* * *
Атамменен бір күні
Бардым аңдар бағына.
Көрдім қызыл түлкіні,
Көп аңдарды тағы да.

Мұң торлаған жанарын
Көрдім елік баласын.
Қырдың ерке самалын,
Сағына ма даласын?

Біраз тұрдым қасында,
Қызығады-ау, шамасы.
Менің атам қасымда,
Ал оның… жоқ анасы.

* * *
Осы бір аңдар бағы
Секілді балабақша.
Қаншама жандар бағып,
Сол үшін алады ақша.

Темір тор керегесі,
Бар сондай өзгешелік.
Ешкіммен ерегесіп,
Жүрмейсің сөзге келіп.

Еркіңмен жата аласың,
Күтуші бақырмайды.
Ешкімнің ата-анасын
Бастыққа шақырмайды.

* * *
Неге сонша желікті,
Көрдіңдер ме пысығын?
Менен бұрын келіпті
Шұбар ала мысығым.

Келді ме екен төтемен,
Қалай жылдам жетіпті?
Оны қалай көтерем,
Үлке-е-н болып кетіпті.

Сипамақ ем басынан,
Темір торда болды алыс.
Атам:
– Барма қасына, –
Деді, – ол аң – жолбарыс.

* * *
Бақ ішін көп аралап
Кезімде бір зеріккен,
Атам ойын саралап,
Таныстырды Керікпен.

Қызық көріп (аңғалмын)
Биіктігін бойының,
Одан бетер таңғалдым,
Көріп ұзын мойынын.

Міне алмаймын, сол айып,
Дауыстадым: «Керік, – деп.
Екеуіміз дос болайық,
Менің атым – Серік», – деп.

«Бұл да айыр тұяқты,
Дайын тұр ма егеске?
Естімейтін сияқты,
Өзі керең емес пе?» –

Деп атамнан сұрадым,
Атам айтты:
«Жасқанба, –
Көрмеймісің құлағын,
Біз – жерде, ол – аспанда».

* * *
Дұрыс бәрін жете білген,
Аңдары бар қиыр жердің.
Су астынан көтерілген
Үлкен қара сиыр көрдім.

Қорқынышты мүлде көзі,
Назар салсаң қиығына.
Бұл апамның күнде өзі
Сауып жүрген сиыры ма?

Көргендеймін тауды жаңа,
Аузы үлкен апандай-ақ.
Мұндай сиыр сауғыза ма,
Кеттім сонда апамды аяп.

«Мұны білу қиын емес, –
Деп, – басымнан сипап атам,
Айтты:
– Апаңның сиыры емес,
Бұл – жабайы аң гиппопотам».

* * *
Тұрғанда шарбаққа
Ақырын сүйеніп,
Көрдім мен ар жақта
Тұрған бір түйені.

Күтуші астауға
Су әкеп құйғасын,
Мен барып жасқанбай,
Ұстадым бұйдасын.

Сөзіне атамның
Мен мойын бұрмадым.
Сездім тек атанның
Жақтырмай тұрғанын.

Есіне түсті ме
Әлде не, жігерлі
«Аф!» – деп бір, үстіме
Түкіріп жіберді.

Бұған сен таңғалма,
Іс емес армандар.
Жабайы аңдарға
Тым жақын бармаңдар.

* * *
Бүгін де, кеше де
Көрдім қос маймылды.
Жастары нешеде,
Өздері қай жылғы?

Алмақпын біліп құр,
Күй кештім бір тосын.
Ыржиып күліп тұр,
Аумаған бір досым.

Түрін-ай ананың,
Ойымды түсінді.
Қолдағы бананын
Маған ол ұсынды.

Ұқсаттым екеуін
Бір емес, екі рет.
Тек кімге екенін
Айтпаймын. Секрет!

Астана қаласы.

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз