Сәлем, «ұландық» достарым! Тағы бір жас дарынмен таныстым. Бүгінгі кейіпкер өте ерекше. Саябақта ашық-жарқын әңгіме құрдық. Опера өнерінің жұлдызы болуды армандайтын Алима Тұрарбекованың сүйікті газеті де «Ұлан» екен.

Ұлан: Алдымен танысып алсақ…

Алима: Сарыағаш ауданының Қабланбек ауылының тумасымын. Мектептен бастап-ақ академиялық вокал саласында бірнеше жетістікке жеттім. 9-cыныптан кейін Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыка колледжіне қабылдандым. Биыл 1-курсты тәмамдадым.

Ұлан: Опера саласын таңдауыңа кім түрткі болды?

Алима: Бұл салаға бет бұруыма ешкім түрткі болған жоқ. Анамның айтуынша, екі
жасымда әкеме микрофон керек деп айтыппын. Бар ақшасын жинап, маған микрофон алып берді. Теледидарда болып жатқан қазақша, кәрісше кинолардың әуенін жаттап алып қайталайтынмын. Кейін анам бес жасқа толғанда Қабланбек ауылындағы музыкант ағайға алып барды. Өкінішке қарай, ол жерде тек қана музыкалық аспаптардан сабақ өтеді екен. Біз ол жақтан кетіп қалдық. Көп ұзамай Салима деген апай бізге бір мұғалімнің нөмірін берді. Сол кісі даусымды тексеріп көрді. Альмира Едігеқызы деген ұстаз мықты дауыс шығатынын айтып, бірден сабағына қабылдап алды. Қазір бес жыл қатысқан вокал сабағының нәтижесін көріп келемін.

Ұлан: Жақында жүлдегер атаныпсың. Жеңісің көп шығар?

Алима: Оқуға алғаш қабылданған кезім. Мектеп кезінде киіп жүрген сахналық костюмдерімді үйге қалдырып кеткенмін. Себебі, анам колледжде тек сабақ оқитынымды, онда барлығымыздың дәрежеміз бірдей екенін айтты. Келістім. Алайда менде күтпеген оқиға болды. Оқуға қабылданған кезде емтиханда айтқан әнімді Біржан Хасанғалиев естіген екен. Бір күні колледждегі ұстазым келіп, Біржан аға мен колледж басшысы шақырып жатқанын айтты. Біржан аға менің колледжде 1 қыркүйекте өнер көрсететінімді айтты. Қатты қуандым. Одан кейін де бірнеше концерттік бағдарламаға шақырту алдым. Оқу орнымызда белсенді болып, көзге түсе бастадым. Сосын колледжде өткен республикалық Күләш Байсейітова атындағы вокалистер байқауына қатыстым. Шынын айтқанда, байқауға қатты дайындалдым. Күндіз-түні көз ілмей ноталармен жаттықтым. 15-45 жас аралығында өткен байқауда жүлделі ІІІ орынды иелендім. Менің есімімді атағанда жүрегім соқпай қалғандай болды. Өйткені, өзімнен үлкен тәжірибесі бар аға-әпкелерімнен жеңілемін деген ой болды. Осы байқаулардан кейін Нағима Есқалиева сынды өнер жұлдыздарымен кездесу бақыты бұйырды.

Ұлан: Қандай ауқымды жобаларға қатыстың?

Алима: Алғаш рет республикалық «Балапан жұлдыз» байқауына қатыстым.
Осы байқаудан кейін біраз шыңдалдым. 2015 жылы Bala Turkvision халықаралық ән байқауына қатысып, үздік отыз өнерпаздың қатарына іліндім. Содан кейін де «Алтын дауыс» байқауына шақырту алдым. Облыс көлемінде өткен байқауда жеңімпаз атанып, 200 000 теңге көлемінде қаржылай ұтыс иелендім. «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасына қатысып, Нұр-Сұлтанда өтетін ақтық сынға жолдама алдым. Burabay summer fest халықаралық байқауына да қатыстым. Бурабайда лагерьде жиырма күндей демалдық. Сосын Астана Операда біраз дайындық жүргіздік. Бұл байқауға «Хабар» телеарнасы демеуші болып, түсірілім жұмысын жүргізді. «Қазақконцерт» сахнасында дүркіретіп гала-концерт бердік. Сол кезде маған Жеңіс Сейдоллаұлы, Мөлдір Әуелбекова сынды жұлдыздар ізгі тілектерін білдіріп, болашағымнан көп үміт күтетінін айтты. Burabay summer fest байқауы арқылы Чайковский колледжіне грант ұтып алдым. Жақында Х-factor жобасына да қатыстым.

Ұлан: Жарайсың! Барлығына қалай үлгересің? Бос уақытың бола ма?

Алима: Өнер адамдарының арасында әншілерге көп дайындық керек. Ата-анам жағдайымды жасап қойған. Үйімде музыкалық бөлмем бар. Байқауға сол жерде
дайындаламын. Фортепиано, микрофон секілді музыкалық аспаптарым бар. Ұйқыны жақсы көремін. Үйде болғанда анама көмектесемін.

Ұлан: Эстрадалық вокал мен академиялық жанрдың қайсысы жаныңа жақын?

Алима: Қазақ өнерінің жас жұлдызы Димаш Құдайбергеннің бағыты әртүрлі. Ол академия, джаз, эстраданы қатар алып жүрген талант иесі. Эстрадалық әндермен бірге дәстүрлі халық әндерін де тыңдай беремін. Бірақ операға көбірек бүйрегім бұратыны жасырын емес.

Ұлан: Өнер адамдарының шығыны көп. Қаржылай көмек беретін демеушің кім?

Алима: Басты демеушім – ата-анам. Өнер маған нағашымнан дарыған. Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегеновалардан тәлім алып, «Бұлбұл» әнін алғаш орындаған Жамал Омарованың туған жиенімін. Қанмен келген өнерді тұншықтыра алмадым. Жуырда халықаралық байқауға Түркияға барамыз. Жол шығындары мен сахналық киімге қыруар қаржы кетеді. Ата-анамның демеуі мені қанаттандырады.

Ұлан: Қазір ақылы байқаулар өте көп. Өзің байқауларға ақша төлейсің бе?

Алима: Ақылы байқауларға қатысып абырой жинаудың қажеті шамалы. Қатысқан 100 баланың жартысынан көбі гран-при иеленеді. Қолжетімді дүниенің қадірі жоқ екенін түсіну керек. Ақылы байқаулар азайса, шын таланттар көбейер еді. Болашағы жоқ байқауларға қатыспаймын.

Ұлан: Отбасыңда анаң да ән айтатын шығар…

Алима: Анам үй шаруасымен айналысады. Әкем көлік жүргізушісі. Отбасында алты баламыз. Екі әпкем, екі ағам және сіңлім бар. Әпкелерім тұрмыста, үлкен ағам өз кәсібімен айналысады, ал екіншісі Алматыда академияны аяқтады. Сіңлім мектепте оқиды.

Ұлан: Репертуарыңда қандай әндер бар?

Алима: Репертуарымда «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», «Қараторғай» деген академиялық әндер бар. Сонымен қатар, Хьюстонның «I will always love you» әні бар. Қыз Жібектің ариясы, «Толқыма», Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым» әндері бар. Негізі репертуарымда академиялық вокал бойынша әндер көбірек.

Ұлан: Әңгімеңе рақмет!

P.S. Алима Жамал апасының өнерін қайталауды армандайды. Кезінде Жамал Омарова шетелдің сахнасында «Қараторғай» әнін шырқағанда мәскеуліктер: «Ән салған қараторғай ма?» – деп таңғалыпты. Сөйтіп бір әнді үш рет айтқызыпты.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
11-сынып оқушысы.
Сарыағаш ауданы, Түркістан облысы

Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз