Үйреншікті әдетім бойынша қолыма телефонымды алып, Инстаграм әлемін бір шолып шықтым. Жаңа жазбаларға қысқа көз жүгірте сап, өзіме керек адамды іздей бастадым. Кенет экранға @adilet_rakhmetolla деген аккаунт жариялаған сурет шыға келді. Терезеден далаға қарап, жас бала мен немересін құшақтап отырған әженің суреті. Қарапайым ауылдың тұрғындары, бала мен әженің риясыз
күлкісі бір ғана суреттің құпиясын ашып тұрғандай. Көңілге жылылық ұялатар суреттің мән-жайын білмекке жоғарыда көрсетілген парақшаны қарап шықтым.

Әділет Рахметолла есімді фотограф ағамыздың парақшасы екен. Түсірген әдемі суреті де, оқырманы да көп-ақ. Әр суретінің астына әсерлі жазба қалдырып
кететін аға парақшасын тек қазақша жүргізеді. Жан-жақты тақырыпты қамтитын кейіпкеріміз қазақылыққа ерекше мән береді екен. Ұлттық құндылықтарымыз, қазақ ауылының шынайы көрінісі, құлын-тайға таласа мініп, шалшық суды жүгіре кешкен қарадомалақтар, еңбек пен күн нұры маңдайынан аймалай сүйген ауыл тұрғындары, ақ самайлы қариялар… Бәрі, бәрі дерлік сондай жып-жылы,
әдемі. Ал оның Түркия, Малайзия, әсіресе Африкада түсірген суреттері кез келген адамның назарын аудартпай қоймайды. Осындай фотосуреттердің авторы атанған
Әділет ағадан сұқбат беруін өтінгенімде, кейіпкеріміз сөзге келместен келісімін берді. Өз кәсібін жан-тәнімен жақсы көретін фотограф ағамыздан үйренеріміз көп екен.

– Аға, алдымен туған жеріңіз, бұл мамандыққа қалай келгеніңіз туралы айтсаңыз,
осы жолды таңдауға кім сеп болғанын біле кетсек.

– Жамбыл облысы, Қордай ауданының Кенен Әзірбаев ауылының тумасымын. Фотограф болуыма, осы салаға бет бұруыма бірден-бір себеп болған жан – ағам. Ағам фотооператор болатын. Үнемі фотоаппараты жанында жүретін. Бала болсам да ағамның кәсібіне қатты қызығатынмын. Жетінші сыныпта алғашқы суреттерімді түсіре бастадым. Мектептегі мерекелерді, алғашқы және соңғы қоңырау күндерін қалт жібермейтінмін. Түсірген суреттерімді аудан орталығынан 25 теңгеге шығарып, ауылдағы ағайынға 100 теңгеден сататыным әлі есімде. Мектепті сәтті аяқтап, ҰБТ-дан жақсы балл жинап, Алматыдағы Сәтбаев университетінің студенті атандым. Таңдаған мамандығым құрылыс саласы еді. Студент бола жүріп, суретке түсіруді де ұмытпадым. Ағамның көмегімен фотостудияға жұмысқа орналастым. Фотостудияда жұмыс істеу арқылы мол тәжірибе жинақтадым. Суретке түсіруге, фотограф болуға қызығушылығым күн сайын арта түсті. Универде жөнді оқи алмадым десем де болады. Тек жеңіп алған грантты ақтау мен шәкіртақы үшін ғана оқып жүрдім.

Ал сүйікті ісіме ғана емес, кәсібіме де айналып үлгерген фото-видео саласы бойынша еш жерде білім алмадым. Тәжірибе жүзінде көріп, өз бетімше ізденіп қана осындай деңгейге жеттім. Алғашқы кәсібімді тойларда суретке, видеоға түсіруден бастап, Qazaqstan, «Асыл арна» сынды ірі телеарналарда жұмыс істедім. Телеарналарда еңбек ете жүріп біраз нәрсе үйрендім, ел аралап, жер көрдім. Қазіргі таңда жан серігіме айналған үш фотоаппаратым бар. Қайда барсам да, фотоаппараттарымды жанымнан бір елі тастамаймын.

– Түсірген суреттеріңізден-ақ сіздің еліміздің біраз аймағына, шет мемлекеттерге
барғаныңызды көруге болады. Мамандығыңыздың ел көріп, жер көруден басқа,
біз біле бермейтін қандай артықшылығы бар?

– Фотографтың жұмысы психологиямен тікелей байланысты. Кейіпкеріңді суретке
түсірмес бұрын оның жағдайына, көңіл-күйіне назар аударуың керек. Кейіпкеріңнің көңіл-күйі көтеріңкі болса, онымен дәл солай сөйлесе білуің шарт. Ал суретке түсірмек болған адамың жабырқап отырса, оған жылы қабақ танытқан абзал. Баламен балаша сөйлесіп, әр адамның ішкі жан дүниесіне үңіле білсең ғана суретің сәтті шығады. Жұмысымның тағы бір ерекшелігі – бір орында тұрақтап қалмайсың. Біраз жерге табаның тиеді. Суретке түсірем деп жүріп, тауға да шығып, суды да кешетін күндер болып тұрады. Одан ешқашан шаршаған емеспін. Керісінше, құлшынысым оянып, әр сәттен ләззат аламын.

Осы жұмысым арқылы тағы бір нәрсені үйрендім. Ол – Отанымды, туған елімді сүю. Ауылда тұрған сәтімде тек ауылымды ғана жақсы көретін едім. Алматыда оқып жүрген кезімде де тек Алматыға ғана ғашық болғанмын. Уақыт өте жұмыс барысымен еліміздің басқа аймақтарын көрдім, табиғатына, әсемдігіне қызықтым. Еліміздің көз тартар табиғаты, қай өңірде болсын қуана қарсы алатын халқы Отаныма деген шексіз махаббатымды оятты. Әрі өзге мемлекеттерді көріп, салыстырып, Қазақстанымыздың қандай ел екенін, оны қалай жақсы көре алатынымды ұқтым. Суреттерім арқылы Отанымызды, оның ынтымағы жарасқан халқын барынша анық көрсетуге тырысамын.

Қазақ тілінің дамуы, оның қолданылу аясының сәл де болса кеңею үшін парақшамды тек қазақша жүргіземін. Маған «неге тек қазақша жазасың», «орысшаға аудара салсаң қайтеді» дейтіндер бар. Ондайларға «аса қажет боп бара жатса, аударып алуға мүмкіндік бар ғой» деймін.

– «Асыл арна» телеарнасы ұйымдастырған жобаның төңірегінде Африкадағы Нигер еліне барған екенсіз. Ондағы жағдай, халқы жайлы айтып өтсеңіз. Африкадан елге қандай көңіл-күймен оралдыңыз?

– Африка сапары мені қатты өзгертті деуге болады. Африкаға келген күннен бастап өзімнің шүкірлік ете алмайтынымды ұқтым. Бақыттың не екенін ұқтым, оны
бағалау керек екенін түсіндім. Осы уақытқа дейін бақытты болуды тұрмыстық жағдаймен шектеп келіппін. Шындығында бақыт деген – барға шүкірлік етіп, азға
қанағат қылу.

Африка мен Қазақстан мүлдем салыстыруға келмейді. Африка біз өмір сүріп жатқан заманнан ұзақ жылға қалыс қалған. Нигерліктер үшін кішкене құдықтан су шыққанның өзі үлкен бақыт. Құрғақшылық пен жоқшылықты көп көрген халық аз ғана су үшін көздеріне жас алып, қуанып жатты. Осының бәрін көрген сәтте мен ештеңеден тарықпай, ашаршылық дегенді білмей өмір сүріп жатқаныма қуандым. Бір өкініштісі, біздің елде шүкіршілік, рақымшылық деген ұғымдар бар болғанымен, оның астарына терең үңіле бермейміз.

Африка халқы сондай сабырлы. Қандай қиындық болса да, сабырмен қарап, келер күннен үміт үзбейді. Елдегі экономикалық жағдай қаншалықты төмен болса да, халқының адамгершілік қасиеті сондай жоғары. Ішкі жан дүниелері сондай тап-таза. Үнемі күлімдеп, келген қонаққа барынша жылы шырай танытып тұрады. Африка құрлығына алғаш барғандағы бір оқиға есімнен кетпейді. Ұшақтан түскен сәтте бізді жас балалар қарсы алды. Түрлері сондай аянышты көрінді. Сол кезде қалтамда азын-аулақ шоколад бар болатын. Тәттілерді балаларға беріп жатып, сол бойда жеп қоятын шығар деп ойладым. Алайда әлгі балалар шоколадты жемей, қалталарына салып алды. Аңдып қарасам, балалар қолындағы барын бауырларына, іні-қарындастарына беріп жатты. Осы бір кішкене сәт мені үлкен ойға қалдырды.

– Инстаграмдағы жазбаларыңыздың бірінде «фотограф аңшы сияқты» депсіз.
Фотографтың бойында тағы қандай қасиеттер болуы тиіс?

– Фотограф аңшы секілді үнемі жан-жағын қарап, әр сәтті назардан тыс қалдырмауы керек. Аңшының мылтығы әрдайым оқтаулы болатыны тәрізді, фотографтың да фотоаппараты үнемі қуатталып тұруы шарт. Мықты фотограф болу үшін қоршаған ортаны, табиғатты, адамдарды, өсімдік пен жануарды, құрт-құмырсқаны жақсы білумен қатар, жақсы көру қажет. Күте білу, шыдамдылық секілді қасиеттер камераны серік етер жанның бойынан табылуы тиіс.

– Елімізде фотографтарға көзқарас қандай?

– Қай елде болсын бұл мамандық зор сұранысқа ие. Елімізде фотограф болам, суретке түсірем дейтін жастардың қатары күн санап өсіп келеді. Қазір екінің бірі ғаламтор желісін пайдаланады. Әлеуметтік желідегі, Инстаграмдағы парақшаларына әдемі сурет жүктеу үшін фотографтың көмегіне жүгінетіндер де баршылық. Менен қалай жақсы түсіруге болатыны жөнінде кеңес сұрайтындар да бар.

Жоспарым – әрі қарай ізденіп, біраз тәжірбие жинау. Болашақта шәкірт тәрбиелемек ниеттемін. Ең бастысы, қазақ халқын, оның мәдениетін әлемге танытар тың дүниелердің қатарын көбейткім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет! Шалқар шабыт тілеймін!

P. S. Әділет ағаның қазақылығы мен қарапайымдығы мені қайран қалдырды. Кейіпкерімнің өз ойын бүкпесіз айтып, әр сұрағыма асықпай жауап бергеніне риза болдым. Ал оның жан-жақты тақырыпты қамтитын суреттеріне назар аудармай өту мүмкін емес. Африкалық балалардың көзіндегі мұңды, келер күнге үмітпен қарап тұрған жүздерін көргенде мен де еріксіз ойға қалдым. Қазақылықтың иісі шығып тұратын суреттері де сондай керемет! Əділет ағаның əу бастағы мақсаты бір ғана кадрмен біраз нəрсені көпшілік көкейіне терең ұғындыру болса, менің негізгі мақсатым – «ұландық» достарыма бүгінгі кейіпкерім Əділет ағадай бойында ұлтжандылық пен еліне деген шексіз махаббаты бар отандасымды таныстыру болатын.

Аяжан ҒАППАР ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Əжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз