Өтпелі жас – бала үшін де, ата-ана үшін де қиын кезең. Өйткені бұл кезде жасөспірімнің психологиясында көп өзгеріс болады. Баланың өтпелі кездегі мінез-құлқы, басқа да әрекеті оның ересек өміріне әсер етуі мүмкін. Жақында осы тақырыпта дәрігер-терапевт, психолог Айгүл Махатовамен әңгімелестік. Ол бізге
өтпелі жаста баланың бойында қандай өзгеріс байқалатынын және осы кезде ата-ана балаға қалай көмектесе алатынын айтып берді.

Өтпелі кезең деген не?

Өтпелі кезең деп жасөспірімнің балалық шақтан ересек өмірге психологиялық
қиындықпен өтуін айтамыз. Бұл кезең қыздармен салыстырғанда ұл балада сәл кешірек болады. Қыз бала үшін 8-13 жас, ал ұл бала үшін 9-14 жас аралығы өтпелі кезең болып есептеледі. Сол себепті бір сыныпта оқыса да, олардың денесінде, психологиясында айырмашылық байқалуы мүмкін. Сонымен бірге, бұл жаста бала жыныстық жағынан да жетіледі. Оны пубертат кезең деп атайды.

Өтпелі кезеңде баланың бойында қандай өзгеріс байқалады?

Бұл кезде бала көп өзгеріске ұшырайды, психология жағынан қиындыққа тап болады. Айналасындағы адамдармен қатынасы, өмірді түсінуі және қабылдауы қиындайды, ойын ашық жеткізе алмайды. Бір бала ойын ашық жеткізсе, енді біреуі тұйық болады. Бала өтпелі кезеңді қоршаған ортасына, ата-анасына және отбасындағы жағдайға байланысты әртүрлі қабылдайды және бұл кезеңнен олар әртүрлі өтеді.

Баланың өтпелі кезеңнен өтіп жатқанын қалай білуге болады?

Өтпелі кезеңде баланың психологиясы бірден өзгереді. Оны ата-ана байқайды. Баланың мінезі тұйықталып, ашуланшақ болады. Көп нәрсені ұната бермейді, артық сұрақ қойғанды жаратпайды. Оңашада, өз бөлмесінде жеке қалуды жөн санайды. Өміріне араласқанды ұнатпайды. Мектепте достарымен немесе ұстаздарымен келіспей, оны үйге шағымданып айтып келеді. Өтпелі кезеңде бала алғаш рет біреуді ұнатуы мүмкін. Бірақ оны ешкімге айтпайды, жасырады. Өтпелі кезеңді баланың бойындағы осындай әрекеттерден білуге болады.

Бала өтпелі кезеңнен ойдағыдай өтуі үшін ата-ана қалай көмектесе алады?

Қазіргі балалар технологияны жетік меңгерген. Олар барлық жаңа нәрсені ешкімнің көмегінсіз тез меңгеріп алады. Ата-ана балаға тек сабырлы, сенімді болуды үйретуі қажет. Өйткені қазіргі балалар ойға алған нәрсенің бірден орындалғанын, жаңа нәрсенің өзінде болғанын қалайды. Егер айтқандары болмай жатса, бірден көңіл-күйі бұзылып, тіпті, өмір сүргісі келмейтінін айтып жатады. Бұл нәрсе баланың өз-өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін. Оған барлық нәрсенің бірден болмайтынын түсіндіру қажет.

Өтпелі кезең баланың мінезіне, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасына байланысты әртүрлі болады. Кей балада бұл кезең байқалмай, жеңіл өтуі мүмкін. Мінезі ашық-жарқын, көпшіл, адамдармен тез тіл табыса алатын балаларда өтпелі кезең басқаша болуы мүмкін. Ал айтқанынан қайтпайтын, тұйық, қырсық балаларда өтпелі кезең проблемаға айналуы мүмкін. Өйткені ол өзінің бойындағы ерекшелігін, мінезін көрсетпей тұра алмайды. Егер ата-ана баланың пікірімен санаспаса, оның пікірін сыйламаса, бұдан бала ойын ашық айтпайтын әрі көп сөйлемейтін болады. Мұндай ата-ана да бар. Қазір ата-ананың көбі жұмысбасты, балаға дұрыс көңіл бөле алмайды. Онымен сөйлесуге, қыдыруға, сырласуға уақыт таба алмайды. Сол себепті бала өз проблемасын ешкімге айта алмайды. Содан бала тұйықтала береді. Баланың бізге қаншалықты қымбат
екенін сезіндіру маңызды. Ата-ана, мектептегі ұстаз, үйдің үлкендері баланың жетістігін, жақсы қасиетін айтып, оның бойындағы сенімділікті оятуы қажет. Өйткені сенімді бала әрдайым ашық, батыл болады. Кез келген ортада өзін сенімді ұстайды.

Ата-ана баламен сөйлесіп, өзінің басынан өткен оқиғаларын, қызығы мен қиындығын әңгімелеп беруі керек. Сол кезде бала мұндай нәрсенің өзінің басынан ғана өтіп жатпағанын, ата-анасының да, басқалардың да мұндайды бастан кешкенін және оның өтпелі екенін түсінеді.

Мұндай кезде ата-ана өте сезімтал әрі жауапты болуы керек. Баланың басындағы жағдайды олар сезіп қана қоймай, оған көмек беруге ұмтылуы қажет. Бірақ баланың намысына тиіп, абыройына нұқсан келтіруге болмайды. Бала өзінің басындағы проблеманы үлкендерге бірден айта қоймайды. Сондықтан оны түрлі тәсілмен сұрауға болады. Баламен шынайы дос болып, оның құпияларын сақтау қажет. Оны үйге келген қонақтарға, басқа да адамдарға айтқаныңызды бала байқап қалса, одан әрі тұйықталып кетеді. Ата-анаға сенбейді. Мектептегі мұғалімдер де баланың бойынан қандай да бір өзгерісті байқаса, бірден ата-анасына айтып отыруы керек.

Мейірман
ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз