Газетімізде «Жырақтан білім іздесең…» деген айдар бар. Бұл айдардың кейіпкерлері – шетелде оқып, білім алып, қоғамды өзгертуге талпынатын қазақ жастары. Осындай кейіпкерлермен әңгімелескен соң өзіміздің де шетелде оқығымыз келіп кетеді. Олардың еркін ойлайтыны, ойын ашық жеткізе алуы, жаңалыққа құштарлығы ұнайды. Ал бүгінгі кейіпкеріміз тіпті ерекше. Ол өзінің Отанын шеңберге салып, шекарамен өлшемейді. Табаны тиген жердің барлығын Отан деп біліп, Жердегі жақсы адамдардың бәрін бауыр санайды. Ол – теңізге ғашық. Оның аты-жөні – Файзулла Төлтай. Қазір Түркия Республикасы Денизли қаласындағы Памуккале университетінде оқиды. Оның бізге баяндап берген әрбір оқиғасы қызық.

Балаларға ғашық болуды үйрету керек

Ұлан: Түркияда оқығаныңа екі жылдан асыпты. Қазақстанды сағынып жүрсің бе? Негізі қай өлкенің тумасы едің?

Файзулла Төлтай: Кейде туған жерім, кіндік қаным алғаш тамған топырақ жайлы еміреніп айта алмайтыныма іштей қынжыламын. Әсілі біз «Күн – байрағымыз, көк – шатырымыз» деген ұлы Көктүріктің ұрпағымыз ғой. Сол үшін табаным тиген жердің барлығы менің Отаным деп есептеймін. Жер дүниені белгілі бір шеңберге салып, шекарасын сызып, көлемін өлшеп, «осы жер ғана менің Отаным» деп айтқым келмейді. Бірақ, бүкіл әлемді Отан санасаң да, туған жерің сол шеңбер мен шекараның ішінде екенін мойындауға тура келеді екен.

Негізі Жаңатас қаласында өстім. Бірінші сыныпты бітіре салысымен Тараз қаласына көшіп кеттік. Содан бері туған қалама студент кезімде бір-ақ рет шарамен барып қайттым. Туған қалам туралы естеліктер де есімде жоқ. Тараз қаласына келгенде бір жағынан мектепте орын болмағандықтан, бір жағынан жасым жетпегендіктен мектепке қабылдамай қойды.

«Оқуға барам!» деп подъезді басыма көтеріп жылайтыным есімде. Себебі, менімен бірге ойнайтын көрші үйдің баласы үнемі «сабаққа кеттім» деп мені тастап кететін. Мен жылай берген соң арнайы комиссия құрылып, емтихан тапсырып, мектепке қабылдандым. Нәтижесінде көрші баламен мектепке бірге барып, бірге қайтып, бірге ойнайтын болдық.

Ұлан: Мектептегі оқу бағдарламасына көңілің тола ма? Қандай оқушы болдың?

Файзулла Төлтай: Тараз қаласына көшіп келгеннен кейін бірнеше мектеп ауыстырдым. Соған қарамастан үлгерімім жақсы болды. Сабаққа келгенде анам өте қатал еді. Барлық жұмысын тастап, менің сабағымды оқытатын. Мектепте сәл тентектеу болсам да, сол кісінің арқасында мектепті жақсы аяқтап шықтым.

Мектеп бағдарламасына келер болсақ, жүйеге сын айтатындай деңгейге жетпедім деп ойлаймын. Дегенмен, біздің балалар, жас ұрпақ эксперимент жасайтын құрылғы емес екенін ескерсек екен деймін. Оқу жүйесінде жиі жасалатын өзгерістер мен реформалар балаларға білім беруге кедергі келтіретін сияқты. Өз өмірімнен қарапайым ғана мысал келтірейін. Оқушы күнімде физика және химия пәндеріне қатты қызығатынмын. Физика мен математика дәрістері тереңдетіліп оқытылатын сыныпта оқыдым. Бірақ, сегізінші сыныпта химиядан бір тақырыпты түсіне алмағаным үшін келесі тақырыптарға ілесе алмай қалдым. Ақырында сол тақырып үшін сабақты да ұнатпай кеттім. Бәлкім, сол кезде бір сабақты жіберіп алмағанда, зейін қойып әрі қарай түсініп кеткенде, қазір физик әлде химик болар ма едім, кім білсін?

Міне, көрдіңіз бе, бір ғана тақырыптың өзі адамның өмірінде үлкен рөл атқарады. Сондықтан оқушы кезіңде әр нәрсені жіті бақылап, қадағалау керек.

Егер бала бір нәрсені жақсы көрсе, соған шынымен ынтық болса, оған жетуге өзі-ақ талпынады. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп жатамыз. Егер осы сөз рас болса, әуелі оқушыларға кеме жасауды немесе жүзуді емес, теңізге ғашық болуды үйретуіміз керек. Сосын бір сәт шетке шығып қараңызшы, олар сол теңізге шығу үшін кемелердің неше түрлі шедеврін жасайтын болады.

Басқа адамдардың өмірінен сабақ алып үйреніңдер

Ұлан: Мектеп бітіруші түлектер мен талапкерлерге қандай кеңес берер едің?

Файзулла Төлтай: Мектеп бітірген соң Тараздағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы университетке филология мамандығына оқуға түстім. Желкесін күн тараған толқындар сынды шауып жүріп ол оқуды да бітірдік. Студенттік жылдарымда бір де бір рет осы мамандықты, осы оқу орнын таңдағаным үшін өкінген емеспін. Талапкерлерге айтарым – жүрегіңді тыңдау керек. Болды.

Қазір қоғамда құндылықтар өзгеріп тұрған шақ қой. Әркімнің өз құндылығы тәрбиесінде, жүрегінде. Егер сонымен өмір сүрсең, бақытты боласың. Оны таппасаң немесе өзгертуге тырыссаң, қиналып өмір сүресің. Ал өткен шақтың өкініші деген өте қиын нәрсе. Толстой айтпақшы, «Басқа адамдардың өмірінен сабақ алып үйреніңдер. Себебі өз өміріңнен сабақ алу үшін ол өмір өте қысқа». Айналамыздағы адамдардың қателерінен дұрыс шешім қабылдай білсек, ол да адам үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Әйтпесе мамандық таңдауда оңбай қателесіп, қазір дүниенің қай бұрышына сыярын білмей жүрген адамдарды жиі көреміз. Ондай қиындықты ешкімге жазбасын.

Ұлан: Қазір Түркияда оқып жатырсың. Бұл таңдауға не себеп болды?

Файзулла Төлтай: Алғашында Ресей мен Чехиядағы оқу орындарына тапсырдым. Чехиядан көңіл көншітерліктей жауап келмеген соң, бар үмітім Ресейде болды. Бір қызығы, күтпеген жерден Түркияға түсуге мүмкіндік туды. Айналасы бір айдың ішінде Анадолыдан бірақ шықтым. Биыл Түркияда оқығаныма екі жыл болды. Тюркология мамандығы бойынша оқуымды жалғастырып жатырмын. Түркі дүниесіне біртабан жақын болғым келді. Жарты әлемді жаулаған бабаларымның асқақ рухын сезінгім келді. Түркияны таңдауымның себебі де осында шығар.

Ұлан: Қазақстан мен Түркияның оқу жүйесінде қандай айырмашылық пен ұқсастық бар?

Файзулла Төлтай: Екі елдің білім беру жүйесінде үлкен айырмашылық жоқ. Екі елде де балдық жүйе қолданылады. Өмір сүру салты да ұқсас. Қызығы, бұл сұрағыңызда түрік және қазақ деген екі ұлтты салыстыруды сұрап отырған сияқтысыз. Әйтпесе, түбім – түрік деген қазақтардан Түркия түріктерінің не айырмашылығы болуы мүмкін? Тарих толқынына қарасақ, біздің дала мәдениетімізге орыстар қалай ықпал етсе, ол жаққа бірнеше мәдениеттің ықпал еткенің байқаймыз. Соған қарамастан, олар бізді көргенде «Бауырым!» деп еміренеді. «Түркістан – біздің де Атажұртымыз» деп қарашаңырақта қалған қазақты қатты құрметтейді.

Ұлан: Тіл үйренуде қандай қиындықтар кездесті? Қанша тілде сөйлей аласың?

Файзулла Төлтай: Тіл үйренудегі басты қиындық – фобия. Қате сөйлеп қоямын ба деген қорқыныш. Осы қорқынышты жеңген адам ғана тіл үйренуде нәтижеге жете алады. Түрік тілі қазақ тіліне ұқсас, жақын. Сондықтан аса қиын болмады. Қазақстанда ана тілімде, орыс және ағылшын тілінде білім алдым. Түркияда түрік тілін үйрендім. Қазір парсы тілін үйреніп жүрмін.

Ұлан: Қандай жоспарың бар?

Файзулла Төлтай: Қазіргі басты мақсатым – оқуымды аяқтап, елге оралу. Әрі қарай қандай әрекет жасайтыным уақыттың еншісінде.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №29
16 шілде 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз