Отбасын құру – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Бүгінде отбасын құруға асықпайтын һәм үлкен қадам жасауға батылы бармай жүрген замандастарымыз жетерлік. Бірі әлеуметтік жағдайын себеп қылса, енді бірі әлі өз адамын кездестірмегенін айтады. Бүгінгі кейіпкеріміз «Отбасы әлемі» тренинг орталығының басшысы, отбасы психологы Ақан Мергембаймен отбасы құндылығы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас тақырыбында әңгіме өрбіткен едік.

– Ақан мырза, «Үйлену керек еді…» немесе «Әлі тұрмыс құрмадым…» дейтін замандастарымды жиі байқаймын. Осы бір қадамды жасауға жүрексінетіндерге қатысты не айтасыз?

– Ұлды да, қызды да өтпелі кезеңнен бастап отбасылық өмірге моральдық, психологиялық тұрғыдан дайындау қажет. Бізде ақыл-кеңес тойдан кейін айтылатын сияқты. Керісінше ол үйде ертерек айтылса деймін. Отбасылық өмір қорқынышты емес. Жұп құру, отбасы болу өмірдің заңдылығы. Бұрын ағаларымыз әскерге барып келгеннен кейін мүлде басқа жігітті көретінбіз. Бала боп кеткен жігіт есейіп, ақыл тоқтатып келеді. Одан кейін олар үйлене бастайтын. Қазір сондай есейтетін босаға болмай тұр. Университетке түскен бозбала бітіргеннен кейін де сол бозбала күйі жүреді. Байқауымша қазір қызда да, жігітте де қорқыныш бар. Неге қорқады? Өйткені, қазіргі қоғамдағы жағдайлар қатты әсер еткен. Жігіттер үйленсем қолым кісенделіп қалады деп ойлайды. Барлығы болмаса да, белгілі бір бөлігінде сондай қорқыныш бар. Бір күн болсын бостандықта өмір сүрейінші, үйленсем ешқайда шыға алмай қалам дейді. Себебі күні кеше өзімен бірге қыдырып жүрген достары үйленіп, үйінен шыға алмай қалды. Меніңше, мұның барлығының себебі – білімсіздіктен.

– Жаңа бір сөзіңізде «кейбір үлкен жігіттер әлі бала боп жүр» деп қалдыңыз. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ отбасында үлкен өмірге дайындық қалай жүріп жатыр?

– Мұндай өмірлік маңызды мәселелер үйде жүзеге асуы керек деп ойлаймын. Баланы мектепке, мұғалімдерге тапсырып қоюға болмайды. Мектепте тек білім аласыз, ал негізгі тәрбиенің ошағы – отбасы. Ата-ана баланы үйде жүргенде-ақ есейту керек. Бір мысал айтайын. Жақында маған жиырма бестен асқан бір жігіт келді. Бес жасында әкесінен жетім қалған екен. Қасында анасы мен қарындасы қалыпты. Балаларын жетілдіру үшін анасы ешқандай қиындыққа мойымай, тұрмысқа шықпай тәрбиелеуді мақсат тұтыпты. Бесінші сыныптан бастап анасы үйдегі мәселелерді шешуді баласына тапсырған. Бесінші сыныпта оқитын бала сол кезден бастап жауапкершілікті сезініп өскен. Міне, осы бір оқиға баланы қатты есейтіп жіберген. Балаға шешім қабылдап үйрету – оны есейтудің бірден-бір жолы.

– Қыз-жігіттер отбасын құруға қатысты әртүрлі себептерді айтып жатады…

– Мен үйленген кезде телефоным да, үйім де болмаған. Айлығым да, табысым да жоқ еді. Құдайға тәуекел еттік. Үйді қайтем, ақшаны қайдан табам деп қорқып отыра беруге болмайды. Тәуекел ету керек. Бес жыл бойы жұмыс істеп жүрген кейбір бойдақ жігіттер әлі сол жамап, жеткізе алмай жүргенін көресіз. Үйленбеген жігітке қарағанда үйленген жігіттің материалдық жағдайы жақсы болуы мүмкін. Себебі «бас екеу болмай, мал төртеу болмайды». Үйлену – жігітті есейтетін қадам. Біз мыңға жуық үйленген жігіт пен тұрмыс құрған қыз арасында сауалнама жүргіздік. Соның ішінде «Тойға дейін отбасына қатысты кітап оқыдыңыз ба?» деген сұрақ бар еді. Жігіттерді айтпай-ақ қояйын, келіншектердің 50%-дан жоғары бөлігі не кітап оқымаған, не семинар-тренингке қатыспаған. Ажырасудың себептерін іздесеңіз, өзінен-өзі шығады. Негізгі себептердің бірі – білімсіздік. Ол өз саласын шемішкедей шағуы мүмкін, бірақ отбасылық құндылықтарды білмейді. Сол үшін жігіт пен қыз өзі ізденуі тиіс. Бұған жылдар емес, бір айдың өзі жеткілікті. Екі нәрсені айтқым келеді. Біріншісі – отбасылық өмірге дайындық. Жастар көп нәрсені іс жүзінде білмейді. Екіншісі – өзіңе лайықты жар табу. Бұдан кейінгі болатын рәсімдерді ата-ана жасайды. Болашақта отбасының тұрақты әрі тату-тәтті болуына осы екі негізгі фактор әсер етеді. Тойдың керемет өткені де маңызды емес.

– Яғни екі адамға ортақ құндылық болу керек қой?

– Құндылықтың болғаны жақсы, әрине. Бірақ бұдан жоғары тұратын нәрсе – миссия. Жақында «Отбасы және миссия» деген тақырыпта тренинг өткіздім. Оған бір жігіт пен қыздың оқиғасы себеп болды. Екеуінің өмірге деген көзқарасы екі бөлек екен. Содан «Неге бойдақ қыз-жігіттерге отбасылық өмірге қатысты тренинг-семинар ұйымдастырмасқа?» деген ой келді. Сөйтіп алты сағаттық тренинг өткіздік. Біраз адам қатысты. Болашақ ерлі-зайыптылардың миссиясын анықтау да басты мәселелердің бірі. Бірінші кезекте әркімнің жеке тұлға ретінде өз миссиясы анық болуы қажет. Миссияны екіге бөліп қарастырамыз: жалпы және жалқы миссия. Мұның өзін төртке бөліп қарастыруға болады. Мысалы, отбасыларға қатысты айтайық, екеуінде де жалқы миссия жоқ: миссия жігітте бар да, қызда жоқ, миссия қызда бар да, жігітте жоқ және екеуінде де миссия бар. Бұл төрт нұсқаның өзі үшке бөлінеді: бірінші – екеуінің миссиясы бір, екінші – екеуінде миссия бар, бірақ бірі шығысқа, бірі батысқа тартады, үшінші – әйелдің миссиясы – мақсат-мұраты бар ер азаматпен тұрмыс құрып, соның қолдаушысы болу. Жастарға түсінікті болу үшін осылай бөліп көрсетеміз. Екі адамның миссиясы бір-бірімен сәйкес келетіні де маңызды. Сондай-ақ осы миссияның артында құндылықтар жүйесі орналасады. Егер адамның миссиясы анықталса, құндылығы да оңай анықталады. Мақсат миссиядан төмен тұрады. Миссия бітпейді, ол адамды өмір сүруге құлшындырып тұрады.

– Кейбір ата-аналар тентектеу ұлын үйлендірсем адам боп кетеді деп ойлайтын секілді. Үйлену мәселенің шешімі ме?

– Мұны ата-ананың «үміт есігі» деген дұрыс шығар. Бала оқып жүріп бұзық боп кетеді. Оны ауылға ата-әжесіне жібереді. Бірақ ауылдан түзеліп келетініне кепілдік жоқ. Екінші үміт есігі – әскер. Үміт еткен баласы одан да бұзық боп келуі мүмкін. Тағы бір үміт есігі – шетелге жіберу. Бұл жай ғана үміт. Ықтималдық заңдылығына салсақ, 50/50. Ешқандай негіз жоқ. Тіпті кейбіреулер діни оқу орындарына жіберуі мүмкін. Соңғы үміт – үйлену. Мен мұны тәуекелдің соқыр түрі дер едім.

– Екі жастың үйленуіне жас айырмашылығы қаншалықты әсер етеді?

– Жас айырмашылығы үлкен рөл ойнамайды. Бірақ жігіт әйелдің табиғатын түсінбесе, әсер етуі мүмкін. Өйткені оның деңгейі бөлек қой. Әйелдің ерекшелігі – тез дамиды, ол жігіттің деңгейіне тез көтеріледі. Жігіт әйелдің психологиясын білмейтіндіктен көп нәрсені қиын көреді. Әйелдің өз тілі бар. Оқып жүрген қыз болса да, мектеп бітірген қыз болса да оның тілін табуға болады. Көп ер азамат әйелдің тілін білмегендіктен «әйелді түсіне алмайсың, оны түсіну мүмкін емес», «ол қисық қабырғадан жаратылған», «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген секілді стереотиптерге байланған. Қалауын тапса қар жанады. Барлығы адамның өзіне байланысты.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз