшін, мемлекет үшін, өнер үшін деген жай сөз ғана. Өзің дамысаң, өзіңнің ісіңді, тұлғаңды дамытсаң, сен жүрген орта да, сала да дамиды деп ойлаймын. Сондықтан сіздің сұрағыңызға өнер үшін емес, өзім үшін жұмыс істеймін деп жауап бергім келеді.

Менің театрымда 15 актер бар
– «Жас сахнаның» басқа театрлардан қандай ерекшелігі, артықшылығы бар?

– «Жас сахнаға» келмей тұрып 4 жыл бойы мемлекеттік академиялық театрда жұмыс істегендіктен болар, өзіме айырмашылықтары айқын сезілді. Қойылымды беру формасы, тіпті актерлердің сөз саптауы да басқаша. «Жас сахнада» театр әлеміне деген жаңа көзқарас, жаңа форма бар. Біздің театрымыз дәл қазір батыс елдерінде қолданылатын әдіспен жұмыс істейді. Оны театрға келген көрермен де анық сезіне алады. Қазір камералық театрлардың заманы. Көрерменнің де талғамы өскен. Академиялық дүниені қабылдай бермейді. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін туған толқынбыз.

– Дегенмен, «Жас сахна» театрына қарағанда академиялық театрлардың аудиториясы көбірек сияқты. «Жас сахнаның» жарнамасы аз ба, әлде жаңашылдықты түсінетін аудитория аз ба, қалай ойлайсыз?

– Шындығында, «Жас сахна» театрын Қазақстанға қарағанда алыс-жақын шетелдерде көбірек біледі. Барзу Хабибуллаұлы жетекшілік ететін театр жаңа қойылым қойды десе, бізді міндетті түрде фестивальдерге шақырады. Алайда, Қазақстанда аудиториямыз аса үлкен емес. Оның себептерін өзіміз де біліп, сезіп жүрміз. Бірінші себебі, «Жас сахна» – жекеменшік театр. Біздің елде егер Қазақстан театрлар ассоциациясына кірмесең, елде болып жатқан фестивальдерге шақырмайды. Осындай театр имиджін көтеретін фестивальдерден таса қалғандықтан, таныла алмай жатқан сияқты. Екінші себебі – театрдағы қойылымдар орыс тілінде. Үшіншіден, билет құны қымбат. Дегенмен, біз бұл кемшіліктердің орнын толтыруға тырысып жатырмыз.

– Әрқайсысына жеке тоқталып өтсек. Қазақ тілінде қойылым қоюға не кедергі? Актерлық құрам сәйкес келмей ме, әлде кадр жетіспей ме? Мүмкін қазақтілді қойылымдар аудитория жинай алмайды деп қорқатын шығарсыздар?

– Актерлық құрам сәйкес келмейді, кадр жетіспейді деп айта алмаймын. Театрда
15 актер бар. Олардың 10-ы штатта, қалған бесеуі шақырылған актерлер. Шақырылған актерлердің қойылымдарда нақты рөлі бар. Тек өз рөлін ойнап, ақысын алады. Актерлық құрам 100 пайыз қазақтардан және кәсіби мамандардан құралған. Күнделікті өмірде, жұмыста ана тілімізде сөйлесеміз. Тек сахнада ғана орысша қойылым қоямыз. Оның да бірнеше себебі бар. Алғашқы себебі – ерекшелік пен бәсекелестік. Осыған дейін қазақ тілінде қойылым қоятын бірнеше жекеменшік театр болған. Бірақ, олардың бұл бастамасы сәтсіз аяқталды. Себебі Алматы қаласында М.Әуезов атындағы және Ғ.Мүсірепов атындағы академия-лық театр бар. Олар қазақ тілінде қойылым қояды. Егер олардан еш ерекшелігі болмаса, «Жас сахнаның» да жолы болмас еді.

Екіншіден, қазақша қойылым қою үшін қазақ режиссер керек. Біз әлі күнге дейін жақсы режиссер іздеп жүрміз. Өкініштісі – өзіміз ойлағандай мықты режиссер таба алмадық. Себебі, елімізде жаңа форматтағы маман дайындайтын оқу жүйесі жоқ. Бірсарынды өмір, бірсарынды өнер… Егер біздің стильді ұстана алатын режиссер табылса, міндетті түрде қазақ тіліндегі қойылымдарды көбейтетін едік.

Үшіншіден, театр репертуа-рындағы қойылымдардың орыс тілінде сахналануы формаға байланысты. Театрдағы жаңа форманы қазақ тіліне ыңғайлау қиынға соқты. Бізде «Лавина» деген қойылым бар. Жартысы қазақша, жартысы орысша. Осы қойылым арқылы біз қазақ тілін театр формасына ыңғайлауға тырыстық. Нәтижесі жаман болмаған сияқты. «Одноклассники» қойылымынан кейінгі театр мақтанышына айналған қойылымның бірі осы «Лавина» болды. Алдағы маусымда толықтай қазақ тіліндегі қойылым ұсынамыз. Күтіңіздер. Келесі маусымда «Жас сахнаға» келіңіздер.

– Билет құнын қалай белгілейсіздер? «Жас сахнаның» билеті академиялық театрмен салыстырғанда 3-4 есеге қымбат. Бұл бағаны кез келген көрерменнің қалтасы көтере бермейді…

– Иә, «Жас сахнада» билет құны – 3800 теңге. Академиялық театрларда 1000 теңге айналасында. Жоғарыда атап өткенімдей, «Жас сахна» – жекеменшік театр. Мемлекеттен бюджет бөлінбейді. Өз жыртығымызды өзіміз жамаймыз. Билеттің құны арқылы театр ұжымына айлық төлейміз, қойылымға қажет реквизиттер аламыз. Театрда тек актерлер ғана емес, костюмер, режиссер, техникалық қызметкерлер мен қызмет көрсетушілер бар. Театр қызметкерлері қосымша табыс тауып отырған жоқ. Билеттен түсетін табыс тек шығындарды өтеуден артылмайды. Ал қосымша байқауларға Жанна Бәйтенқызы демеуші болады.

– Қазір жарнамасы жақсы дүние сұранысқа ие болатын заман болып тұр ғой. «Жас сахнаның» жарнамасына қаншалықты көңіл бөлесіздер?

– Ең жақсы жарнама – «тірі жарнама». Әрине, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының да орны ерекше. Бірақ, көрермен біздің қойылымды тамашалап, басқа адамдарға айтса біз үшін ең үлкен жетістік те, жарнама да осы деп ойлаймын. Сондықтан еліміздегі басқа қалаларды аралап, театр репертуарымен таныстырып жүрміз. Жақында ғана Талдықорған қаласына іссапармен барып-қайттық. Шетелге де жиі шығып тұрамыз. Гастрольдік сапар кезінде аншлаг болып, билеттер лезде өтіп кетеді. Қандай залда өткізсек те, лық толы аудитория жиналады. Қазір Өскемен, Қызылорда, Павлодар қалаларынан да ұсыныс түсіп жатыр.

– Репертуарды кім таңдайды? Театрда еркіндік бар дедіңіз. Шығармашалық топтың пікірі мен импровизация ескеріле ме?

– Репертуарды көркемдік жетекші бекітеді. Әркімнің өз ұсынысын, ойын ашық білдіруге құқығы бар. Өзіміз қалаған қойылымды қоямыз, өзіміз қалаған рөлді таңдаймыз. Шығармашылық еркіндік бар. Үнемі ұжыммен ақылдасып барып шешім қабылдаймыз. Кез келген нәрсе сапалы болу үшін сол іске деген махаббат қажет деп ойлаймын. Бізде ол бар.

Тез танымал болғандар тез ұмытылады
– Білуімізше, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс бересіз. Өзіңізден кейінгі толқыннан не күтесіз?

– Қоғамды өзгертуді әр адам өзінен, өзінің отбасы мен әулетінен, достарынан бастауы керек. Мен үнемі достарыма (достарымның көпшілігі өнер адамдары), үйдегілерге, шәкірттеріме өзім игі деп санайтын ұстанымдар туралы айтып жүремін. Шәкірттерімді еркін тұлға етіп тәрбиелеуге тырысамын. Олардың шығармашылыққа деген көзқарастарын дұрыс қабылдаймын. Еркіндік беремін. Өзгеріс, жаңалық жасауға деген талпыныстары ұнайды.

– Жастар арасында жылдам танымал болуға деген құлшыныс жоғары екені байқалады. Бұл құбылысты қалай қабылдайсыз?

– Мамандықтың өзі танымалдыққа алып келеді. Өнер деген тасада қалып қоятындарды қабылдай алмайды. Алайда, қазір жастар тез танымал болуға талпынады. «Өнерге танымал болу үшін келдік» дейтіндер көп. Менің ойымша бұл – жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүру. Тез танымал болған адам тез ұмытылады. Мақсат деген жыл сайын, сәт сайын, сағат сайын өзгеріп отырады ғой. Өнерге келгендегі мақсат танымалдық болмауы керек.

Театрда екінші дубль болмайды
– Сізді кино әлемінен де, интернеттен де, театрдан да көріп жүрміз. Үшеуі қазіргі таңда қоғамдағы басты идеологиялық құралға айналған. Қайсысы жаныңызға жақын? Қайсысы халыққа не бере алады деп ойлайсыз?

– Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, қоғамдағы орны бар. Жаныма жақыны – театр. «Батыр майданда шынығады», ал актер театрда шынығады. Театрда кинодағыдай екінші дубль деген жоқ. Демек, қателесуге болмайды. Кино әлемінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Кинода көзің өтірік айтса, фальш бірден байқалады. Көрерменді алдай алмайсың. Сондықтан, барынша шынайы ойнау керек әрі камераға ойнап үйрену керек. Интернетке келер болсақ, қазіргі басты идеологиялық құрал осы шығар. Алайда, интернет арқылы өнер адамдары өздерінің құны мен құндылығын төмендетіп алған сияқты. Бұрын өнер адамдарын көру арман болатын. Қазір олар қолжетімді. Күн сайын қайда жүргенін, немен айналысып жатқанын жариялай береді. Өз басым әлеуметтік желіде күн сайын арзан атаққа бастайтын дүниелер жарияламауға тырысамын. Себебі, біз – халықтың айнасы, мәдениет тасымалдаушы тұлғамыз деп ойлаймын.

– Бір сұқбатыңызда өнерде «қазақы стиль» болуы керек депсіз. Ол стиль қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Соның қандай стиль екенін өзім де білмеймін. Бұл бағытта жұмыс істейтіндей дәрежеге жетпеген шығармын. Бірақ, осындай стиль қалыптасқанын қатты қалаймын. Мысалы, батыс драматургиясын алып қарасақ, Жан-Батист Мольердің шығармашылығында өзіндік икемділік пен орамдылық бар. Себебі Мольер өзі биші болған. Біз Мольердің ойынын, үнін, мәнерін білеміз. Оның стилін басқалардікінен жазбай тануға болады. Шекспирде де сондай. Өзіндік ерекшеліктері бар. Оның қойылымдарын қай ұлттың театрынан көрсең де оқиғаның қай елде болып жатқанын, не туралы екенін анықтауға болады. Сол сияқты біздің өнерді әлемге танытатын «қазақы стиль» болса деп армандаймын. Басқалар тұрмақ, біздің өзіміз ата-бабаларымыз туралы ойлағанда көшпенді халық, киіз үй, соғыстан басқа ешнәрсе елестете алмаймыз. Бізге көрермен қазақты сахнадан жазбай танитын, ешбір түсініктеме бермей-ақ «мынау қазақтар туралы қойылым екен ғой» дейтін стиль қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Дана МАРАТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз