Шұбатылған жіңішке,
Жарап жатыр, міне, іске.
(Жіп)

Басына қазан ұстаған,
Тапжылмай тұрған үш таған.
(Ошақ)

Бүрін ашып, жалпаяр,
Күз келгенде қартаяр.
(Жапырақ)

Жүгіргеннің ерегі,
Ұша алмайды себебі.
Басындағы миынан
Көзі үлкен келеді.
(Түйеқұс)

Ұшы өткір имегім,
Суға сүңгіп жүр ме едің?
(Қармақ)

Өзі ұзынтұра, қалақбас,
Қайықты жерге қаратпас.
(Ескек)

Бес туысқан күйінді,
Тастай болып түйілді.
(Жұдырық)

Көріп қалып, іркілдім,
Таяқ ұшы – самала.
Бірте-бірте шіркіннің
Бойы шөгіп бара ма?
(Балауыз шам)

Көпке таныс түр-өңі,
Кіп-кішкентай бұ немең.
Сусыз
Артық жүреді
Көп уақыт түйеден.
(Тышқан)

Ұп-ұсақ ұлпадай,
Тер төктім бірталай.
Суменен бірігіп,
Отқа да ұрынып,
Ас болған бұл қалай?
(Ұн)

Жақын келіп қарасақ,
Ақ ұлпалы қауашақ.
(Мақта)

Жеңгенге берем жарыста,
Желдей ес сен де, қалыспа!
(Жүлде)

Кемелер келіп тұр,
Құрлыққа еніп тұр.
(Айлақ)

Таудан тұтас қар сырғыды,
Қандай ғана бар сұмдығы?
(Көшкін)

Ұстаймын шықсам да, кірсем де,
Бұл өзі немене, біл сен де.
(Тұтқа)

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз