Батыс Қазақстан облысына сапарда Қаратөбе ауданына жолымыз түсті. Күнібұрын алған шақыртумен бара жатқан бетіміз. 30 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кеші өтпек.

Батысқазақстандықтар «Қаратөбеге барсаң – әншімін деме, Жаңақалаға барсаң – күйшімін деме» дейді. Бір ғана Мұхит салдың әншілігіне берген елдің бағасы екен. Ғарифолла Құрманғалиев, кейінгі Ескендір Хасанғалиевтерді де толғатқан топырақ бұл. Дегенмен, өңірден шыққан сүйегі асыл, өмірі өнеге жандар бұл ғана емес екен. Оған орталықтың топырағына табанымыз тиіп, музейін аралап, әдемі кештердің куәсі болғаннан кейін көзіміз жетті. Бір күнде үлкен көлемдегі екі кеш өтті. Екі бірдей асылымызды тапқандай болдық. Расында атасын немересі бізге тауып берді. Бір жыл бұрын өмірден өткен немерені де еске алдық. Осындай да ірі тұлғаларымыз өткен екен-ау…

Әуелі Төлеген Иманғазиев есімімен таныс болдық. Атасы дегеніміз осы кісі еді.

– 1894 жылы орыс мұғалімдер семинариясын І дәрежелі наградалық «Халық мұғалімі» дипломымен бітіріп, бірнеше жыл ұстаздық қызмет атқарған. Бала оқытудан бөлек 1904 жылы Соналы болысына управитель болып сайланып, ел билеу ісіне де араласады.
Кейін ұстаздық қызметін жалғастырмақ болып шешеді де, 1938 жылы Жақсыбай орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезінде «халық жауы» деген кінә тағылып, «бұрын болыс болып Ресей патшасына қызмет еттің, Батыс Алашорда қызметіне белсене араласып, Қаратөбеде өткен 1-съезге делегат болып қатыстың, панисламизмді насихаттаушы, белсенді алашордашылсың, діни қызметкер Хасан Нұрмағамбетовпен байланыс жасап, Кеңес үкіметін құлатуды көксеген панисламизмнің көтерілісін ұйымдастырмақшы болған контрреволюциялық ұйымның мүшесісің, оларға ақшалай көмек бердің, жапон барлауының агентісің» деген айып тағылып, 1938 жылы 14 ақпан күні сотталып, атылған.

Алаш идеясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жаханша және Халел Досмұхамедовтармен үзеңгі түйістіріп, олардың ойын қолдаған. Еліміз егемендік алған соң жазықсыз сотталғандарды ақтау мақсатында қылмыстық істегі хаттама-лармен мұқият танысқан соң Батыс Қазақстан облыстық соты президиумының
1961 жылғы 21 қыркүйектегі жарлығы бойынша Кеңес үкіметі қылмыс элементтерінің табылмауы себепті Иманғазиев Төлеген ақталды, – деді баяндамашы.

Иә, атасы туралы осынша мәліметтерді жинастырған немересі – Қайыржан Хасанов еді. Ендігі әңгіме осы кісі туралы. Мәдениет үйіне кіреберісте көрмеде қаз-қатар тізіліп тұрған кітаптарды көріп: «Е-е, Қаратөбеден де біраз қаламгер шыққан екен-ау» дегеніміз сол еді, артық ойлаппыз. Осының бәрі бір ғана қолдан шыққан кітаптар екен. Өңірдің тарихы, аңыздары, шежіресі, тұлғалары, көркем әдебиет – жеке-жеке кітап. Авторы біреу-ақ – Қайыржан Хасанов. Белгілі жазушы, аудармашы Құрман-ғазы Қараманұлы мен өңірге
белгілі ардагер ұстаз, өлкетанушы Аман Жүсіпқалиұлы ағалар Қайыржан ағамен бала кезден бірге өсіпті. Сапардан қайтқан соң ағалардан пікір сұрадық.

Құрманғазы ҚАРАМАНҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:

Артына мол әдеби мұра қалдырды

Қайыржан жас кезінен-ақ жанашырлығымен және қайырымдылығымен көзге іліккен-ді. Соның бір мысалы есіме түсіп отыр. Алтыншы класта оқып жүргенде біздің ауылда қыс қатты болды. Бір күні таңертең елең-алаңда есік қағылып, ішке асығып-үсіккен Қайыржан кіріп келді.

– Жүр, Құрман, Қалампыр шешемнің үйін аршиық, қар басып қалыпты. Аманға да айттым. Күрегіңді ала шық! – деді.

Қалампыр шешей Қайыржандарға үй арасында үй жоқ көрші тұратын, екі ұлы бірдей майданда қаза тауып, жалғызбасты боп қалған кейуана еді. Барғанда көрдім: түнімен соққан дүлей боран шымнан тұрғызылған шапаты зілмәңкені саңылау қалдырмай сипап кетіпті. Кейін бізге басқа балалар мен ауылдағы ересек адамдар да қосылып, кешке қарай шешейді «тұтқыннан» босатып алдық-ау, әйтеуір.

Қайрекең әкесі Құспан майданға алынғаннан кейін әкесінің туған ағасы Хасен ағай мен жеңгесі Жәнияштың тәрбиесін көріп өсті ғой. Хасекең өте білімді, парасатты, салауатты кісі болатын. Жәнияш шешеміз ақжарқын, ақпейіл адам еді. Сондай отбасында тәрбие алған Қайыржан дәйім жағасы жайлау, төбесі қыстау мамыражай күйде жүретін. Балалармен боқтасып не төбелесіп, шатақтасқан кезін көрген емеспін.

Тағы бір айтайын дегенім, біздің Егіндікөлде Ақатов Ғалымжан дейтін ағамыз меңгерушілік еткен шағын кітапхана болды. Сондағы Ленин мен Сталиннің қалыңдығы төрт елідей, мұқабасы көкпеңбек, адам түсінбейтін сөздерге толы томдарынан өзге үш жүзге тарта көркем шығарманы үш дос – Аман, Қайыржан үшеуіміз бірін қалдырмай түгел оқып шыққанбыз. Жай оқып қана қоймай, әлдебір кітаптағы әлдебір кейіпкерлер жайында аузымыз көпіргенше айтысып «пікір алмасатынбыз».

Артына мол әдеби мұра қалдырған абзал досым, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстанның құрметті журналисі Қайыржан Хасановтың шығармаларын қазір сол кітапханадан бүгінгі балалар оқып жүр.

Аман ЖҮСІПҚАЛИҰЛЫ, ардагер ұстаз:

Өмірден өтсе де, халыққа қызмет етеді

– Қайрекең жасынан көпшілікке бейімделген азамат. Оның 5-6-сыныптарда оқып жүргенде аудандық газетте, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында шағын-шағын мақалалары жарық көрді. Ол кезде балалар да, ересектер де газет-журналдарды көп оқитын. Сол мақалалары дамыған үстіне дами түсті. Сол мақалаларының бәрі өлкетану бағытында жазылған дүниелер екен. Ауылымыздың бұрынғы би-шешен, балуандары, кейін Кеңес үкіметі «ұры, банды» деп атаған тұлғаларымыз туралы жазып жүреді екен. Соның бірі – Құныскерей. Кеңес үкіметі кезінде қуғын көрген. Сол кісі туралы Қайрекең көп ізденді. Орынборға дейін барып келді. Көп адамдармен, ұрпақтарымен кездесті. Соның бәрін жинақтап, кейін шағын кітап етіп шығарды. Кітапта Кеңес үкіметінің озбырлығын ашып, Құныскерейдің ешқан-дай банды еместігін, қазақтың намысын таптатпағанын ақтап шықты. Қаратөбенің Егіндікөл елдімекенінен 12 шақырым жерде «Құныскерей үңгірі» деген бар. Былтыр тамыз айында сол жерге QR-код тақтайшасын орнатты. Бұл белгі облыс бойынша алғаш рет сол жерге қойылды.

Қайрекең Қаратөбенің тарихын түгел жазды деуге болады, ауданды елге танытты. Он екі ата Байұлынан, Байбақты руынан шыққан Жұмыр-Қылыш туралы зерттеді. Кезінде Махамбет Өтемісұлы қашып жүрген уақытта паналаған Жұмыр, Қылыш деген жігіттер ғой. Қыстап шыққаннан кейін екеуіне риза болған Махамбет тұлпарына мінгеннен кейін домбырасын алып жіберіп күй арнапты. Оны кейін Нұрғиса Тілендиев оркестрге салды.
Міне, бұндай дүниелерді жарыққа шығаруда Қайрекең тынбай еңбек етті. 130-дан астам кітап шығарды. Бұл өте үлкен қайраткерлікті талап ететін дүние.

Қайрекеңнің тағы бір үлкен еңбегі – экологиялық мәселелерге көп бой ұрды. 1995 жылдары «Отан-Қаратөбе» деген қозғалыс ұйымдастырды. О – Орда, Т – Тайсойған, А – Азғыр, Н – Нарын. Ордадан бері қарай жерге зымыран қалдықтарының түсуі, металдарын пайдалануы, оның зияны туралы мықты еңбек етті. Оның «Ракета қалдықтары халықты қан қақсатып жатыр» деген мақаласы «Атамекен» газетіне 1997 жылы шықты. Мен ол кезде мектепте мұғалім едім. Сол мақаланы шыққан бойда тәрбие сағатына пайдаландым, сынып болып талдадық. Сол мақаланың себепші болуымен ауданның тұрғындарына жәрдемақы төлейтін болды. Бұған Қайрекеңнің үлкен еңбегі бар.

Егіндікөл елдімекенінен терістікке қарай Аққұм деген жер бар. Өркеш-өркеш құмдары бар, табиғаты керемет жер. Жұмбақкөл деген ойпаңы бар, көл бірде бар, бірде жоқ боп кетеді. Соны да көп зерттеді. Осы Аққұмның ішінде ХІІ ғасырларда Алшағыр деген хан орда құрған екен. Сол құмның түр-түсіне, қасиетіне қарай металдан ақша жасаған екен.

Бұдан кейін оны Ақша хан деп атап кеткен. Оны Қобыланды батыр нөкерімен келіп ойда-
жоқта ойран салған екен. Қайрекең осыған көп мән берді де, мектеп оқушыларымен де, өзі жекелей экскурсия жасап тұрды, көп материал тапты. Оның бәрін аудандық музейге тапсырды.

Қайрекең өмірінің соңғы кездері тынымсыз еңбек етті. 2002 жылдан кейін кітапты көп жазды. Ол кісінің еңбектерін ешкім теріске шығара алмайды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы да көп ізденді. Өмірі жазумен өтті. Жазу үстелінде отырып өмірден өтіп кеткен екен. 71 жасында компьютер тілін меңгерді. Өмірден өтіп кетсе де, қалдырған мұрасымен халыққа әлі қызмет етіп жүр деп ойлаймын. Қайрекеңнің Нұржан деген ұлы әкесінің мұраларын жарыққа шығаруда көп еңбек етіп жүр.

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, журналист, өлкетанушы:

Бүкіл мұрасына ортақ дүние – Қаратөбе

– Қайыржан аға Қаратөбе аудандық партия комитетінде жұмыс істеген. Идеология бөлімінде істеді ме екен, арыздарды тексеруге, шешуге ауылдарды көп аралаған. Сонда өзінің шаруасын тезірек бітіріп тастап, сол жердегі үлкен кісілерден әңгіме сұрайды екен. Кезінде «дисковый» магнитофон болды, соған жазып ала қояды екен. Үлкендер таңғалып: «Өзің райкомнан келіп отырсың, коммуниссің, сөйтіп молда туралы сұрайсың», – деп күледі екен. Сөйтіп бұл кісі деректерді жарияламаса да жинай берген. Архиві күшті еді, небір аудиожазбалар да бар. Мәрван деген үлкен кісі туралы айтатын. Кабинетіне шақырып алып, шәй беріп, әңгіме сұрайды екен. Бір күні ол кісі айтыпты: «Әй, Қайыржан, мен сенің жазып жүргеніңді білем. Менен жасырмай жаза бер. Елде әңгіме тыңдайтын ешкім жоқ, мен саған қалдырып кетейін деп айтып жүрмін мұның бәрін», – депті. Қайыржан аға сол кісіге қаламақы ретінде аздаған ақша беріп қойып, көп әңгіме жазып алған.

Бұл кісінің жүздеген кітабы бар. Кітаптарын тез шығарады. Тарихқа қызыққалы бері ағадан кейбір кітаптарды, мәліметтерді сұрадым. Кітаптарынан гөрі жинаған құжаттары көп. Кез келген деректі қызғанбай, жасырмай бере салатын. Қарайған ақшаға сатып алған, орталық архивтен көшіріп алған жұмыстарды беретін. Өте ақжүрек, жақсы адам еді.

Балалары да әкесі қандай кітап керек десе тауып әкеп беретін. Үйіндегі кітапханасының да қоры мол, таптырмайтын, өте құнды кітаптар. Балалары да туған жеріне, мектебіне көмектесіп жүр.

Еңбектерінің ең құндылығы – Кеңес үкіметі кезінде өмір сүріп, сол кезде өмірден өтіп кеткен адамдардың әңгімелерін жазып алып қалды. Қазір ондай адамдарды таба алмаймыз. Бұл кісінің тақырыбы – Қаратөбе, аудан өмірі. Ағаның бүкіл мұрасына ортақ дүние – Қаратөбе өңірі, туған жері, тұлғалары. Өте еңбекқор адам еді. Әр ауданда Қайыржан аға сияқты адам болса, тарихымыз түгенделіп қалар еді. Ағамыз «Қаратөбенің Геродоты» деп аталып кетті. Расында солай.

Иә, өңірге белгілі тарихшы Жаңабек Жақсығалиев үлкен бір жиында Қайыржан Хасановты «Қаратөбе тарихының Геродоты» деп атапты. Содан бері бұл сөз қаратөбеліктердің мақтанып айтарына айналыпты.

Қаратөбедегі осы бір жаймашуақ жиынды екі алыптың ұрпақтары өткізді. Олар – Қайыржан Хасановтың бес ұлы. Қайыржан аға мен жары Рысты апай бес ұлын бірдей зиялы қып тәрбиелепті. Бірі – профессор, бірі – ұстаз, бірі – кәсіпкер. Олардың бәрі де ауылдарына көмектесіп тұратынын тұрғындар мақтанышпен айтты кеш бойы. Мектеп ауласына балалар ойнайтын алаңқайлар салып беріп, оқушыларға керек-жарақты тегін беріп жүреді екен. Ауылдың қиюы келмей тұрған жерін түзеп беру де Қайыржан аға ұлдарының парызына айналғандай. Осынша мол мұра мен осынша ақпейіл ұрпақ қалдырған Қайыржан Хасановтың арғы дүниесі де абат шығар деген сеніммен қайттық. Жақсы әкенің атын жақсы ұлдары ардақтап жүргені қандай ғанибет!

Асылан ТІЛЕГЕН
Алматы-Орал-Қаратөбе

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз