«Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендермен сұқбат құрған сайын олардың идеяларына таңғаламын. Мемлекет осындай жастарға білім беріп, шетелде
тәжірибе жинауға мүмкіндік беру арқылы қоғамға жаңа леп, өзгеріс, толқын әкеліп жатқан сияқты. Англиядағы Queen Mary университетінің түлегі Дарын Мәуленовпен болған сұқбатт ан соң өзімнің осы тұжырымымды тағы да бір шегелей түстім. Дарынмен қоғам туралы, БАҚ туралы, шетелден елге оралмай
қалатын жастар туралы көп әңгімелестік. Соның ішінде газетке, оқырманымызға қажет болады-ау деген нақты ақпарат беріп отырмыз. Дарын – Тәуелсіздіктің құрдасы. Өскемен қаласында дүниеге келген. Алматы облысының Сарыөзек ауылында мектеп бітірген.

Ұлан: Бала күніңізде кім болуды армандадыңыз?

Дарын Мәукенов: Оқушы күнімде әкем сияқты тіс дәрігері болуды армандадым.

Ұлан: Бала арманыңыз орындалған жоқ қой?

Дарын Мәукенов: Орындалмады. Қазір тіс дәрігері емес, қаржыгермін және бұл таңдауыма өкінбеймін.

Ұлан: Мектепте қандай оқушы болдыңыз?

Дарын Мәукенов: Мектепте үлгілі оқушы болдым. Үздік оқыдым. Бойымда лидерлік басым болды. Қай істе де көшбасшы болуға ұмтылатынмын. Бірақ, мектепте неге қазақ баласына ағылшын тілін оқып-үйрену міндетті екенін түсінбейтінмін.

Ұлан: Ал қазіргі мектеп бағдарламасына, оқу жүйесіне көңіліңіз тола ма?

Дарын Мәукенов: Қазір білім беру жүйесі үлкен реформадан өтіп жатыр. Бұл да дұрыс шығар. Оқу жүйесіндегі қателік – соңғы нәтижені толық күтпей, жаңа реформаға көшуінде деп ойлаймын. Жыл сайын, министр ауысқан сайын өзгеріс жасауға қарсымын. Менің ойымша, мектепте оқушыларды мәдениетке, қарым-қатынасқа, адамгершілікке баулитын үйірме немесе пән енгізілуі керек. Бұл пәннің мақсаттары мен міндеттері дұрыс орындалуы керек. Себебі біздің қоғамдағы көп мәселе soft skills немесе жұмсақтықтың жетіспеуінен болады.

Сондай-ақ, өнер, музыка және қаржылық сауаттылыққа мән берсек екен деймін.
Мектеп оқушысының түсінігінде жапондар технология мен тазалыққа өте қатал, немістердің дәлдік пен инженерлік білімі озат деген тұжырым қалыптасқан. Ал қазақтар ше? Біз қандаймыз? Ұлттық идея, идеологиялық саясатты осыдан бастау керек деп ойлаймын. Мысалы, «Мәңгілік ел» жобасының мазмұны мен міндеті осы мен айтып отырған мәселеге саяды. Ұлт ретінде біз осындай үлкен мақсат қоюымыз керек. Бұл мақсат уақыт пен кеңістік аясында қазіргі оқушы буынның қолымен, ойымен, миымен жасалады деген үміттемін.

Ұлан: «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алдыңыз. Мамандығыңыз, оқу процесі, қойылатын талаптар туралы айтып берсеңіз.

Дарын Мәукенов: Алматы Менеджмент университетінде бухгалтерлік есеп және қаржы мамандығы бойынша оқыдым. Лондон қаласындағы Queen Mary University of London магистрымын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсу үшін ең алдымен жоғарғы білімді растайтын құжат керек. Академиялық тілде айтсақ, орта есеппен GPA 4-тен 3.3 болу керек. Оқушыларға түсінікті болу үшін, сабақты жақсы оқу керек деп айту керек шығар. Дұрыс таңдау жасау үшін сайттан керекті ақпаратты оқып, танысып отыру қажет. «Болашақтың» негізгі талаптары өзгермейді, олар: ағылшын тілін орта деңгейде білу, IQ сынағынан және комиссия мүшелерімен сұқбаттасудан өту. Сұқбат кезінде неліктен таңдаған маман иесі болғыңыз келетінін жақсы білсеңіз және соны дұрыстап түсіндіре алсаңыз болды. Басқа қиындық та, артық талап та қойылмайды.

Ұлан: Шетелде оқу сізге білімнен басқа не берді?

Дарын Мәукенов: «Болашақ» бағдарламасы көп нәрсе бере алады. Тек соны дұрыс бағытта, қажет кезде пайдалана білу керек. Шетелде оқу ең алдымен сыни ойлау және ауқымды ақпаратты ағылшын тілінде өңдеу және тапсырманы бітіру үшін сапалы жұмыс істеуді үйретеді. Басқа елде оқу арқылы бүкіл әлемнен дос және болашақ бизнес әріптестер табуға мүмкіндік мол. Қазақ елінің талантты жастарымен танысып, ортаңыздың сапалы болуына жағдай жасайсыз.

Ұлан: Шетелдегі оқу жүйесі мен отандық жүйеде қандай айырмашылық бар?

Дарын Мәукенов: Әр елде білім беру жүйесі әртүрлі. Мен білім алған Англияда шпаргалка қолдану мүмкін емес. Ешкім мұндай әрекет жасауға тырыспайды да.
Ерекшеліктері: ауқымды ақпаратты сүзгіден өткізу, плагиатқа жол бермеу, бірегей материал жазу, жаңа информацияға қолжетімділік. Қазақстанда ескі кітап пен жаттанды оқу жүйесі қалыптасып қалғанын мойындау керек. Авторлық құқықтың сақталу жағы да жолға қойылмағаны қынжылтады.

Ұлан: Сіз армандайтын қазақ қоғамының критерийлері қандай?

Дарын Мәукенов: Мәдениеті жоғары, еңсесі биік, көзі ашық азаматтардан тұратын қоғамда өмір сүруді армандаймын. Қарапайым нәрсе – көшеге қоқыс лақтырмайтын, елдің экономикасы мен экологиясына алаңдайтын қоғам қалыптасқанын қалаймын. Қоқыс өңдеп, одан дайын өнім шығара алатын, технология тілімен қарым-қатынас орнатқан зайырлы мемлекет болсақ деймін және саяси құрылымы толық парламенттік басқару, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары бар, сот жүйесі әділетті, адам құқықтары мен сөз бостандығы бар, рухани және адами құндылығы жоғарғы деңгейдегі ұлт өмір сүретін ортада болғым келеді. Жоғарыда аталғандардың бәрін ұстап қалу және қалыптастыру жас буынның және сол буынды тәрбиелеушілердің қолында деп білемін.

Ұлан: Қазір қоғамда тренинг, мотивация, эстафета сынды дүниелер трендке айналды. Қалай ойлайсыз, мұның жастарға берері бар ма?

Дарын Мәукенов: Егер аталғандар қоғамның мәдени-рухани және білім деңгейін сапалы жаңа деңгейге көтеретін болса, дұрыс. Қолдаймын. Ал егер адамдарды арандатуға апаратын, табыс табудың арзан жолы болса, қоғамның кеселі осы. Тренинг, эстафеталардың аталған топтың қайсысына жататынын анықтау үшін тағы да көзі ашық, көкірегі ояу деген тіркеске ораламыз. Адам үздіксіз дамуы керек, күнделікті дамуы керек. Ол тренингтерге немесе марафонға байланысты болмауы қажет. Бұлар бар болғаны мақсатқа жету жолындағы түрлі құрал ғана. Адамның дамуы, ерік-жігері күнделікті оқу кезінен, жұмысқа тұрғаннан миында жазылуы керек. Өскелең ұрпаққа, замандастарыма айтарым – мақсаттарың айқын болсын. Бір жыл, бес жыл, он жылға жоспар құрыңдар. Соған жету үшін әрекет, амал жасаңдар. Үлкен, биік арман-мақсат қоюдан қорықпау керек. Бірақ еңбек ету және тоқтамау міндетті шарт. Қолыңыздан келгенін жасап, нәтижесін сабырмен күтіңіз. Ұлттың қамына қызмет ететін мамандық иесі болыңыздар.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз