Бокстан жасөспірімдер арасындағы Нанкин Олимпиадасының чемпионы,  ересектер арасында әлем және Азия чемпионатының жүлдегері атанған Абылайхан Жүсіпов осы күні «қазақтың салмағы» саналатын 69 келінің көшбасшысы. Елімізде VII рет өтейін деп жатқан Президент кубогының қарсаңында 22 жастағы талантты боксшымен кездесіп, сұқбаттасып қайтқан болатынбыз.


Абылайхан, әңгімемізді Президент кубогына дайындықтан бастасақ.

– Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай. Дайындық жақсы жүріп жатыр. Жаттығуға қажеттінің барлығы жеткілікті. Бапкерлеріміз қасымызда, шетелден келген боксшылар бар. Солармен бірге спарринг өткізіп, алдағы додаға қызу дайындық жасап жатырмыз.

Ақпан айында Болгарияда өткен «Странджа» халықаралық турнирінің финалында бокстасқан жоқсың. Бұған не себеп болды?

– Жартылай финалдағы кездесудің бірінші раудында қолымды сындырып алған болатынмын. Сол себепті финалға шыға алмадым. Дегенмен, сол жекпе-жекті соңына дейін жеткіздім және қарсыласымды ұттым. Қазір бәрі жақсы. Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаевтың бақылауымен астанамызға қаласына келіп, осында емделдім.

– Абылайхан, өзің туралы ең алғаш 2013 жылдары ести бастадық. Ол жылдары 57 келіде жұдырықтасып жүретініңді білеміз. Ал қазір 69 келіге көтерілдің. Салмақ тұрақталды ма?

– Қазір салмағым бірқалыпты. Жастардан ересектерге 60 келіден ауысып келдім. Сосын 64 келіде жұдырықтастым. Алғашында салмағым жетпейтін. Олимпиада ойындарынан  кейін керсінше болды. Қазір 69 келіде салмағым тұрақталды. Өзіме өте ыңғайлы.

 – Жастар арасында барған жарыстарының көбінде бірінші орынмен қайтып жүрдің. Ал ересектер арасына ауысқанда бәрі бірден сәтті басталды деп айтуға келмейді. Осындай кезде жеңіске әбден үйреніп қалған спортшыға психологиялық тұрғыдан ауыр емес пе?

– Әрине, қиын болды. Бірақ бірінші кезекте өз-өзіңді жеңе білуің керек. Қателік жібергенінді мойындауға тиіссің. Сондай-ақ осындай жеңілістер кейде ширап, қайта тұруға күш береді. Бір ұтылған бала аш болады. Жалпы, шама келгенше жеңілмеген дұрыс қой. Спорт болған соң, екеуі де болып тұрады. Бастысы, жеңілісті де өз пайдана шеше білуің керек деп ойлаймын. Яғни қателіктен сабақ шығару міндет. Жеңілген кезде кінәні басқа біреуден емес, өзіңнен іздеу қажет.

– 2013-2014 жылдары жастар арасындағы барлық ірі доданы ұттың. Ал ересектерге өткенде қобалжу болды ма?

– Қобалжу болған жоқ. Өйткені, жасөспірімдер мен жастар арасындағы біраз беделді жарысты ұтып, тәжірибе жинадым. Бұл жерде ересектер арасына өткенде сүйек қатаймағаны әсер етті. Басында қиындық тудырды. Сол кезде бас бапкер Мырзағали Айтжанов сақтап қалды. Әйтпесе, менің салмағымда Самат Бәшенов, Алмасбек Әлібеков, Ғани Жайлауов секілді мықтылар болатын. Солардың арасынан 64 келіде суырылып шығуға тырыстым. Көзде от, алға қойған мақсат болды.

– Абылайхан, сен туралы әңгіме қозғалғанда, «әр жекпе-жегінен кейін талдау жасап, қателіктерінен қорытынды шығара білетін боксшы» деп айтып жатады. Бұл қаншалықты рас?

– Әлбетте, әр кездесуден соң талдау жасаймын. Бұл тек жеңілген кезде ғана емес. Жеңген сәтте де қателіктер кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай талдау міндетті түрде қажет деп санаймын. Қандай соққылар жақсы өткенін қарап, оны дамытуға тырысамыз.

– Қазір әуесқой бокс өзгерген тәрізді. Бұрынғыдай «билеп жүріп» жеңіп кету осы күні қиындап барады. Осы тұрғыдан алғанда тактикалық тұрғыда стильге өзгеріс енгізу ойда бар ма?

– Аға бапкерлер тарапынан өзгеріс бар. Олар жаттығу жиыны, дайындық методикасына өзгерістер енгізіп жатыр. Осы күні күшке көбірек көңіл бөліп жатыр. Физикалық әлеуеттен бөлек, техника мен тактика да қажет. Сондықтан оларды да ұмытпауымыз керек. Бір боксшының бойынан осының барлығы табылса, керемет деп ойлаймын. Сол үшін аянып жатқан жоқпыз.

– 69 келіде әлемде кімдерді қауіптенесің? Басты қарсыластарың кім?

– Рио Олимпиадасынан кейін өзгеріс бар. Бұрынғы көшбасшылар кәсіпқой боксқа ауысып кетті. Дәл қазіргі таңда нақты мынау менің басты қарсыласым деп айта алмаймын. Соңғы әлем чемпионатынан кейін де жүлдегерлердің көбі кәсіпқойды таңдады. Қыркүйекте Ресей әлем чемпионаты өтеді. Екатеринбургте барлығы өз орнына келетін шығар деп ойлаймын.

– Басында Данияр Елеусіновпен, одан кейін Садриддин Ахмедовпен салыстырды. Ал қазір Асланбек Шымбергенов екеуінің қайсысы мықты деген сұрақ біраз жұртты мазалайды. Осындай салыстырулар шаршатпай ма?

– Бәсекелестік әрқашан болды, әлі де жалғаса береді. Бір жағынан оның да пайдасы бар. Артынан біреудің келе жатқанын білген соң, босаңдық танытпауға тырысасың. Мен осы салмақтың көшбасшысымын деп еркінсіп кетпейсің.Әрине, психологиялық тұрғыдан қысым болатынын да жасырмаймын. Жанкүйерлер мұндай салыстыруларды жақсы көреді. Бәрі өз орнымен болса, оған қарсы емеспін.

– Сенен кейін жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған боксшы Садриддин Ахмедов еді. Екеуің бір салмақта әрі жастарың да шамалас болған соң өзара кездесулеріңді күткендер баршылық. Бірақ ол кәсіпқой боксқа ауысып кетті. Бұл жөнінде Садриддинмен сөйлесіп көрдің бе?

– Оны бұрыннан білемін. 2011 жылы бала кезімізде оқу-жаттығу жиынында танысқанбыз. Содан бері танимын. Бірге өстік деп айта аламын. Бірақ ол жылдары оның салмағы менен төмен болатын. Сосын салмақты тез жинай бастады. Өзінің денесі де ірі. Садриддин әуесқой бокста қалғанның өзінде 69 келіде жүрмес еді. Кемі 75 келіге ауысатын еді деп ойлаймын. Себебі, оған бұл салмақты ұстап тұру қиын. Ол ересектерге 69 келіден ауысып келді, ал мен 64 келіден ауыстым. Меніңше, оған Канада жақтан жақсы ұсыныс түскен тәрізді. Ондай мүмкіндік болғанда көбі пайдаланып қалады.

– Андрей Райш ашқан Абай қаласындағы атақты бокс залы да ескіргені байқалады. Бұл жағы жүректі ауыртпай ма?

–  Абайдағы бокс мектебінен Бақтай Сәпиев пен Олег Маскаев, аға­йынды Аманбаевтар, Серік Нұрқазов, Данияр Мұңайт­басов, Наталья Рагозина, Серік Сәпиев бастаған талай дүлдүл шықты. Көз үйреніп кеткен болар, өзіме ыстық көрінеді. Жақында қалада жаңадан зал салынды. Бірақ өзім қандай жаңа кешен салынса да, бұрынғысында қалғым келеді. Соған бауыр басып қалыппын. Қарашаңырақ секілді, көз әбден үйреніп қалған. Кіргеннен атмосферасы бөлек. Спортшыға бокс залындағы терінің иісінің өзі ыстық болады.

– Бір кездері Қарағанды боксының атағы аспандап тұрды. Соңғы жылдары ұлттық құрамада осы өңірден өзіңнен басқа көп ешкімді байқай бермейміз. Бұған не себеп?

– Рас айтасыз. Осы жайтқа өзімнің де қарным ашады. Әсіресе, ересектер арасында әлсіздеу болып тұр. Нақты себебін де білмеймін. Негізгі проблеманы бізге қарағанда бапкерлер біледі. Дегенмен, жастарға сенемін. Бізден кейін де жақсы талантты балалар өсіп келеді. Қарағанды боксын көтеретін сол балалар болады деп ойлаймын.

– Кәсібі спортшы үшін оқу жағын алып жүру қиын. Өзің жоғары оқу орнын бітіріп үлгердің бе?

– Былтыр Қарағанды экономикалық университетін бітіргенмін. Жергілікті және мемлекеттік басқару бойынша тәлім алып шықтым. Бакалаврмен шектеліп қалмай, осы күні сол университеттің магистратурасында оқып жатырмын. Мамандығым – менеджмент. Әрине, спорт пен оқуды алып жүру қиын. Осындай сәтте біздің спортшы екенімізді түсініп, қолдау көрсетіп отыратын ректорымыз Ерқара Аймағамбетовқа алғысым шексіз. Сол кісінің арқасында 4 жыл оқып шықтық.

– Қолың қалт еткенде бокстан өзге немен айналысасың?

– Жүзуді жақсы көремін. Абайдағы достарыммен бірге үстел теннисін ойнап тұрамын. Үйде әдеби кітаптар оқимын.

– Соңғы кездері қандай кітап оқып жүрсің?

– Осы күні әдеби кітаптарды сәл ысырып қойып, спортқа байланысты психологиялық кітаптарды оқып жүрмін. Психологиялық кітаптардың арасында қазақшасы өте аз. Көбі орыс тілінде.

– Футболшылар матч алдында музыка тыңдағанды жақсы көреді. Ал боксшылар маңызды кездесу алдында не істейді?

– Жарысқа дейін ойыңды басқа тақырыптармен бөлген дұрыс. Әйтпесе, тек жекпе-жектер туралы ойлай берсең қиын. Жанынды босқа жеп қоясың. Сондықтан кітап оқып, кино көреміз. Ал жекпе-жектің алдында рухты оятатын музыкалар тыңдаймын.

– Жерлесің әрі ағаң ретінде Серік Сәпиевпен салыстыратындар көп. Өзің кімге еліктеп өстің?

– Негізі барлық боксшының стилін қарап отырамын. Өзіме керек тұстарын аламын. Бала кезден Серік Сәпиевке қарап өскенмін. Азамат және спортшы ретінде де сыйлаймын, құрметтеймін.

– Жалпы, боксқа қызығушылық қашан басталған еді?

– Алғаш жеті жасымда бардым. Негізі ол тұста біраз спорт түрін бір көріп шықтым. Әкем бокспен айналысқанымды қалады. Сөйтіп, бокс залында тұрақтап қалдық. Кейіннен бұл спорттың қызығына кіріп кеттім. Аға бапкерлер білгендерін үйретіп, осы спорт түріне жол сілтеді. Боксшы болуыма ата-анам қолдау көрсетті.

– Бокс сен үшін не?

– Бұл сұрақ туралы ойламаппым. Бірақ бокс мен үшін өмірімнің бір бөлшегі. Ойым да, басқасы да, барлығы бокспен байланысты. Бокс – кәсіп те, сүйікті хоббиім де болып тұр.

–Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен
Бек Төлеуов
Сурет интернеттен алынды

Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз