Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Аружан Кеңесова, Есет Едрес және Мәжит Жараспай латын әліпбиін балаларға үйрететін интерактив платформа ойлап тапты. Жаңалықты ести сала, балаларға
қоңыраулаттық. Олар бізге бастан-аяқ әңгімелеп берді.

Ұлан: Жобаның идеясы қалай келді? Қиындық тудырды ма?

Аружан: Интерактивті платформа балаларға латын графикасы мен әрпін үйретуге
арналған.

Мәжит: Кез келген жобаның басты қиындығы – идеяны жүзеге асыру. Техникалық мүмкіндігі аз болса да, қиындық болады. Біз де техникасынан қиналдық. Бірақ мектептегі мұғалімдер көмектесті. Мектептің техникалық, материалдық базасы да көмектесті. Топтық жұмыс болғандықтан, барлық бала білек сыбанып кірісті.

Ұлан: Платформа қалай жұмыс істейді? Қандай функциясы бар?

Мәжит: Платформаның бетінде әріптер орналасады. Әріптерді басқан кезде әріп және сөз дыбысталады. Сосын ұялы байланысқа қосылуды ойладық. Мәселен, Android қолданушылары Play Market арқылы белгілі бір қосымшаны жүктеп алып, камераны іске қосып әріптерге жақындатқанда әріптерге тұрған сурет 3D макетіне айналады. Бұл баланың визуалды еске сақтауына көмектеседі. Қазіргі балалар көбіне сондай визуалды дүниелерге әуес. Балалар үшін өте пайдалы болмақ.

Ұлан: Интерактив платформаны дамыту ойларыңда бар ма?

Есет: Әрине, ойымызда бар. Бұл қазіргі таңда екінші өзгерісі. Біз басында тек идеяны жүзеге асырып көрген едік. Әртүрлі қалалардағы байқауларға қатыстық. Жарыстан кейін көп адам қызығушылық білдірді. Тұтынушылардың көп болатынын біліп, әрі қарай дамытып, жалғастырамыз. Болашақта сандарды да қосамыз. Қазір платформада бірнеше ойын бар. Олардың барлығы балалар үшін пайдалы болмақ. Бұл жобаны білім саласының мамандарымен ақылдасып, мектеп пен балабақшаға енгізгіміз келеді.

Ұлан: Сіздердің бұл жобаларыңызда авторлық құқық бар деп естідік. Жоба туралы сол саланың адамдарын құлаққағыс еттіңіздер ме?

Аружан: Иә, авторлық құқыққа ие болдық. Бұл жобаны қолдануға тек біздің ғана құқығымыз бар. Ақтөбе қаласындағы «Құлагер» балабақшасында тәжірибе ретінде бір ай сынақтан өткіздік. Балабақша базасына енгізіп, бір ай бойы тәрбиешілер мен балалар қолданды. Алғашқы күні ұстаздардың барлығын жинап, интерактив тақтаны қалай қосып, қалай өшіру керек екенін және қалай қолдану керек екенін түсіндірдік. Екі-үш күн сайын бақыладық. Балалармен сөйлесіп, пікірлерін білдік. Бір айдан кейін қаладағы барлық балабақша меңгерушілеріне семинар өткіздік. Облыс пен қала әкімінің кездесуіне
қатыстық. Қазір инвесторлар іздеп жатырмыз.

Ұлан: Болашақта осы саланы дамытасыздар ма?

Мәжит: Қазір 12-сыныпқа көштік. Болашақта инженерия саласын меңгергім келеді.

Аружан: Маркетинг және жарнама саласына қатысы бар маман болғым келеді.

Есет: Еліміздегі IT саласын дамытқым келеді.

Ұлан: Жетістікке жету құпияларыңмен бөліссеңдер…

Есет: Бізге Бауыржан ағай көп көмектесті. Кей ұстаздар бізді қинамай, өздері мәселемізді шешіп берді. Бауыржан ағай өзімізді жұмсап, әрі қарай дамуға мүмкіндік берді. Сол кісінің арқасында жеңіске жеттік. Біздің топтың ұраны – еңбектену және сенімді ақтау.

Алмабек ЕР БОЛАТҰЛЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз