Туриндік «Ювентус» сұрмергені Криштиану Роналду әйгілі Marca газетінің «Аңыз» сыйлығына ие болды, – деп хабарлайды Жасөркен порталы.

Кеше Мадридте өткен марапаттау кешінде Роналдуға бұл сыйлық табысталды.

«Бұл өте маңызды сыйлық. Marca басылымына салтанатты кеш үшін, құрметті қонақ болғаным үшін рақмет айтамын. Мұны кімдер алғанын білем, енді бұл менің музейімнің ең әдемі жерінен орын алатын болады. Мансап жолында осындай жетістікке жетуге көмектескен барша жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Мен үшін үлкен мақтаныш!», – деді Роналду.

Тіпті корольдік клуб президенті Флорентино Перестің өзі келіп, арнайы құттықтады. Ол бұл кешке не үшін келгенін айтты.

«Неге келмеймін? Мен Криштианудың жанкүйерімін. Оның жоқтығы өмір бойы білініп тұратын болады», – деді Перес.

Айта кетейік, «Аңыз» сыйлығы 1997 жылдан бастап табысталып келеді. Бұған дейін бұл сыйлықты Лионель Месси, Диего Марадона, Майкл Фелпс, Михаэль Шумахер және Майкл Джордан иеленген болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз