Айнұр бала кезінен ән салып, би билеп, мәнерлеп өлең оқуды мұрат көрді. Қазақ қыздары көп қиялдай бермейтін балерина болуды армандаған. Телеэкраннан балет көрсе, сахнада көл толқып жатқандай, аққудай жүзе жөнелетін құс қауырсын әппақ қыздардың әсем қимылын аяғының ұшынан жүріп, айнытпай қайталауға тырысатын. Мектепте оқитын екі апасы мұнысын ерсі санап: «Ұят-ай!» деп күліседі. Кішкентай сіңлісінің дене эстетикасына, сұлулыққа шын қызығатынын қайдан білсін. Ол Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы хореография училищесінің қабылдау сынағына кешігіп қалды. Торғайдың Аманкелді ауданында туып өсті. Әкесі әскери қызметте, анасы бухгалтер, сүттей ұйыған отбасында бір ұл, үш қыз.

Айнұр 8-сыныптан соң 1989-1993 жылдары Арқалықта музыкалық училищеде оқып, хор дирижері мамандығын алып шықты.

Әкесі Болаттың мамандығы дәрігер, әскери мекеменің бастығы. Үйде үлкен кітапхана бар, білімге құштарлығы балаларына ауса дейтін. Олжастың «АзиЯ» атты атақты кітабын тығып оқитын әкесі генерал досы азаматтық киімде кабинетке кіріп келгенде: «Ассалаумағалейкум!» – деп амандасқанын қасындағы адъютант естиді, ол да қазақ. Досы кеткен соң әкесін ұлтшыл деп айыптап, 15 күнге қамап қояды.

Әкесі 46 жаста қайтыс болды. Айнұрдың анасы Гүзәл башқұрт қызы, руы табын. Оқу бітіргенде жас қызды Сібір жаққа қызметке бөліпті, бірақ апалары жібермей қойған. Дипломмен Қазақстанға келген. Келінін енесі туған қызындай жақсы көрді. Анасы төрт баламен жесір қалған соң балаларын ешкімнен кем қылмай жеткізді.

Айнұрдың нағашысы режиссер, композитор Иршат Фартович Сиражетдинов Башқұртстанның Еңбек сіңірген және Халық артисі, Мәскеудегі ГИТИС-ті бітірген. Оның әйелі Фануна Ханифовна Сиражетдинова әнші, Халық артисі. Иршат ағайы Айнұрға: «Уфаға келесің, Өнер уни-верситетінде оқисың» – деген. Анасының абысыны ауырып қалып, отадан соң сол кісіге қарау керек болды. Соның әсерінен нағашы жұртына білім іздеп баруға дәм тартпады. 1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына актерлік бөлімге оқуға қабылданды. Өнер қуған жас үшін дауыстың орны бөлек. Ұстаздары әйгілі өнер шеберлері Кәукен Кенжетаев, Мұрат Әбзелбаев. Бұл кісілер студенттеріне театрды сүюді үйретті. Мектепте орысша оқыған қыз ұстаздарының арқасында тілін қазақша сындырып, «тілің тап-таза, үрейді алып таста» деп жігер бергендіктен қиналмай алып кеткен. 1998 жылы Астанаға Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік музыкалық драма театрына бір топ жасты режиссер Қадыр Жетпісбаев шақыртты. Айнұр курстасы Нұркен Өтеуіловке тұрмысқа шыққан, жас жұбайлар жаңа қалаға тартып кетті. Театрдағы ең алғашқы рөлі режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов қойған Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобы-ланды» спектакліндегі Қарлығаш. Нұркенге Қараман рөлі тиді. Алғашқы рөлдері болғандықтан екеуі үйге барған соң да талдайды, шығармашылық құштарлық оттай жанып тұрған кез.

Бір жылдан соң театрға Елбасының шақыртуымен ірі тұлға Әзірбайжан Мәмбетов келді. Ол 1999 жылы «Қыз Жібек» спектаклін қойды. Сахнада фольклорлық ансамбль музыка ойнап отырды. Қыз Жібек рөлі бұйырған жас актрисаға психологиялық салмақтың қай тұстан түсерін дөп баса білетін Әзірбайжан Мәдиұлы: «Төлеген өлді дегенде Қыз Жібектің зары шықпаса, ол спектакль жоқ деп есептей беріңдер, онсыз «Қыз Жібек» шықпайды!» – деп бір ауыз сөзбен айқындап берген. Айнұр репетицияда құсалы арияны айтқанда бірінші қатарда отырған Әзірбайжан Мәдиұлы көзінен жас шығып, жылады. Режиссер: «Вот это уровень!» – деп екі қайталап айтып, Айнұрдың қолынан қысып-қысып қойды. Ең үлкен қошемет. Арада 20 жыл өтсе де, осы көрініс жас актрисаның көз алдында сақталып қалды. Әзекең Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы желісімен жасалған инсценировкада Айнұрға Ақбала рөлін сеніп тапсырды. Айнұр бұл рөлін әлі күнге дейін сағынатынын айтып қалды. Сахнадағы әріптестері – Тілектес Мейрамов, Шәміл Жүніс, Кеңесбай Нұрланов, Нұрай Танабаев, Ғани Құлжанов, Сырым Қашқабаев. Ш.Айтматовтың қос туындысы – «Ғасырдан да ұзақ күн» және «Ана – Жер-Ана» спектаклінде қос кейіпкер – Зарипа күйеуі халық жауы деп ұсталған мұңлық болса, Әлиман – соғыс әйелдік бағын ұрлап, жанына қасірет салған жас келіншек. Халық артисі Гүлжан Әспетовамен сахнада әріптес болу жас актриса үшін үлкен бақыт. Сахнада да ұстаз бола білетін адамдар иіріміне тартып әкетеді, тәлім-тәрбие береді. Бұл спектакльде залдан бір апа: «Мынау менің шешем ғой!» – деп егіліп жылағанын көз көрді. Әзірбайжан Мәмбетов қойған В.Дельмардың «Баянсыз бақ» пьесасында Айнұр Роданы, сосын Кораны ойнады. Оның қазақ театр өнерінің мэтрі Мәмбетовтың мектебінен өткенде айқын байқағаны, ол кісінің спектаклі ешқашан құлдырамайды. Шебер режиссердің стилі тасқа басқан таңбадай көрініп тұрады, әр мизансцена өмір сүреді. Режис-сураның күші деп осыны айтса керек. Әзірбайжан Мәдиұлы сөзге шешен көсіліп сөйлейтін кісі емес, ишарамен көрсетеді. Әзекеңнің аттай 8 спектаклінде ойнаған Айнұр режиссердің көзқарасымен алғанда кәсіби жетістігі даусыз, соның бесеуінде басты рөлдерді өзіне сеніп тап-сырылуының өзі қандай мәртебе! Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясында Айсұлу рөлін алды, спектакль музыкаға, биге, әуенге толы ойнақы шықты. Айнұр тұңғыш ұлымен үйде отырған. Режиссер-ден «Бес күннен соң спектакльде ойнайсың» деген жедел хабар жетті. Ойнап жүрген актриса басқа қалаға сапарға кеткен. Актер қауымы мұндайда: «Вводқа түскенше отқа түскен жақсы», – деп мәтелдейді. Бес айлық баламен рөл жаттауына Нұркен көмектесті, сөзін бірге жаттайды. Екі күн репетиция. Оқыс рөл бұйырса актердің басқа қыры ашылуы мүмкін. Негізі авантюра сияқты біртүрлі қызық. Театрға алғаш келгенде жастар жағы сахнаның сыртында үлкен актерлердің әр қимылын қалт жібермей бақылап отыратын. Айнұрға біртекті рөлдер емес, әртүрлі амплуадағы рөлдер, бір-біріне ұқсамайтын күрделі мінездер бұйырыпты. Әзекең Антон Чеховтың «Ваня ағай» атты драмасын қоярда Айнұрға Соняны ойнайсың дегенімен, екінші балаға аяғы ауыр, рөл бұйырмады. Режиссер Стринбергтің «Фрекен Жюли» атты драмасын қоймақ еді, денсаулығы сыр беріп, сахналауды тағдыр жазбады.

Әзекең Мұрат Насипов пен Айнұр екеуіне басты рөлді бермек ойы болған. Қалибек Қуанышбаев театры сахнасында Айнұр Бермұхаметованың шығармашылық қоржынына әртекті амплуада тамаша рөлдер түскен: Э.Флоримон, «Түлкі бикеш» – Дениза; М.Файзи, «Башмағым» – Сәруар, Мольер, «Скапеннің айласы» – Зербинетта; Мүсірепов, «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Мәрзия; М.Әуезов, «Қарагөз» – Ақбала, «Абай» – Әйгерім, М.Хасенов, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» – Зауре, Бану, Р.Баяджиев, «Аршын мал алан» – Гүльчахра, Э.Хушвақтов, «Қызыл алма» – Саида-Бану, Е.Жуасбек, «Антивирус» – Гульчетай, Ж.М.Шевре, «Ізгілік формуласы» – Жанн және тағы да басқа. Айнұрдың табиғи дарыны музы-калық комедияларда жиі ашылды.

Әйгілі сахна шебері Асанәлі Әшімов қазақ тіліне Әбіш Кекілбаев аударған Макс Фриштің «Дон Жуанның думаны» атты комедиясын қойды.

Ерлі-зайыпты Нұркен Өтеуілов пен Айнұр Бермұхаметова Дон Жуан және Донна Эльвираны ойнады. Иоганн Штраустың әйгілі «Жарқанат» опереттасын «Жұбайлар жұмбағы» атауымен режиссер Нұрлан Жұманиязов нәзік иірімдерін тап басып, ешкімнің ойына келмейтін нәрселерді, музыканы терең сезініп қойғанда сахнаға Нұркен мен Айнұр қатар шыққан.

Асанәлі ағаның Айнұрға құрметі ерекше. Айнұрдың айтуынша, актер әуелі премье-раны аңсайды, ол біткен соң репетицияны сағынады. Неге аңсайды? Себебі өтіп кеткен ойынның барысы қызық.

Қазақ дүниетанымында дүние жалған, бақ алдамшы екенін ақын жыры растайды:
«Ернім емес,
Ет жүрегім кезеріп
Жоқ сусынға шөлдеппін.
Бізге неге баянсызды аңсаттың,
Е-ей, есі бар Құдіре-ет?..»
(Мейірхан Ақдәулет).

Театр өнері өшпес құдірет – текті сұлулыққа тағзым.
«Өлеңнің қонғандығы пірден болар,
Пір түссе, пері жүрек дүрден болар» (Ерлан Жүніс). Басқа өнер қонған соң өмірдің мәні биік өнерге жіпсіз байлануы заңдылық. Артист қауымы сахнаға көздері жұлдыздай жарқырап шыға келгенде буырқанған энергетика, шалқыған шабыт залдағы көрерменге шұғыладай тарайды, таңдануға құштар жүректерге сәулесін шашады. Айнұр Бермұхаметова талант өлшемі өз алдына, өте еңбекқор, энер-гетикасы күшті актриса, оның әр рөлге ене білуінде қапы жоқ.

Театрдың алтын арқауы – әдебиет. Айнұр 1998 жылы Оралхан Бөкей көркем оқу-ларының республикалық байқауында III орын алды. Келер жылы республикалық «Шабыт» фестивалінің «Эстрадалық вокал» атауында дипломант атанды. 2001 жылы осы номинацияда II орын алды.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбек француз драматургі Жан Ануйдің «Бозторғай» атты драмасын «Жалын жұтқан Жанна д’Арк» атауымен сахналады. Қойылым туралы үш жыл бұрын айтылды. Айнұр бұл рөлді аңсап, зерттеп, ізденіп жүрді, ұлы инквизицияның заңдылықтарын білді. Мистикалық жағы көп. Актриса бұл спектакльге жан-тәнімен берілді. Іштей дайын болатын. Бірінші оқылудан соң-ақ әр көрініс көз алдында тұрды. Отан қорғау жолында жанын пида еткен Францияның ұлттық батыры, XV ғасырда өмір сүрген Жанна д’Арк туралы Шиллер «Орлаен қызы» атты трагедия жазды. Вольтер сатиралық пародиялық поэма жазды. Бернард Шоу «Қасиетті Иоанна» атты ұлы тұлғаның тарихи рөлін ардақ тұтқан пьеса жазды. Премьерадан 10 күн күн бұрын спектакльді тапсырды. Үлкен театр сыншысы Әшірбек Сығай шәкірттерімен келіп, жақсы пікір айтты.

2014 жылы Орталық Азия елдерінің V Халықаралық театр фестивалінде «Жалын жұтқан Жанна д’Арк» қойылымы Гран-приді, ал басты рөлді ойнаған Айнұр Бермұхаметова «Үздік әйел рөлі» атағын жеңіп алды. Мәскеуден келген театр сыншысы: «Мен көптен мұндай актриса көрмедім. Қазір жан ұғымы жоғалып кетті. Өйткені театрда техникалық тәсілдерді жиі қолданады», – деді.

Әлімбек Оразбек «Айман-Шолпан» комедиясын өзгеше форматта, эксперимент ретінде жаңашылдықпен қойды. Көрермен сүйіп қабылдады. Спектакльді Қарағандыға алып барғанда қазылар алқасында отырған Болат Атабаев Теңге рөлін еншілеген Айнұрдың ойынын «Ричард Гир в женском обличьи» деп бағалады. Марқұм Әшірбек аға осы спектакль болған сайын келіп көре беруден еш жалықпайтын.

Әшірбек ағамен «Шабытта» бір кафедрада жұмыс істеді. Цигарелидің туындысы барша театрда «Ханума» атауымен жүріп жатады. «Гамарджоба» деп атауын өзгертті, спектакльді Ерсайын Тәпенов қойды.

Айнұрға Ханума бейнесі тигенде кәдімгідей күйзелген. Ханума –жасы келген кемпір. Премьера өтпейінше Ханума рөлін шығара аламын ба деген күмән болды. Осы рөлі үшін Әшірбек Сығай теледидардан Айнұрдың атына арнап мадақ сөзін, шынайы өнеріне, сахнадағы жігер-күшіне, шеберлігіне тәнті болғанын айтты.

Театр түп негізінде адам жанын өмір ауыртпалығынан аздырмайтын айнымас кие іздейді. «Жаннат іздеп жапа шеккен дәруіштей» (Ұларбек Дәлейұлы) сахна өнері дәруіш-тіктің бір метафорасы, актерлік ойын – руханияттың тірі өзегі.

Қазақ сахнасында тұңғыш мюзикл

Астанада ЭКСПО жүріп жатты. Әлемдік басқосуға қатысты бұл оқиғамен қатар Қазақстанда мюзикл жанры алғаш рет сахналанды. Мюзикл театры 2016 жылы ашылды, көркемдік жетекшісі – Асхат Маемиров. ЭКСПО аясында жүрген I Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің басты оқиғасының бірі француз композиторы, сценарист Жерар Пресгурвиктің «Ромео мен Джульетта» атты әйгілі мюзиклінің қазақ тілінде сахналануы болды. Ол продюсерімен бірге келіп, премьераны көрді. 2017 жылдың 22 маусымы күні премьера өтті. Жас артистердің бағы жанған күн. Жарқынай Шалқар, Саламат Мұқашев өнер көрсетті. Сахнада 2,5 сағат ән айту оңай емес. Өте жоғары деңгейде шықты. Айнұр әншілік дарыны бар актриса болған соң «Қазақконцерттің» жетекшісі Асхат Маемиров оны Сүт ана рөліне шақырды. Театр труппасы өте жас. Сайлау Қамиев екеуі ғана ересек.

2017 жылы Асхат Маемиров «Қыз Жібек» атты этно-фольклор-лық спектакльге Айнұрды Төлегеннің анасы Қамқаның рөліне бекітті. Мюзикл театры 2017 жылдың желтоқсанында «ЭКСПО жаңғырығы» деген жобамен «Қыз Жібек» спектаклін Париж, Канн, Брюссель, Вена, Мәскеу сахнасында көрсетіп қайтты. Шетел астаналарында қазақ өнерін өте ыстық қабыл-дады. Спектакльге ортекені қосты. Қазақтың рухани бай халық екені шетелдік гастрольдерде ашыла түседі.

2018 жылдың шілдесінде мемлекеттік «Astana Musical» театры Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Франциядағы шағын Авиньон қаласында дәстүрлі театр фестиваліне қатысып, 8 күн өнер көрсетіп қайтты. Фестивальге жер шарының түпкір-түпкірінен 170-ке тарта театр қатысты. Бұл фестиваль бір жарым ай, таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін үздіксіз жүрді. Фестивальдің жүйесі қызық. Әр театрдың өз уақыты бар. Мұнда күніне бір жарым мыңдай спектакль қояды. Кейбір театрлар бір ай ойнайды. Қазақ труппасына үлкен сахна берді. Люстра, канделябр жоқ. Бірақ сахналық леп, құдірет, кие бар. Жыл сайын қаланың бюджетіне фестивальден мол қазына түседі. Бүкіл Еуропадан туристер, продюсерлер келеді. Көне Грек-Рим амфитеатрын – ашық аспан астында ойналатын театр өнерін жаңғыртқан Авиньон фестиваліне жас қазақ театры үлкен труппамен – 45 адамдық құраммен барып, этно-фольклорлық спектакль көрсетіп, шетелдіктерді шын тамсантты. Дала сахнасы қазақтың өз дәстүрінде бар. «Өз дүниемізді шетелге апарып көрсеткенге жететін ештеңе жоқ екен!» – дейді Айнұр. Қазаққа тән көркемдіктің шынайы салтанат құрған сәті теңдессіз. Жауқазындай үлбіреген әдемі жастар, ұлттық ою-өрнек, әшекей, экзотика, бөгде өнердің беймәлім құдіреті еуропалықтардың көз жауын әбден алғаны айдай анық. Көрермен аудармасыз-ақ түсінді. Бір жұма бойы өнер көрсеткен қазақтардың көрермені мол болды. Әсері ғаламат. Айнұр осы рөлі үшін Қазақстан театр ассоциациясының Ұлттық «Сахнагер-2018» сыйлығының «Үздік актриса» атауын жеңіп алды.

Федра бейнесі

Айгүл Иманбаеваның «А.И.» музыкалық-театр орталығында режиссер Дина Құнанбай Жан Расиннің «Федра» драмасын қойды. Қазақ тіліне аударған – Өтен Ахмет, Федра – Айнұр, Ипполит – әріптесі, Қаллеки театрының дарынды жас актері, «Серпер» сыйлығының лауреаты Олжас Жақыпбек. Өте талантты хореограф Шырын Мұстафина ерекше әдіспен жұмыс жасады. Режиссерлік қолтаңбасы айшықты танылған Дина Құнанбай – Айнұрдың өз шәкірті. Спектакль Қайрат Сүгірбеков атындағы театр фестиваліне қатысып, жүлделі II орынды алды. Федра рөлін ойнауға болмайды, бұл құбылыс актрисаның тағдырына әсер етеді деген ақпарат жүзіп шыққаны қызық. Динаның Айнұрды бір сағат жүгіртіп қойған кезі болды. Режиссер не айтса да, ол жасауға тырысты. Күнде кешкілік сағат 9-дан таңғы 5-ке дейін жұмыс істеген кездер бастан өтті. Алда мерзім тұрса, адам түк шаршамайды екен.

Эсхил, Софокл, Эврипид. Бұл үшеуі антикалық көне дүниенің ең ұлы трагиктері. Сенекадан соң Софокл тудырған «Федра» трагедиясын XVII ғасырда классицизмнің ірі драматургі Жан Расин қайта жаңғыртты. Француз классицизмінің басты жанры трагедия болатын. Католицизмге тән янсенистік бағыттағы монастырьда тәр-биеленген Жан Расин адам тегінің әуелгі күнәһарлығы және оның қатерлі сезімін жеңе алмайтын күйінішін Федра бейнесі арқылы бейнеледі. Бұл – Шығыс пен Батысқа ортақ классикалық сюжет. Өгей ұлына бір көргеннен өлердей ғашық болатын патшайым бейнесі Фирдаусидің «Шахнаме» атты ұлы дастанында бар. Судаба көрікті бозбалаға көзсіз ғашықтықтан туған әкесін ұлына қарсы қойып, Сиявушқа жала жабады. Федра мен Судаба сияқты өктем әйелдер махаббат жолында ештеңеден тайынбайтын құмарлық отына өртеніп өледі. Әдеби әрі сахналық ғұмырбаяны қайталана беретін Федра бейнесін сомдау кез келген талантты актрисаға оңайға соқпайды. Жас режиссер Дина Жұмабай трагедияны пластикалық тілмен жеткізуге тырысты. «Федра» трагедиясын Челябідегі дәстүрлі «CHELоВЕК ТЕАТРА»-ға алып барды. Спектакльден соң ғылыми талдауда тамаша пікірлер айтылды. Сарапшылардың бірі, ресейлік театр сыншысы, өнертану ғылымының кандидаты, философия ғылымдарының докторы Капитолина Антоновна Кукшенова Расинды терең тал-дауымен тәнті етті. Челябідегі театр сыншыларының деңгейі өте биік әрі басқаша. Ол жақтағы сынды, шыны керек, ауыздары ашылып тыңдаған. Ганноверден келген драматург Нина Мазур: «Спектакль өте стильді, актерлер өте дарынды» – деп айтты. Хореографқа мақтау сөз айтылды. Сахнада әдеп сақтағандары үшін қазылар алқасы қазақтарға дән риза болды. «Спасибо, что вы не раздели Федру!». «Атың шықпаса жер өрте» деп фестивальдерде кей сәт небір теріс әрекет, әсіре жалаңаштану көрініп жатады. Челябіден қанаттанып оралған.

2018 жылы Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына арналған Халықаралық эксперименталды спектакльдер фестивалінде «Федра» трагедиясындағы Федра рөлі үшін актрисаға «Үздік әйел рөлі» атауы бұйырды.

Айнұрдың артистік мансабын-дағы әлі орындалмаған арманы – Медея, Мария Стюарт, Эдит Пиаф бейнесін сомдау. Кез келген рөлді ойнау үшін дауыс керек. Құдай талант берсе, оны адам оңынан пайдаланбаса зор несібені жоққа шығарып, Құдайға тән негізді қорлайды. Айнұр өзіне-өзі өте сын көзбен қарайтын өнер иесі. 2015 жылы театр әкімшілігі көрермен қауым арасында ұйымдастырған «Өз актеріңді таны» акциясының нәтижесінде ол «Жылдың үздік актрисасы» атанды. Осы жылы Атырау қаласында өткен Рахымжан Отарбаев драматургиясына арналған Халықаралық театр фестивалінде «Көлеңкесіз жолаушы» спектакліндегі Камила бейнесі үшін «Үздік әйел рөлі» атағын иеленді.

Ақтөбеде, «Балауса» Халықаралық эксперименталды спектакльдер фестивалінде Айнұрға «Үздік әйел рөлі» атауы бұйырды. Халықаралық театр фестивальдерінде актриса үш мәрте «Үздік әйел рөлін» жеңіп алды. 2016 жылы «Жалын жұтқан Жанна д’Арк» спектакліндегі рөлі үшін «Еңлікгүл-2016» кәсіби сыйлығы «Үздік актриса» атауымен Айнұрға бұйырды. Жас театрмен бірге есейіп, өнер ордасында еңбегі жанған Айнұр Бермұхаметова 2016 жылы «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

Кинематографияда Айнұр Бермұхаметова сомдаған рөлдер бір төбе. Дубляж жанрында еңбек етуде. Режиссер Жасұлан Пошанов түсірген Шәмші тұлғасына арналған «Ән аға» атты фильмде Сағыныш рөлін ойнады. Режис-сер Жандос Құсайынның «Сергелдең» фильмінде адасқан әйелдің рөлі. Ресейлік режиссер Светлана Петричук қойған «Ұйқысыздық» сериалы мен «Отель» деген көркем фильмге, Нұрғиса Әлмұраттың «Асыл арман» телехикаясына түсті. Ерлан Нұрмұхамбетов түсірген «Үзілмес үміт» сериалында миллионер әйел Гүлжан бейнесін сомдады. Айнұр Болатқызының «Шабыт» Ұлттық өнер университетінде «Сахна тілі» сөйлеу техникасынан сабақ бергеніне 15 жыл толды. Қазір өз шәкірттері Жанат Оспанов, Жанар Қасымова, Шахмұрат Ордабаев, Айнұр Жетпісбаевалар Қаллеки театрында ұстазымен бір сахнада ойнайды.

Айнұр өзгеріске бейім дене сымбатын бұзбауға күш салады. Ол үшін ең бастысы – отбасы берекесі, балаларының қасында болуын нағыз демалыс санайды. Қолы боста асүйде дәмді тамақ пісірерде «Ютубтан» ас мәзірін іздейтіні бар. Айнұр тұрмысқа шыққалы анасы Гүзәл Фазылқызы бірге тұрады. Анасы қасында болмаса осы жетістіктерге шаршамай-шалдықпай жете алар ма еді?! Кенжесі болған соң сүйікті қызына анасының көмегі мен көзқарасы өзгеше. Апалары анасына: «Осы қызыңды жақсы көресің! Бізден артық көресің!» – деп наз айтып жатады. Ата-ана үлгісі балаға мұрат. Сондықтан Нұркен мен Айнұрдың балалары да өнер жолын таңдады.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз