2019 жылғы 10-14 шілде аралығында Ақтөбеде Baqytty bala II балалар вокалы
фестиваль-байқауы өтті. Оған тоғыз елден 20 жас талант қатысты. Байқау
балаларға вокал потенциалын көрсетуге мүмкіндік берді. Байқауда Нұр-Сұлтан
тұрғыны, жас вокалист Айкерім Тілеубек «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы
Ислам Балкоевқа айтарлықтай бәсекелес екенін танытты.

«ДимашАли» продюсерлік орталығы мен сарапшыларға Baqytty bala
байқауының қорытындысын шығару оңай болмады. Қызу пікірталас түн жарымға
дейін жалғасты. Нәтижесінде қазылар алқасы ымыраға келіп, екі қатысушыға да
бас жүлде беретін болып шешті. Олардың әрқайсысына 2 000 000 теңге сыйақы
табысталды.

Айкерім Тілеубек байқауда «Жұмақ мекен» әнін орындап, тыңдарманды баурап
алды. Көпшілік оған ұзақ уақыт бойы қол шапалақтап, ыстық ықылас білдірді.
Ол Димаш Құдайбергенмен бірге оның келесі концертінде ән шырқау құрметіне
ие болды. Жақында Айкерім Тілеубекпен телефон арқылы әңгімелескен едік. Жас талант байқаудан алған әсері мен болашақ жоспарлары туралы айтып берді.

– Айкерім, жеңісің құтты болсын! Байқаудан алған әсерің қандай?

– Байқауда топ жарамын деп ойлаған жоқпын. Өзімнің жеңімпаз болғанымды естігенде қатты қуандым және қобалжыдым. Байқауға қатысқан барлық баланың вокал деңгейі жоғары болды. Олардың таңдаған репертуары да өздеріне сай. Сол себепті жеңіске жету оңай болмады. Байқауға қатысқан балалар арасында ешқандай бәсеке болған жоқ. Бәріміз бір-бірімізді бұрыннан танитындай араластық. Төрт күннің ішінде дос болып кеттік.

– Оқырманға өзің туралы айтып берші…

– 2007 жылы қазіргі Нұр-Сұлтанда дүниеге келдім. №82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 6-сыныбында оқимын. Оқу үздігімін. Әкем – белгілі композитор Медет Салықов, ал анам – әнші Клара Төленбаева. Отбасымызда барлығы өнерге жақын.

– Байқауға қалай дайындалдың?

– Байқауға қатысатын кезде қатты қобалжыдым. Фестивальге екі-үш айдың көлемінде дайындалдым. «Шабыт» өнер университетінде сабақ беретін Ирина Николаевна деген ұстазымнан сабақ алып, бірге дайындалдық.

– Байқауда орындаған «Жұмақ мекен» деген ән не туралы? Бұл әнді қалай
таңдадың?

– «Жұмақ мекен» – Қазақстан туралы, оның әдемі табиғаты туралы ән. Өзіме бұл ән қатты ұнайды. Алғаш шыққан күннен бері тыңдап келемін. Шығарманы орындау үшін кең диапазон керек. Сондықтан бұл ән барлық мүмкіндігімді көрсетті деп ойлаймын. «Жұмақ мекен» әнінің авторы – әкем. Бұл әнді «Формат» тобының солисі Гүлсім Мырзабекова орындайды. Гүлсім әпкенің келісімін алып, байқауда осы әнді орындадым.

– Димаш Құдайбергенмен бірге оның келесі концертінде ән шырқау құрметіне ие болдың. Бұл жаңалықты қалай қабылдадың?

– Мұны естігенде таңғалып, сенер-сенбесімді білмедім. Бірден «Концерт қай жерде болады?», «Қандай ән айтамыз?», «Қандай образда боламын?» деген сұрақтар туралы ойлана бастадым. Дауыс мүмкіндігімді толық көрсететін ән таңдаймын. Димаш Құдайбергеннің концертінде өнер көрсетіп, өзімді көрсетемін деген ойдамын.

– Бір сұхбатыңда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғың келетінін айтыпсың. Әлі сол ойдасың ба?

– Бұған дейін мұғалім болуды армандайтынмын. Қазір армандарым өзгерді. Өнер жолын таңдағым келеді. Тек ән айтумен шектелмей, киноға түсіп, тележүргізуші болғым келеді.

– Өнерде кімді үлгі тұтасың? Қазақ эстрадасынан кімдерді сүйіп тыңдайсың?

– Әрине, әуелі ата-анамды үлгі тұтамын. Былтыр Түркияда өткен International Art Festival байқауында Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Әлия» деген әнді орындап, бас жүлдені жеңіп алдым. Сол кезден бастап Роза Рымбаеваны сүйіп тыңдаймын. Сонымен бірге Димаш Құдайбергенді қатты құрметтеймін.

– Әңгімеңе рақмет!

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз