Таяуда Татарстанда өткен «Камаз собирает друзей» халықаралық өнер байқауына ел атынан Азель Абдубай, Зарема Гатулина, Далида Ескендір есімді өнерпаздар қатысқан болатын. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай түрлі аталым бойынша өнер көрсетіпті. Азель «Қай заман» әнін орындап, 1-орын алыпты. Зарема халық әні «Арман-айды» шырқап, 3-орынды иеленіпті. Бес жасар Далида «Мен қазақтың қызымын» деп бұлбұлдай сайрап, 1-орынды жеңіп алыпты. Өнерлі қыздар халықаралық байқаулардың жеңімпазы, вокалист, ұстаз Айгүл Әдихановадан дәріс алады екен. Байқауға да апайлары жол сілтепті.

«Өнер жарысына Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Осетия және Шешенстан елінен келген балалар қатысты. Ирина Аллегрова мен Тамара Гверцидели орындайтын әндерінің авторы  Симон Осиашвилли әділқазылар алқасының төрағасы болды. Балаларға жылы лебіздерін білдіріп, ақ жол тіледі. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.

Қыздардың вокалдан сабақ алғанына екі жылдан асты. Нәтижесі жаман емес. Зереана есімді шәкіртім – Түркия, Далида – Латвия, Азель – Болгария, Зарема Румыния елінде өтетін халықаралық маңызы бар өнер байқауына дайындалып жатыр. Өнер додасы балалардың вокалдық деңгейін өсіреді, тәжірибе алмасады. Болашақ өнерпаз үшін маңызы зор. Сондай-ақ балалардан құралған «Арманай» вокал тобы «Астана», «Туған жер», «Анашым» әндерін орындап, бейнебаян түсірді. Қазір Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған жас сазгер Найяның «Сәби арманы» әнін орындап жүр. Алда әлі талай биікті бағындырамыз», – дейді өнерлі балалардың ұстазы.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №31
30 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз