Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысынан «Алматыкітап» баспасының Кітап үйіне жеткенше сорпа терім шықты. Күн қайнап тұр екен. Дүкеннің іші сап-салқын. …және тып-тыныш. Тіпті, кітаптың тұсаукесері болатын күнді шатастырып алған жоқпын ба деп ойлап үлгердім. Жоқ, олай емес сияқты. Жазушы публицист Әнуар Мамырайымов төр жақта бір әріптесіме сұхбат беріп отыр екен.

Қаламгердің «Ұлы Жібек жолы» кітабы – үлкен ізденістің жемісі. Еліміздің және басқа мемлекеттердің мұрағатында, сирек жазбалар қоры мен кітапханаларында өткізген уақыттың, тау-тасты аралап, дала кезген еңбектің жемісі. Бұл кітапты жазу үшін қаламгер Қазақстан даласын аралаумен шектелмей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Түркия, Сирия, Мысыр, Үндістан, Грекия, Италияның да тарихи ескерткіштерін зерттеп-зерделеген. Жапон аралдарынан бастап, Францияның Лион қаласына дейін қамтылған. Кітаптың ішіндегі иллюстрация – өз алдына бөлек тақырып. «Ұлы Жібек жолының» алғашқы басылымын «Алматыкітап» алты жыл бұрын шығарған. Бұл жолғысы – екінші басылым. Кітап өтімді болғаннан кейін, оған сұраныс болғаннан кейін және, ең бастысы, бұл бәрімізге керек кітап болғаннан кейін қайта басылып отыр. Осындай
ерекше кітаптың тұсаукесеріне санаулы ғана журналист келіп отырмыз. Баспа басшылары мен қызметкерлерді қосқанның өзінде көп емеспіз. Алайда, Әнуар Мамырайымов бұған қалыпты жағдай деп қарайды. «Өткен аптада мемлекеттік мұрағатта керемет кездесу болды. Қаншама ғалым қатысты. Қандай мазмұнды әңгіме айтылды. Бір журналист болған жоқ. Жалпы, біздің елде ешкімге ештеңе керек емес екен, соған көзім жетті. Телеарналарымыз тек қырғын, қантөгіс, өрт сияқты оқиғаларды ғана көрсететін болған. Мұнымен біз ұзаққа бармаймыз», – дейді жазушы.

Тұсаукесер деректі фильм көрсетумен басталды. Әйгілі Таңбалы тас. Әйгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков. Ашық дала, күн шақырайып тұр. Ал Қырым Алтынбековтің қызы, әке жолын қуған суретші-реставратор Дана Алтынбекова жартасқа жабысып, жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік үшін беліне арқан байланған. Химик-технолог Любовь Чарлина да қызу жұмыс үстінде. Мұндай жұмысты екінің бірі істей алмайды. «Реставрация жасауды бірден бастап кеткен жоқпыз. Бірнеше рет арнайы экспедиция жасадық. Лабораторияда ұзақ уақыт зерттеу жүргіздік. Содан кейін ғана жұмысты бастадық. Қызым бастапқыда көмектесіп жүрді. Жастар тез үйренеді ғой, қазір ең басты көмекшім. Мұндай жұмысты істеу үшін суретші болу аз. Альпинист те болу керек. Жартасқа өрмелеуді білу керек», – дейді Қырым аға.

Бұл деректі фильмді Әнуар ағамыздың өзі де біраз уақыттан бері қайта қарамаған екен. «Сіздермен бірге мен де көріп, бір жасап қалдым», – дейді. Сөйтті де, әңгімесін бастады.

 

«Ешкімге ештеңе керек емес екен»

– Бірінші кітап түгел өтіп кеткеннен кейін екінші кітапты шығару үшін демеуші іздей бастадым. Сол кезде ешкімге, ештеңе керек емес екенін түсіндім. Сондықтан осы кітаптың маңызын ескеріп, қайта шығарып отырған «Алматыкітап» баспасына алғыс айтқым келеді. Қарап отырсам, қаншама музей аралаппын, айлап-жылдап архив ақтарыппын, кітапханада отырыппын. Елу жасымда мұны еш қиналмастан атқардым. Ал қазір мұндай шаруаны еңсере алмас едім деп ойлаймын.

Бұл кітапта басқа еш жерде жоқ керемет фактілер бар. Осынша құнды деректі тауып, жинақтап, талдап шыққаныма, осының бәрін өзім жасағаныма қазір сене алмаймын. Жинап қана қоймай, қорытып жаздым. Суретке және видеоға түсірдім, деректі фильмдер жасадым. Ұлы Жібек жолын зерттей жүріп, қаншама адаммен таныстым. Таңбалы тасты реставрация жасап жатқан суретшілердің өзі бір мектеп. Мысыр елшілігіндегі атташе айтқан қызықты деректер қандай!

Алғашқы жылдары соның барлығын жинақтап, таспаға түсіру үшін камера көтеріп
жүруге тура келетін. Ал қазір бір ғана смартфонның көмегімен бүкіл шаруаны
атқаруға болады. Бірақ, одан жаман болған жоқпыз. Еліміздің телеарналарында қызмет ете жүріп, 200-ден астам деректі фильм түсірдік. Қазақстанда 25 мыңнан 30 мыңға дейін тарихи-мәдени ескерткіш бар. Бұл – тіркелгендері ғана! Еліміздің түкпір-түкпірін аралаған уақытта мазарлар мен обалардың, ескерткіштер мен тарихи орындардың ғана емес, басқа еш жердегіге ұқсамайтын мешіттердің де неше түрін кездестірдім. Бабаларымыз бізге бәрін қалдырып кеткен. Тарихымыз сайрап жатыр. Тек соның қадірін білсек қой!

Дронмен деректі фильм түсірушілерді қабылдай алмаймын

Деректі фильм түсіру ісіне барынша мұқият қарадым. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, фильмдегі дауыстың өзі өзгеше. Мұндай дүниеге айғайдың қажеті жоқ. Қазір кейбіреулер дронмен-ақ деректі фильм түсіре салады. Бұл дұрыс емес. Мұндай тарихи дүниені түсіру үшін пульт ұстап, жылы жерде отыру жеткіліксіз. Жерге түсу керек. Шаң жұтып, аяқ тоздырып, бәрін аралау керек. Көзбен көріп, қолмен ұстап қана сезінуге болады. Фильмдерді түсіру кезінде небір оқиғалар болады. Соған бола қорықсақ, жүрекке жететін дүние жасай алмас едік. Бірде Қызылорда жақта қыстың қақаған суығында далада қалып қойдық. Айналамызды аш қасқырлар қоршап алды. Аяз. Көлігіміз өшіп қалған. Тек осындай қиындықтан өту арқылы ғана бірдеңе жасай алуға болады. Жүректен өткізбей, жаның ауырмай жасаған дүниенің құны болмайды. Ал кей әріптестеріміз журналистикаға тек бизнес деп қарайды.

Қырым деген – құбылыс

Біз көп нәрсені біле бермейміз. Адамның еңбегін бағаламаймыз, қадірін білмейміз. Әйтпесе, Қырым Алтынбековтің құбылыс екенін мойындасақ керек еді. Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұхамбетов екенін де біреу білсе, біреу білмейді. Атақ-даңққа кенелгендерді білеміз де, оның ар жағындағы еңбек адамдарын ескере бермейміз. Алтын адамды алғаш тапқан Бекен ағамыз ешқандай атақ алмай-ақ өмірден өтіп кетті. Бар алғаны 400 рубль алды-ау деймін. Ал қалпына келтірген – Қырым Алтынбеков. Қырым кабинетте отыратын ғалым емес. Дала кезіп, маңдай терін төгіп жүрген азамат. Осындай азаматтар туралы қанша фильм түсірсек те, артық болмас еді.

Бізде жазатын да, зерттейтін де тақырып көп. Бір ғана Отырар кітапханасының өзі неге тұрады?! Отырар кітапханасы болмаса, әл- Фараби де болмас еді. Отырар мен Түркістанды жалғайтын жерасты жолы болған деседі. 1960 жылдары бір журналист соны зерттеуге талпынғанымен, оған ешқандай мүмкіндік бермеді. Әлі де болса шамам келгенше біраз дүние жасағым келеді. «Ұлы Жібек жолы: кеше, бүгін, ертең» деген кітап жазғым келеді. Археология институтының баспасөз қызметіндемін. Мұнда да атқаратын шаруа жеткілікті.

 

Кішкентай кітапшадан басталған…

Кездесу соңында «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева сөз алды. Әнуар Мамырайымовтың баспаға алғаш келген кезін еске алды. «Кішкентай ғана брошюрамен келген еді. Ізденіс пен еңбектің нәтижесінде осындай энциклопедиялық кітап дүниеге келді. Этнограф Сейіт Кенжеахмет ағамыз бізге ең алғаш 70 беттік қана кітапшасын көтере келген. Қазір қанша том түзілді. Әнуар Мамырайымовпен жұмыс істеу баспа үшін де жеңіл. Бізде көп автор қолжазбасын әкелумен ғана шектеледі. Ал Әнуар бүкіл суретке дейін өзі түсіріп, бәрін дайын етіп әкеледі. Кітапты беттегенде де өзі қасында отырады. Жұмысқа осындай зор жауапкершілікпен қарайды. Алпысқа келдім, енді еңсере алмаймын дегенді айтпау керек, әлі қанша дүние жазуға болады», – деді Гаухар Саймасаева.

Ал баспа басшыларының бірі Бүбіхан Баратқызы Кітап үйін ашудағы мақсаттың ақталғанын айтты. «Осы жерде кішкентай ғана дүкен болған. Оны бекер кітап үйіне айналдырған жоқпыз. Кітап оқитын оқырман бар. Біз соларды көрсеткіміз келді. Сондай оқырманның санын көбейтуді көздедік», – дейді Бүбіхан Баратқызы.

«Алматыкітап» баспасына бара қалсаңыз, мұқабасы алтындай жарқыраған «Ұлы Жібек жолы» деген кітапқа да көз салыңыз. Парақтап көріңіз. Фотосуреттерге назар аударыңыз. Осы кітапты жарыққа шығару үшін Әнуар Мамырайымовтың қанша елге барғанын, қандай қиындық көргенін, айлап-жылдап кітапхана мен архивте отырғанын еске алыңыз. Сонда қаламгер мұратының да ақталғаны деп білеміз.

Жұлдыз ӘБДІЛДА

Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз