Шағын дүкеннің сөресінде толып тұрған құрт, ежігей, сүзбе, ірімшік, айран тәрізді дәмді тағамдарды жұрт лезде талап әкетті. Ең соңында қос уыс малта ғана қалды.

– Біз неткен сүйкімдіміз, – деп біреуі сөз бастап еді, қалғаны іліп әкетті.

– Дұрыс айтасың, біз тым бақыттымыз.

– Оған дау жоқ. Өйткені кіргендердің бізге қарамайтыны, тамсанбайтыны жоқ. Бәрі сүйсіне қарап алуға тырысады.

– Тәңірінің бізге берген шүбәсіз бақыты осы.

– Ойбай тоқта, тықырлаған дыбыс естілді. Тағы біреулер келе жатыр…

Шеткі малтаның айтқаны шын екен. Әлдекімдер кірді де, үлкен бөшкеден сүт құйып алып, қайта шығып кетті.

Малталар тағы сыбырласып, әңгімеге кірісті. Олардың сөзін тыңдап тұрған бөшкедегі сүт баяу теңселіп, қуақы жымиып қойды.

– Бәрекелді, –  деді  сонан соң сүйсінгенін жасыра алмай. – Сендер шындықты айтып тұрсыңдар. Барлығың сүйкімдісің. Оған еш талас жоқ. Себебі, сендер мына менің ұрпағымсыңдар.

Малталар бір сәт үнсіз қалды. Іле қайта дуылдап сөйлеп кетті.

– Біз сіздің ұрпағыңыз ба? – деді ең шеткі қуақы малта. – Бұл, өзі, қызық болды ғой…

Басқа малталар да өз таңданысын білдіріп жатты.

– Біз, бәлкім, – деді жаңағы сөзуар малта үні қаттырақ шығып. – Сіздің ұрпағыңыз емес шығармыз? Сіз қателескен боларсыз…

– Жоқ, – деді сүт райынан қайтпай. – Сендер менің ұрпағымсыңдар!

Бұдан соң екі жақ та үнсіз қалды.

Алушылар жиілей түсті. Малталар түгелге жуық сатылып бітті. Тек жаңағы сөзуар, шеткі малта ғана қалды. Ол ойға батты. Сүт анасы жайлы толғанды.

Малта сөйтіп тұрғанда сатушының қолы оқыс тиіп кетті де, бөшкедегі сүтке шолп ете түсті. Дереу түбіне шөгіп, бір бұрышқа барып бұға қалды.

– О, менің еркем! – деді сүт-ана күле сөйлеп. – Міне, енді өз орныңды таптың. Үлкен әжеңнің құшағына келіп сүңгідің. Сен, сірә, қорқып тұрсың. Ой, тентек, қорықпа. Босқа үркудің қажеті жоқ. Бәрін өзіңдей көріп, ары-бері шапқылай бер.

Келесі сүт алушы келді. Сатушы шөмішін бөшкеге батырып еді, малта өз-өзінен ойысып, екінші жаққа қарай ұмтылды. Бөшкенің іші теңселіп, сүт толқып барып басылды.

– Міне, етің үйреніп, көндігіп қалдың, – деді сүт-әже мейірлене сөйлеп. – Мұндай жағдай жиі қайталанып тұрады. Кейде тыныш ұйықтауға да уақыт бар.

– Сүт-әже! – деді қуанышын жасыра алмаған малта. – Сүт-әже! Мен неткен бақыттымын.

Бөшкедегі сүт біртіндеп ортая берді. Малта талай рет мызғып, талай рет оянды. Кейде бөшке  ішінде шапқылап ойнақ салды.

Бірақ ол өз басына түскен осы мазасыздыққа еш өкінбеді. Қайта қуанды. Өйткені ол әжесінің кең құшағында жүр еді.

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз