Дзюдо – ең алғаш Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1964 жылы қосылды. Ол кезде де төртжылдықтың басты додасын Токио қаласы қабылдаған. Араға 56 жыл салып, Жапония астанасында тағы да Олимпиада өтеді. Күншығыс елі үшін дзюдоның орны бөлек. Сондықтан Олимпиада кезінде бұл сайыс өтетін кешенге көрермен көп жиналатыны сөзсіз.

Оның үстіне келесі жылы дзюдоға 130 жыл толады. Жылдан-жылға күрестің бұл түрін серік еткен қыз-жігіттердің саны артып, әлемнің түкпір-түкпірінде орталықтар ашылып жатыр. Сондықтан Олимпиада ойындарында жүлде алу оңайға соқпайды.

Қазақ балуандары да дзюдодан қаражаяу емес. Осыған дейін әлем чемпионатында топ жарған, Олимпиада ойындарында жүлде алған балуандарымыз бар. Ендігі жанкүйерлердің, спорт мамандарының күтіп отырғаны – Олимпиаданың алтын жүлдесі. Осы ойымыз дзюдоның тарихи отаны Токио қаласында жүзеге асып жатса…

Токио татамиінде жалпы саны 386 балуан белдеседі. Лицензиялық жарыстар өткен жылы басталып кеткен. Дзюдода басты ерекшелік: балуандардың босандық танытуына мүмкіндік жоқ. Өйткені, Олимпиадаға рейтингі жоғары спортшының ғана жолы түседі.

Дзюдода 15 салмақта Олимпиаданың медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде ерлер арасында – 7, әйелдер арасында 7 салмақта жеңімпаздар анықталады. Бір алтын аралас командалық турнирдің жеңімпазына беріледі. Соңғысына кез келген құрама қатыса алады. Бірақ ол үшін құрама сапында 6 салмақта Олимпиада жолдамасына еншілеген балуан болуы керек. Командалық салмақтағы белдесулер: 73 кг, 90 кг, +90 кг – ерлер арасында, 57 кг, 70 кг, +70 кг бойынша өтеді.  Егер құрамада 73 келідегі балуан жолдама алмаған болса, оның орнына 60 немесе 66 келідегі спортшыны қосуға болады. Басқа салмақта да ондай мүмкіндіктер бар.

Токио Олимпиадасының бір ерекшілігі, дзюдодан қатысатын ерлер мен әйелдердің саны бірдей болмақ. Мысалы, соңғы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында ерлердің саны әйелдерден көп болған (230 және 156). Халықаралық Олимпиада комитеті гендерлік саясатқа қатты мән беріп жатқандай. Күншығыс елінде 193 ер, 193 әйел атлетті қатыстырмақ.

Жапония жарыс қожайыны ретінде ешқандай іріктеусіз-ақ 14 балуан қатыстырады. Халықаралық Олимпиада комитеті, Халықаралық дзюло федерациясы және ұйымдастыру комитеті бірігіп, 20 жолдаманы өздері анықтайды. Көп жағдайда дзюдосы дамыған аймақтардың балуандарына беріп жатады.

Ал қалған 352 жолдама рейтинг бойынша үлестіріледі. Олимпиада ойындарының іріктеу рейтингі – 2018 жылдың мамыр айында Хоххот қаласында өткен Гран-приден басталған. Балуандарға 2020 жылдың мамыр айына дейін ұпай жинауға уақыт бар. Әр турнирдің ұпайы бар. Мысалы, Мароккодағы Гран-придің жеңімпазына – 700, күміс жүлдегеріне – 490, қола жүлдегеріне 350 ұпай берілді. Ал әлем чемпионаттарында ұпай одан көп. Былтыр Бакудегі әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған Ерлан Серікжанов 700 ұпайға ие болды.

Жалпы, рейтинг бойынша алғашқы 18-орындағы балуан Токиоға жолдама алады. Бұл жерде рейтингте тек бір елден бір спортшы ғана есептеледі. Егер үздіктер қатарында бір салмақтан бір елден бірнеше балуан болса, ол жағын жергілікті федерация шешеді. Рейтинг бойынша, 253 спорты тікелей жолдама алады. Ал қалған 100 жолдама құрлықтық квота бойынша үлестіріледі. Мысалы, 2016 жылы Рио Олимпиадасында 63 келідегі Мариан Ордабаева Азия чемпионы ретіне осы жолдамаға қол жеткізген. Халықаралық дзюдо федерациясы құрлықтық квотаны былай бөліп тастаған: Азияның – 10 ер, 10 әйел, Еуропаның – 13 ер, 12 әйел, Африканың – 12 ер, 12 әйел спортшысы осы квотаға ие болады. Осылардың арасында сары құрлықтың квтоасының аз болуы – жарыс қожайыны Жапонияның осы аймақтан болғанынан шығар.

Дзюдо күресінен әзірге Олимпиада ойындарынан 2 күміс жүлдеміз бар. Алғашқысын 2008 жылы Пекинде Асхат Жіткеев (100 келі) еншілесе, 2016 жылы Риода Елдос Сметов (60 келі) қайталады.

Олимпиада ойындары іріктеу кезеңінің рейтингі

Қазақстан балуандарынан Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңіндегі рейтингінде 60 келідегі Елдос Сметов жоғары орналасқан. Сметовтің қоржынында 2510 ұпай бар. Жерлесіміз Будапештегі Гран-придегі жеңісінен кейін 700 ұпай қосып алды.

Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңіндегі рейтингі жоғары балуандар:

Ерлер

60 келі:

  1. Роберт Мшвидобадзе (Ресей) – 2741 ұпай
  2. Наохиса Такато (Жапония) – 2550

3.Елдос Сметов (Қазақстан) – 2510

  1. Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан) – 1192

66 келі:

  1. Херлен Ганболд(Моңғолия) – 2343 ұпай
  2. Жоширо Маруяма (Жапония) – 2250
  3. Барух Шмаилов (Израиль) – 1982

  1. Ерлан Серікжанов (Қазақстан) – 1917
  2. Елдос Жұмақанов (Қазақстан) –1449

73  келі:

  1. Ан Чангрим (Оңтүстік Корея) – 2395 ұпай
  2. Томми Макиас (Швеция) – 2388
  3. Соичи Хашимото (Жапония) – 2379
  4. Жансай Смағұлов (Қазақстан) – 804

81 келі:

  1. Саги Муки (Израиль) – 2384 ұпай
  2. Саид Моллаи (Иран) – 2233
  3. МатиасКассе (Бельгия) – 2134

  1. Дидар Хамза (Қазақстан) – 1188

90 келі:

  1. Николоз Шеразадишвили (Испания) – 3351 ұпай
  2. Иван ФелипеСильва Моралес (Куба) – 2855
  3. Кристиан Тот (Венгрия) – 2302

  1. Ислам Бозбаев (Қазақстан) – 1478

100 келі:

  1. Гухам Чо (Оңтүстік Корея) – 3100 ұпай
  2. Варлам Липартелиани (Грузия) – 2516 ұпай
  3. Аарон Вольф (Жапония) – 2260

50.Айбек Серікбаев (Қазақстан) – 366

+100 келі:

  1. Гурам Тушишвили (Грузия) – 2705 ұпай
  2. Лукаш Крпалек (Чехия) – 2411 ұпай
  3. Ор Сассон (Израиль) – 2005

  1. Ерасыл Қажыбаев (Қазақстан) –705.

Әйелдер

48 келі:

1.Дистрия Красники (Косово) – 2965 ұпай

  1. Фуна Тонаки (Жапония) – 2575 ұпай
  2. Паула Парето (Аргентина) – 2400 ұпай

  1. 10. Отгонцэцэг Галбадрах (Қазақстан) – 1495.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз